Аймақтар • 15 Қаңтар, 2021

Құтқарушылар қатты жел салдарынан туындаған қауіптерді жойды

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13 қаңтарда «Қазгидромет» РМК-дан Атырау облысы кей жерлерде аздаған қар жауып,  екпіні секундына 25 метрге дейін жететін қатты жел тұратындығы туралы ескерту алынған болатын.

Құтқарушылар қатты жел салдарынан туындаған қауіптерді жойды

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті қала және аудан әкімдіктеріне дауылды ескерту және қажетті шараларды қабылдау туралы ақпарат жіберіліп, ұялы байланыс операторлары арқылы халықты смс-хабарландыру таратылды.

2021 жылғы 14 қаңтарда Атырау қаласында екпіні секундына 18-19 метрге жететін желдің салдарынан тұрғын үй шатырларының ұшуы орын алып, олардың құлау қаупі адамдардың өміріне тікелей қауіп төндірді.

2021 жылғы 14 қаңтарда сағат 07:10-да Call-центр орталығына Атырау қаласы, Нұрсая шағын ауданында  шатырдың құлау қаупі бар екені туралы хабарлама келіп түсті.

Шақырту орнына жеткен соң, қатты желдің салдарынан Нұрсая шағын ауданы №84 5 қабатты тұрғын үйдің 72 м2 (12х6) шатыр бөлігінің (жалпы ауданы 960м2 (80х12) ұшып, қайырылып, шатырдың қалған бөлігінің үстіне құлағандығы анықталды.

Оқиға орнында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының құтқарушылары авариялық-құтқару жабдықтарының көмегімен бүлінген конструкцияларды нығайтып, қауіпті аймақты қоршады.

2021 жылғы 14 қаңтар күні сағат 08:22-де қатты желдің салдарынан (екпіні секундына 18 метр) Атырау қаласы Азаттық көшесіндегі 5 қабатты №77 тұрғын үй шатырының 16 шаршы метр бөлігі құлады (жалпы ауданы 1465,6 шаршы метр).

Құтқарушылар жедел түрде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, алпинистік құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, бүлінген шатырлардың конструкцияларын нығайтып, көлік жолына түскен шатырларды жинақтап, тұрғындардың өміріне төнген қауіпті дереу жойды.

Екі жағдайда қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.