Әлем • 14 Қаңтар, 2021

Қарабақ түйіні тарқатылып келеді

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян үшжақты кездесу өткізіп, Таулы Қарабақ мәселесін талқылады.

Қарабақ түйіні тарқатылып келеді

Үшжақты кездесу жабық есік жағдайында өтті. В.Путин жиын басталар алдында көп­шілік алдында сөз сөйледі. Ресей президенті Әзербайжан және Армениямен тату көр­ші­лік қарым-қатынасты жақ­сы бағалайтынын, сондай-ақ Әзер­байжан мен Армения тара­пының Ресейдің Таулы Қара­бақтағы атысты тоқтату жөнін­дегі әрекетіне қолдау көрсет­кеніне ризашылығын білдірді.

Ресей президенті 2020 жыл­дың қарашасында жасалған келісімдер рет-ретімен жүзеге асырылып жатқанын және осы әрекеттің Таулы Қарабақтағы шиеленісті Армения мен Әзер­байжан халқының мүддесіне сай, әділ реттеуге мүмкіндік беретініне тоқталды.

Келіссөздерден кейін мем­ле­кет­тер басшылары ортақ мәлім­­демеге қол қойды. Онда Таулы Қарабақтағы инфра­құ­ры­лымдық жобаларды дамыту мәселесі қамтылған. Атап айтқанда, аймақтың эконо­микалық және көлік қатынасы мәселесін шешу үшін жұмыс тобы құрылады. Оған үш елдің премьер-министрлерінің орынбасарлары жетекшілік етіп, 30 қаңтарға дейін кездесуі тиіс.

Жиын аяқталған соң журналистерге сұхбат берген Ильхам Әлиев келіссөздердің жеміс­ті болғанын жеткізіп, Таулы Қарабақ түйіні тарқатылып келе жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, аймақтағы инф­ра­­құрылымды жандандыру мәселесі барлық тараптың мүддесіне сай келеді.

Сондай-ақ И.Әлиев Әзер­бай­жанның Нахичеван автономиялы рес­пуб­­ликасымен тікелей қатынас жасауға мүм­кіндік туғанына ерекше ек­пін берді. Әлиевтің сөзіне қара­ғанда, Армения тарапына да Әзербайжан арқылы Ресей, Иранға шығуына жол ашылады.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян әлі де  талқы­лайтын мәселелердің көп еке­ніне тоқталды. Оның пайымдауынша, атысты тоқтатудың өзі зор жетістік болды. Қазір аймақтағы көлік қатынасын жандандыру күн тәртібінде тұр. Енді Таулы Қарабақтың мәртебесін айқындау қажет.

Естеріңізге сала кетсек, был­тырғы қыркүйекте Таулы Қара­бақ аймағында қақтығыс өр­ші­ді. Әзербайжан мен Арме­ния жағдайдың ушығуына бір-бірін айыптады. Баку мен Ереван ара ағайын елдердің көмегімен бір­неше рет атысты тоқтату туралы келісімге келген. Бірақ көп ұзамай қақтығыс қайта жалғасты.

Ақыры Ресейдің араға түсуі­мен Армения мен Әзербай­жан соғысты тоқтату жөніндегі келі­сім­ге келді. Сөйтіп 10 қараша­да 44 күнге созылған қақтығыстың нүктесі қойылды.

Келісімге сәйкес, Әзербай­жан соғыс кезінде азат еткен Таулы Қарабақтың бір бө­лі­гін және Армения басып ал­ған 7 ауданды өзіне қай­тар­­д­ы. Армения аумағынан Әзе­р­бай­­жанның негізгі терри­то­рия­сын Нахичеван аумағы­мен жалғайтын дәліз берілді. Соны­мен қатар Таулы Қара­бақты Армениямен байланыстыратын дәліз құрылды.