Парламент • 15 Қаңтар, 2021

Ауыз сумен қамтамасыз етуге субсидия бөлінеді

345 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Сенаттың жалпы отырысы өтіп, жиын барысында екі заң жобасын талқылады. Палатаның 2021 жылғы алғашқы отырысын ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатысты өз пікірін білдірді.

Ауыз сумен қамтамасыз етуге субсидия бөлінеді

«Сайлаудың қорытындылары жарияланды. Халқымыз бел­сен­ділік танытып, өз таңдауын жасады. Сайлау заң аясында және ха­лықаралық стандарттарға сай өтті. Шетелдік сарапшылар мен халықаралық байқаушылар да жо­ғары баға беруде. Мемлекет бас­шысының бірқатар саяси реформасы алғаш рет осы сайлауда іске асырылғанына куә болдық», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы тәуелсіздіктің 30 жылдығында Парламент алдында Елбасы мен ел Президенті белгілеген маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. Оларды тиімді іске асыру үшін Сенат Мәжіліспен бірлесе отырып сапалы заңдар қабылдауға тиіс.

Отырыс барысында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген екі заң жобасы қаралып, қабылданды. Атап айтқанда, «Қа­зақ­стан Республикасының Су ко­дексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы орган­дар арасында ауыз сумен жаб­дық­тауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екі оқылымда қабылданды.

Осы құжатқа сәйкес, ауыл тұр­ғындарына арналған су тари­фін төмендету көзделіп отыр. Оған субсидия алу жөніндегі рәсім­дерді оңтайландыру есебінен де қол жеткізілуге тиіс. Ал осы тариф­тердің өзі енді нақты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып айқындалуы тиіс.

«Заң жобасының негізгі мақ­саты – халықты ауыз сумен қамта­масыз етуге субсидиялар бөлу және оны өңірлердің уақытылы алуына жағдай жасау. Қазіргі таңда халықты ауыз сумен жабдықтау қызметтерінің құнын төмендету мақсатында заңнамада ауыз суды баламасыз көздерден субсидиялау қарастырылған.

Мемлекет ауыз судың құнын субсидиялауда кепілдендірілген қолдау көрсетіп келеді. Осы мақ­сатта 2020 жылға 15,7 млрд теңге қаражат қарастырылды. Уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқының 87 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған ауылдық елді мекендердің саны – 4 078. Солардың 42 пайызы субсидия алған. Қолданыстағы заңнамаға жасалған талдауға сүйенсек, сумен жабдықтау объектілерін уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізу процесі көптеген ведомствоаралық келісімді талап етеді. Аталған келісімдер 1-2 жылға дейін созылып кетуі осының дәлелі.

Осыған байланысты заң жоба­сында ауыз суды субсидия­лау үшін тізбені бекіту кезінде өкілет­тіктердің аражігін нақты ажырату ұсынылып отыр. Біріншіден, ауыз сумен жабдықтаудың жергілікті жүйелері жергілікті атқарушы органдар деңгейіне беріледі. Ал топтық жүйелер бұрынғыдай уәкілетті органның қарауында қалады.

Екіншіден, жергілікті өкіл­ді органдарға өңірді сумен жаб­дық­тау бойынша көрсетілетін қызмет­тердің тарифтеріне байланыс­ты ауыз судың 1 текше метрі үшін төлем мөлшерін бекітуге өкі­леттілік беріледі», деді аталған заң жобасы жөнінде баяндама жасаған сенатор Нариман Төреғалиев.

Мұндай түзетулердің ерек­шелігі сол, мәслихат төлем мөл­ше­рін қабылдау кезінде бірнеше мәсе­лені ескереді. Енді жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарға өкі­леттік беріледі. Сондай-ақ жаңа тарифтерді қабылдай отырып, олар аймақтың әлеуметтік-эконо­микалық дамуын да ескеруі керек. Ең бастысы, ауыл тұрғындарына арналған тариф республика бо­йынша ең төменгі тарифтен тө­мен болмауы тиіс, бірақ орташа облыстық деңгейден жоғары болмауы керек. Республика бойынша берілетін ауыз судың бір текше метрі үшін ең төменгі төлем мөлшері 15 теңгені құрайды.

«Ауылдық елді мекендерді са­палы ауыз сумен қамтамасыз ету – еліміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Депутаттар бас­тамашылық жасаған осы заң ауылдық жерлерді сумен жаб­дықтау мәселелерін шешу жолын­дағы маңызды қадам екені сөзсіз. Ұсынылып отырған нормалар өңірлерді дамытуға және жергілікті атқарушы органдардың жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететіні айқын», деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне жылжы­майтын мүлікке құқық­тарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады. Бұл құжат жөнінде депутат Нұрлан Бекназаров баяндама жасады.

«Ұсынылған заң жобасының негізгі мақсаты – жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу салаларын жетілдіру, заңнамалық нормаларын қазіргі заман талабына сәйкес келтіру.

Заң жобасында мүлікке құ­қық­тарды тіркеу тетігін электронды жүйеге үйлестіріп, кейбір мүлікті тіркеу мерзімдеріне қатысты нор­маларды жетілдіріп, тіркеу мерзімін сақтамаған жағдайда әкімшілік жауаптылықты алып тас­тау қарастырылған. Қазіргі таңда жылжымайтын мүліктің бұзылуы туралы куәландыратын құжатты рәсімдеп беретін уәкілетті орган айқындалмаған.

Сол себепті жарамсыз мүлік иелерінің құқықтарының тоқта­ты­луын тіркетуге байланысты олқылықтар бар. Бұл мәселелер азаматтарға келеңсіздік туғызып отыр. Осыған байланысты меншік иелерінің бұзылған жылжымайтын мүлік объектілеріне құқықты тоқтату тетіктерін, жергілікті органдардың құзыретін белгілеу ұсынылады.

Сонымен қатар құзырлы органдар, заңда бекітілген ұйым­дар мен тұлғалардың заңда бекі­тілген ақпараттық-құқықтық кадас­тр­дың жүйесімен интеграция­лау арқылы немесе «электронды үкімет» веб-порталынан алу құқығы көзделген.

Заң жобасында шаруашылық серіктестіктердің жарғылық капиталындағы үлесін иеліктен шығару кезінде оны қайта тіркеу үшін қажетті құжаттардың тізбесін айқындау көзделіп отыр. Яғни шаруашылық серіктестігінің шы­ғатын қатысушысының мүліктегі үлеске құқығын иеліктен шығару (басқаға беру) шартын ұсыну қажет.

Жалпы, заң жобасы ведомс­твоаралық үйлестірудің тиімділігін арттыруға, қолданыстағы тіркеу процестерін және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін жетіл­діруге бағытталған. Заң жобасы қолданыстағы реттеудің тиім­ділігін толық талдауды, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасында қалыптасқан қатынастардағы тұ­рақтылық пен құқықтық сенім­ділікті қамтамасыз етеді», деді сенатор.

Заң жобасында депутаттар жылжымайтын мүлікке құқық­тар­ды уақтылы тіркемегені үшін әкім­шілік жауапкершілікті алып тас­тауды ұсынды. Енді бұдан былай мұндай кешігу орын алғанда адам­дар жазаға тартылмайды және айыппұл салынбайтын бол­ды. Сонымен қатар жер учас­ке­сіне құжаттарды ресімдеу жә­не жылжымайтын мүлікке құқық­тарды мемлекеттік тіркеу рәсімі ай­тарлықтай жеңілдетіледі. Осы­лай­ша, адамдарға осы мемлекеттік қызметтерді алу оңайырақ болады.