«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегі бойынша, карантин салдарынан қалада әсіресе ойын-сауық және демалыс (45 пайыз), туризм (41 пайыз) және халыққа қызмет көрсету (38 пайыз) саласы қатты зардап шеккен. 48 мыңнан астам жұмысшы қысқарған. Бұл шаһардағы қызметкерлердің 14,4 пайызы. 53 мыңға жуық қызметкер ақысыз еңбек демалысына жіберілген. Бұл жалпы қызметкерлердің 15,8 пайызы. Онлайн-сауалдамаға қатысқан кәсіпкерлердің 22,8 пайызы өз қарызын жабу үшін ақшасы жоқ екенін айтыпты. Салық төлемі бойынша сауда нысандарынан түсетін түсім 3-4 млрд теңгеге азайған. Әртүрлі бағалау бойынша қалада саудамен 230 мың адам айналысады. Олардың 70 мыңға жуығы сауда орталығында істесе, 50 мыңы базарда тұр. Жыл соңындағы көрсеткіш бойынша қала қазынасы 100 млрд теңге салықтық түсімдерден қағылды.
Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының дерегінше, 75 мыңға жуық кәсіпкерге 23 млрд теңгеден астам салық сомасын төлеуді кейінге қалдыру көмегі жасалған. «Сонымен қатар 2020 жылға арналған туризм, қоғамдық тамақтандыру және қонақүй қызметтері саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруда қолданылатын салық салу нысандары үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салық ставкаларына «0» коэффициенті белгіленді» деп хабарлады басқарма өкілдері. Локдаун кезінде 1100 кәсіпкер 376 млн теңгеге мемлекеттік нысандарды жалға алу төлемдерінен босатылыпты. 200-ден астам ірі сауда және қызмет көрсету нысандарының жабылуына байланысты 20 мыңға жуық кәсіпкер (сауда және ойын-сауық орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, базарлар) жалға алу ақысын төлемеу мүмкіндігін алған.
Карантиннен кейін 6 мың кәсіпкер жұмысын жалғастыра алмаған. Олар негізінен бұқаралық іс-шаралар (отбасылық, салтанатты және естелік банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар) өткізетін мекемелер. Сондай-ақ караоке, бильярд, компьютер, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, фуд-корттар, балалар ойын алаңдары, жабық аттракциондар, батуттар да жабық тұр.
Сандуғаш Жұмағұлова – қаладағы сауда орталықтарының бірінде жеке кәсіппен айналысады. Ол сауда орталығы басшылығының ешқандай жеңілдік ұсынбағанын айтады.
– Карантинге дейін сауда жақсы болды. Карантин кезінде арендаға төлемесек те, коммуналдық шығындарды төлеп тұрдық. Сол кезде сауда өте төмендеп кетті. Қазір де карантинге дейінгі кезеңмен салыстырғанда табыс нашар. Бізде астробокстар айына 117-120 мың теңге шамасында төлейді. Сауда жоқ екенін көре тұрып сауда орталығы басшылығы ешқандай жеңілдік жасамайды, – дейді ол.
Ал Car City сауда орталығы бұдан әрі онлайн сауданың артуына күш салып, сонымен қоса жалға алушылар санын да көбейтуге мүдделі.
– Төтенше жағдай кезінде Car City сауда орталығының жұмысы толықтай тоқтады. 1-5 шілде аралығында қайтадан жұмыс істедік. Сосын 5 шілдеден бастап 17 тамызға дейін жұмыс қайта тоқтады. Карантин кезінде жалға алушылардың ешқайсысы кеткен жоқ. Бізде 1300 арендатор бар. Сатушы және басқа да адамдарды қоса алғанда 3 мыңнан астам адам жұмыс істеп отыр. Карантин кезінде аренда ақысын алмадық. Жұмыс басталғалы бері уақтылы төлеп жатыр, – дейді сауда орталығының заңгері Динара Бекова. Заңгер карантиннің сауда орталығы жұмысына ауыр тигенін айтады. Бірнеше ай бойы аренданың төленбеуі және банк алдындағы берешектің өсуі орталыққа қаржылық залал келтірген.
– Бізге жеңілдетілген несие өте қажет. Дегенмен дәл қазір төлеп жатқан несиеміз 2024 жылы бітеді. Үкімет сол несиенің сыйақысын субсидиялап берсе үлкен көмек болар еді. Карантин кезінде жалақы азайғанымен, әкімшілік қызметкерлер қысқарған жоқ. Дәл қазір сауда үйінің әкімшілік ресурсында 15 қызметкер жұмыс істейді, – дейді заңгер.
Биылдан бастап сауда үйі әкімдікпен, басқа да органдармен келісіп сауда үйінің аясын кеңейтуді, әлеуетті жалға алушыларды жұмысқа тартуды және CarCity.kz ұлттық маркетплейсін іске қосуды жоспарлап отыр.
Қалалық әкімдіктің ұсынуынша, 2020 жылдың 16 наурызына дейін барлық несие ұйымдары (екінші деңгейлі банк, микроқаржы ұйымдары, ломбард, онлайн несие, т.б.) арқылы берілген банктік займдар мен микронесиелер бойынша халықтың, шағын және орта бизнес несиелерінің негізгі қарызы және сыйақы төлемдері шегерілген. Жалпы 127 млрд теңгеге 360 мың несиелік займды төлеу кейінге қалдырылған.
Ал «Алмалы нан» ЖШС директоры Гүлназ Темешова мемлекет тарапынан ұсынылған ешқандай көмекті пайдаланбағанын, соған қарамастан карантин қиындығынан сытылып шыққандарын айтты. Қазіргі таңда Алматы қаласында «Той дәмі» фирмалық дүкендер желісінің 4 нүктесі бар. Нан, тоқаш өнімдерін шығаратын «Алмалы нанның» өзінде 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Одан бөлек аспаздық өнімдермен айналысатын желісі бар. Ол жердегі қызметкер саны 70-ке жуықтайды. Жалпы алғанда, 200-дей қызметкер еңбек етеді. Әдепкіде қатаң карантин шектеулері компания жұмысына орасан қысым түсірген.
– Адам баласы үшін ең басты ас – нан өндіретін мекеме болғандықтан ТЖ кезінде де жұмысымызды жалғастыра бердік. Жұмысшылардың көбі қаланың шет аймақтарынан келіп істейді. Блок-бекеттердің қойылуы қалаға кіріп-шығуды қиындатып тастады. Қала карантинге жабылған соң, бізге клиент келе ме, келмей ме деген де қауіп туды. Одан бөлек, ұжым ішінде медициналық қауіпсіздікті сақтау үшін де жанталастық. Осындай факторларға байланысты жұмысшыларымыздың 50 пайызға жуығын ақысыз еңбек демалысына жібердік. Қалған жұмысшыларды өз есебімізден қалада қалдырып, мекеме жұмысын жүргізіп тұрдық. Наурыз, сәуір, мамыр айларында сауда 60-70 пайызға дейін құлдырап кетті. Бірінші карантиннен соң ақырындап жағдай реттелді. 2019 жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда бізде сауда 30-35 пайызға құлдырады. Оқушылар, студенттер жоқ, көптеген мекеме онлайн жұмыс істеуге көшті. Осының бәрі сатылымның төмендеуіне әсер етті. Біз жұмыс істеп тұрған мекеме болып саналғандықтан жалға алу құны бойынша бізге жеңілдік жасалмады. Ақысыз демалысқа кеткен қызметкерлер 42 500 теңге алды. Салықтан босатылған жоқпыз, – дейді кәсіпкер.
Шикізат бағасы өскеніне қарамастан, мекеме нан бағасын қымбаттатпаған.
– Өзіміздің шикізат қорымыз бірнеше айға жетті. Әрі қарай жағдай қалыпқа түсті. Карантинге байланысты шикізат бағасы өсті. Алайда сол шикізаттан жасап шыққан өніміміздің бағасын өсіруге батылымыз бармады. Қиын жағдай кезінде қалай қымбат баға қоя аламыз? Оны кім алады? Сосын бізге әлеуметтік нан пісіру жөнінде талап қойылды. Оның бағасы – 80 теңге. Сөйтіп халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына да қолдау жасадық, – дейді ол.
Карантин уақытында «Той дәмі» клиенттер үшін онлайн жеткізу қызметін ұсынбаған. Өйткені мекеме жұмыс істеп тұрғандықтан тұтынушылар өздері келіп, алып тұрған. «Бірақ карантиннен сабақ алып онлайн-дүкен ашып қойдық. Қазір жұмыс істеп, біртіндеп тапсырыстар түсіп жатыр», деді Гүлназ Темешова.
Пандемиядағы шектеу шараларына қарамастан, Алматыда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің оң динамикасы байқалады. 10 айда оның көлемі 719,2 млрд теңгені құраған. Өсім – 17 пайыз. Өнеркәсіп саласында 2020 жылдың 10 айында 826,4 млрд теңгеге өнім шығарылыпты. 928 жұмыс орнын құра отырып құны 36,9 млрд теңгені құрайтын 5 өнеркәсіптік жоба (Hyundai Trans Kazakhstan, Дорхан, Алмерек, Масло-дел, Papirone) іске қосылыпты.
«Жүргізілген сауалдамаларға сәйкес, жыл басынан бері сауда және қызмет көрсету саласында кірістердің төмендеуі 50 пайыз, жұмыс орындарының қысқаруы 30 пайыз, жалақының төмендеуі 20 пайызға дейін жетті. 10 айда Алматыдағы бөлшек сауда айналымы 8 пайызға, көтерме тауар айналымы 14 пайызға төмендеді. Негізгі төмендеу азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша байқалады: бөлшек тауар айналымында 14 пайыз және көтерме айналымдағы азық-түлік тауарлары бойынша 31 пайыз» делінген қалалық әкімдіктің бізге берген мәліметінде.
GSB UIB директоры Мақсат Халықтың айтуынша, пандемиядан Алматы ауыр соққы алды.
– Алматы осы уақытқа дейін донор қала болып келді. Бірақ соңғы 1-2 жылда мемлекеттен де трансферттер алып жатыр. Сауда мен қызмет көрсету саласы қала бизнесінің 86 пайызын құрайды. Ал пандемияның қызмет көрсету саласына қатты соққы болып тигенін ескерсек, карантиннен қала экономикасына орасан шығын келгенін байқаймыз. Ұлттық экономика министрлігі өңдеуші өнеркәсіп саласында 2 пайыз өсім, ал қызмет көрсету саласында 6 пайыздан төмен құлдырау бар деді. ІЖӨ тамыз айында 3 пайыз болды, ал қыркүйек айында құлдырауы сәл де болса тежелді (2,8 пайыз). Осы мәліметтердің өзі-ақ Алматы ахуалының нашар екенін аңғартады, – дейді ол.
Мемлекет карантин кезінде шаруасы шатқаяқтаған кәсіпорындарға 6 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие бермек. Ұлттық банк пен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, қызмет көрсету, өңдеуші өнеркәсіп саласындағы ірі кәсіпорындар тізімін бекіткен. Тәртіп бойынша, бір кәсіпорынға берілетін шекті несие көлемі – 6 млрд теңге. Орта және шағын бизнес үшін шекті мөлшер 3 млрд теңгеден аспау керек болса, жеке кәсіпкерлер 50 млн теңгеден артық несие ала алмайды. Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен агроөнеркәсіп кешені кәсіпкерлері мен ірі кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу үшін қосымша 200 млрд теңге бөлініпті. 200 млрд теңгенің 100 миллиарды агроөнеркәсіп кешені үшін шекті мөлшер болып бекітілген. Оның 70 млрд теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, 30 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілмек. Тізімнің кеңеюіне байланысты бағдарлама атауы кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы болып өзгерген. Бөлінген қаражат 2021 жылдың 31 наурызына дейін игерілуі тиіс. Экономист М.Халық мұның қажетті бастама екенін, алайда сол бөлінген қаржының діттеген мақсатқа жетуі күмән туғызатынын айтады.
– «Аграрлық несие корпорациясы» қызметінде кішкене болса да дұрыс бағыт байқалады. Олар екінші деңгейлі банктер сияқты емес, кәсіпкерлермен тікелей жұмыс істейді. Несиені беру тек банктер арқылы ғана емес, шағын несие ұйымдары арқылы да жүзеге асырылса деген ұсынысты бұған дейін де айтқан едім. Өйткені банктердің талабы да, пайызы да өте жоғары. Пандемиядан қиындық көрген кәсіпкер төлем қабілеті бойынша банк талаптарына жауап бере алмай жатады және компаниялардың кепілдікке қоятын мүлкі де жоқ. Осы жерде Батыс тәжірибесі керек. Кепіл ретінде мемлекеттің өзі шығуы керек. Егер кәсіпкер салығын уақтылы төлеген, жақсы қызмет көрсеткен болса неге оған мемлекеттің өзі кепіл болмасқа? Үкімет жеңілдетілген несиені осылай жеткізсе жөн болады. Ал банктер мүлкі жоқ кәсіпкерге несие бермейді. Сөйтіп бөлінген ақша тиісті межеге жетпей жатады. Жаздағы мәлімет бойынша, ШОБ-қа бөлінген 1 трлн теңгенің 40 пайызы ғана игерілген. 600 млрд теңге кәсіпкерлерге жетпей отыр, – дейді М.Халық.
Мұны кәсіпкер Г.Темешова да қолдайды.
– Жеңілдетілген несие алғымыз келеді. Қазірге кезге дейінгі шарты бойынша үнемі кепілдік міндеттеме сұрайды. Кәсіпкерлердің бәрінде бірдей жылжымайтын мүлік жоқ қой. Бірнеше млн несие алып, оның үстіне қосақтап кепілге мүлік қою өте тиімсіз. Егер сол талапты алып тастаса, онда аталған несиені алуға болады. Осы күнге дейін мемлекеттен несие, субсидия алып көрген емеспіз, – дейді кәсіпкер.
Экономистің айтуынша, алдағы уақытта банкроттың алдында тұрған шаруашылық жүргізуші субъектілер қатары арта бермек. Соған сай жұмыссыздар саны да өседі. Көптеген компания жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберуі мүмкін. Жағдай өте күрделі. Төлем қабілетінің төмендеуі сұраныстың азаюына әсер етеді. «Мемлекет жұмыс орнын сақтап қалуы керек. Өйткені қазір кәсіпорындарға көмектеспесе мемлекет ертең екі мәрте шығындалады», дейді сарапшы.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев былтыр жыл соңында орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингте мемлекеттік бюджет кірісіндегі қаланың үлесі 23,5-тен 25,7 пайызға дейін ұлғайғанын, дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау арқылы қала экономикасын тұрақтандыра алғанын айтты. 3 желтоқсанда онлайн форматта өткен инвестициялық форум кезінде 1,5 трлн теңгеден астам сомаға 55 меморандумға қол қойылған. «Инвесторлардың жоғары деңгейдегі белсенділігі, ішкі қиындықтарға қарамастан, Алматының халықаралық инвестициялық белсенді орталық болып қалатынын көрсетеді», деді Б.Сағынтаев.
Ал қалалық мәслихаттың VIII сессиясында 2021 жылға арналған шаһар бюджеті бекітілді. Биылғы бюджет көлемі 823 млрд теңгені құраған. Республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферт көлемі де былтырға қарағанда 10,2 пайызға (143,7 млрд теңге) артты. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, өнеркәсіп саласында еш кәсіпорын жабылмаған.
– Жазда 1500-ден астам кәсіпорын жұмысын тоқтатты, жұмыс орындары қысқарды. Кейінірек нысандар жалға берілді, не жұмыстарын қайта жалғастырды. Өңдеуші өнеркәсіпте жұмысын жалғастыра алмай қалғандар саны 5 пайыздан көп емес. Олар негізінен кішігірім цех мекемелері, – деді Е.Оразалин.
Басқарма басшысы қала бизнесіне серпін беретін Almaty Business-2025 бағдарламасының қарқынды жұмыс істеп жатқанын, Qoldaý кәсіпкерлік орталығының 2020 жылы 90 мыңнан астам кеңес беріп, «бірыңғай терезе» ұстанымымен 500-ден астам рұқсат ететін құжаттар ұсынғанын айтады. Орталыққа келген шағын және орта бизнес өкілдері қажетті кеңес пен құжаттарды оңай алады. Қызметтің бәрі тегін көрсетіледі. Жалпы, қала биз-несін қолдауға 12,2 млрд теңге бөлініпті. Қаржыландыруды «Алматы» микро қаржы ұйымы мен Almaty Finance несие ұйымы атқармақ. Бұл ретте Almaty Finance ірі және орта жобаларға 500 млн теңгеге дейін несие берсе, «Алматы» микро қаржы ұйымы кіші және шағын бизнеске 58,3 млн теңгеге дейін несие ұсынбақшы.
Әлбетте экономикасы алып қаланың тіршілігінен бір ізділік табамын деу – ұлпа қардың арасынан ине іздеп әуреге түскенмен бірдей. Сондықтан кәсіпкер мен экономист, халық пен әкім сөзінің арасында алшақтық туындап жатса оған түсіністікпен қарау керек шығар. Ешбір басшылық омақаса құладық, оңбай жығылдық демейді. Ешбір кәсіпкер пандемияның пайдасы мол екен деп тағы айтпайды. Қолдау да бар, қиындық та мол. Үлкен жарылыстың зардабы кейде ұзақ жылдардан соң көрініс тауып жатпай ма. Экономиканы сақтап қалу күресі де енді басталса керек.
АЛМАТЫ