Қоғам • 14 Қаңтар, 2021

Қаламгер һәм баспана жыры

663 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақын жігіт аңыратып өлең оқып отыр:

«...Жүрген шығар бақыт

мені таба алмай,

Мекенжайым болмаған

соң тұрақты».

Қазақ поэзиясында өлмейтін екі тақы­рып болса, оның біреуі махаббат, екіншісі баспана жыры шығар деп әзілдедік оған. Кейін кең сарайдай үйге кірді ол ақын, бірақ өлеңдеріне қарасақ, бақытты әлі іздеп жүрген сияқты.

Қаламгер һәм баспана жыры

 

Нұр-Сұлтанның маңайынан үй салғысы келіп, арзан жер телімін іздеп жүрген бір ақын танысымызды қаламдас замандасы: «Адам Жерде жүріп те жер іздейді екен-ау», деп қағытады.

Қаланың көрікті ауданында зәулім үй­дің балконынан үріп тұрған итті көріп: «Дөкейлердің иті болғым келе­ді...» деп жазған ақын да бар. Бұл – енді бас­па­на­сыздықтың зарын әбден тартқан, шарасы таусылуға жақындаған адамның сөзі.

Ақын деген халықтың үнін, мұңын көркемдеп жеткізуші ғой. Баспананы жырға қосса, демек елдегі асқынған әлеу­меттік проблеманы айтқаны. Бас­қа­лар­дың айтқаны бір бөлек те, ақынның айтқаны ерекше естілері һәм бағытталған адресіне дөп тиері хақ! Әйтпесе Қасым ақынның: «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды...» дегені афоризмге айналып кетер ме еді?!

Асқақ дүниелерді емес, кәкір-шүкір әлеуметтік мәселені сөз еттің деп қалам­герлерді кінәлауға әсте болмайды деген ойдамыз. Себебі пәтер деген жай ғана тастан қаланған төрт қабырға емес. Ол бақуатты өмірдің көрінісі, отбасы берекесінің маңызды бір кілті екені түсінікті. Ал ақындар өз проблемасын тілге тиек ете отырып, қоғамның берекесі туралы ой қозғайды.

Біз бүгінгілерді айтамыз, «Шаңы­рағын арқалап көшіп жүрген бұғы мінез бабаларымыздың» өзі алты қанат ақ ордасын жырға қосқаны тегін емес шығар. Әйтпесе, баяғы хан-сұлтандардың заманында өмір сүрген Жиренше шешен:

 «Қайран менің өз үйім,

Кең сарайдай боз үйім», депті деседі күркесінен аяғы сыртқа шығып жатып.

Ақтамбердінің толғауын тыңдасаңыз, онда да:

«Өзенге бие байлатып,

Төскейде орда орнатып,

Төрткілдеп ошақ қаздырып,

Төбел бие сойғызып,

Төменде бидің кеңесін,

Біз де бір құрар ма екенбіз» деп келеді.

Жалпы, бұл баспана мәселесі қазақ қоғамы отырықшы өмірге көшіп, тас қалада тұра бастағаннан бері күшейгені тү­сінікті. Қазақтың ғана емес, жалпы адам­заттың да аңсары сол жайлы баспана, бақуат өмір шығар, бәлкім.

Тәуелсіздік жылдарында қан­шама мемлекеттік бағдарламалар қабыл­данып, миллиардтар құйылып жатса да, мәселенің шешілетін түрі көрінбейді. Шешілмегесін де біздің замандастарымыз:

Анау тұрған зәулім үйдің биігі-ай,

Онда тұрған адамдарға бақ қонған...

Тамсансын деп біз секілді сорлылар,

Таз үкімет сап қойған...

Үкіметтің жоспарында да, жасаған жұмысы туралы есебінде де мін жоқ-ау.
Былтыр осынша миллион шаршы метр үй салынды, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда бәленше миллион шаршы метрге көп деген есебін жұрт жаттап алды. Келесі жылда немесе келесі бес жылға арнаған жоспары одан да жақсы.

Орыстың классик жазушысы Михаил Булгаков: «Квартирный вопрос испортил москвичей» дейді. «Сананы тұрмыс билейтінін» ескерсек, адамды таршылық аздырады. Мәскеуліктерді ғана емес, қа­зақ­тарды да. Бұрын ағайындылардың пәтерге таласып, бір-бірін қаралап жат­қанын тек шетелдік ток-шоулардан көруші едік. Қазір қандастарымыз да сондай бағдарламалардың кейіпкеріне айналды.

Күні кеше мәреге жеткен Парламент сайлауында партиялардың көпшілігі сайлауалды бағдарламасына баспана мәсе­ле­сін енгізіпті. Бәлкім алдағы бес жылда мәселе шешімін тауып жатса, қазақ қалам­герлері баспана тақырыбын жабатын шығар.