Футбол • 18 Қаңтар, 2021

Команда көбейгеннен тартыс күшейе ме?

456 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы маусымнан бастап футболдан Қазақстан біріншілігінде бақ сынайтын командалар саны 12-ден 14-ке дейін көбейтілді. Бұл туралы мәлімет жуырда ғана өткен Қазақстан футбол федера­циясы (ҚФФ) Атқарушы комитетінің отырысында белгілі болды.

Команда көбейгеннен тартыс күшейе ме?

«Olimpbet-футболдан Қазақстан чемпионатын кеңейту қадамы жарысқа қатысушылардың келісімімен жасалып отыр. Бұған дейін бұл мәселе Атқарушы комитеттің отырыстарында бірнеше рет талқыланған болатын. Содан кейін жоба Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің тапсырмасымен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиынында талқыға түсті. Екі кездесуде де бастама қолдауға ие болды», делінген Қазақстан футбол федерациясының ресми хабарламасында.

Премьер-лиганың өткен жылғы қорытындысы бойынша чемпионаттың алғашқы үш турын ойнап, қаржылық қиындыққа байланысты Павлодар облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның маңдайалды командаларының біріне айналған еліміздің 5 дүркін чемпионы «Ертіс» мерзімінен бұрын жарыстан шығып қалды. Сондай-ақ 2020 жылғы біріншіліктің турнир кестесінде 11-орынға тұрақтаған Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы биыл өз бағын Бірінші лигадан іздейді. Ал Қазақстан чемпионатының ережесі бойынша Бірінші лигада жақсы нәтиже көрсеткен екі команда Премьер-лигаға жолдама алды. Атап айтар болсақ, олар бірнеше дүркін ел чемпионы – «Ақтөбе» мен былтырғы Қазақстан кубогының иегері – «Атырау» клубтары. Бір айта кетерлігі, Бірінші лига бәсекелері пандемияға байланысты бір аймақта және екі конференцияға бөлініп өтті. Нәтижесінде, конференцияда оза шапқан жоғарыдағы екі клуб «Ертіс» пен «Оқжетпестің» орындарында жоғары лигада доп тебуге мүмкіндік алды. Бұған қоса, чемпионаттағы квота саны тағы екеуге артқан соң, ол орындар Бірінші лигада өз конференцияларында екінші орын алған «Ақжайық» (Орал) пен «Арыс» (Түркістан облысы) командаларына бұйырды.

Өткенге көз жүгіртсек, 2012 жылы футболдан өткен Қазақстан чемпионатында 14 команда бақ сынаған екен. Сол жылы Қарағандының «Шахтері» қатарынан екінші жыл чемпион атанған. Ал Алматының «Қайраты» (11-орын) мен Өскеменнің «Востогы» (12-орын) соңғы орындарда қалып қойғаннан кейін келесі жылы Бірінші лигада доп тебуі керек еді. Алайда дәл биылғыдай ҚФФ Атқарушы комитетінің кезекті отырысында командалар санын 14-ке дейін көтеру мәселесі қаралып, ақыр соңында оң нәтижесін тапқан-ды. Соның арқасында «Қайрат» жоғары лигадағы орнын сақтап қалды. Сонымен қатар Бірінші лигада алғашқы екі орынды иеленген «Сұңқар» (Алматы) мен «Оқжетпес» (Көкшетау) тікелей Премьер-лигаға шықса, командалар санының артуына байланысты Бірінші лигада төртінші орынға тұрақтаған Оралдың «Ақжайық» клубы да ел чемпионатының жоғары тобында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Дегенмен 2013 жылы ҚФФ шешімі бойынша Қызылорданың «Қайсары» жоғары лигадан аластатылып, Бірінші лигада топ жарған «Іле-Сәулет» қаржылық қиындығына байланысты элиталы дивизионнан бас тартқан соң, ҚПЛ-да өнер көрсететін командалар саны тағы 12-ге дейін қысқарған еді.

2012 жылы «Қайраттың» төменгі лигаға түсіп қала жаздауының арқасында Премьер-лига командаларының саны 14-ке дейін өссе, міне, араға 9 жыл салып «Қайрат» чемпион атанғанда тағы да футболдан ел чемпионатында 14 команда бақ сынайтын болды.

Мамандар турнирге қатысушылардың санын арттыру ойын күнтізбесін оңай жоспарлауға мүмкіндік береді деп санайды. Бұл ең алдымен қазіргідей қиын кезеңде маңызды болып отыр. Сонымен қатар жарыс уақытша тоқтатылған жағдайда да маусымды уақытында аяқтауға мүмкіндік бар. Ал Olimpbet-футболдан Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін командалар қатарын толықтыру туралы шешім спорт қағидасының талаптарына сай және футбол клубтарының сертификаттау ережелерін орындау жағдайына байланысты қабылданады. Ережеде бекітілген өзгерістер бойынша жарысты қабылдайтын стадион ойынға дайын болмаса, айыпты команда матч­ты қарсыласының алаңына ауыстыруға мәжбүр болады. Сонымен қатар өзге ойындарда жинаған үш ұпайынан айырылады.

ҚФФ ресми хабар таратқаннан кейін футбол жанкүйерлері ішкі чемпионатта команда санын көбейту мәселесі неге биыл ғана қолға алынғанын түсінбей дал болуда. Өйткені дәл қазір ел чемпионатында клуб санын көбейтуге еш қажеттілік туындап отырған жоқ. Оның үстіне, жаңадан қосылған командалар үздіктерге пәлендей қарсылық көрсетіп, чемпионаттың көрігін қыздырады деп те айта алмаймыз. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында кәсіпқой клубтарды квазимемлекеттік секторлардың есебінен қаржыландыруды тоқтату керектігін тапсырған болатын.

Егер ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин айтып отырғандай, чемпионатта 14 команданың болуы расында да ойын күнтізбесін жоспарлауда тиімді болса, онда ҚФФ өкілдері осы уақытқа дейін команда санын 14-ке дейін неге көбейтпеген?! Негізі бұл жерде мәселе басқада сияқты. Яғни «жоғарыдан» жаңадан құрылған Түркістан облысының командасы биыл ел чемпионатына қатыссын деген пәрмен келген болуы бек мүмкін. Өйткені былтыр жазда 7 мың адамға арнап салынған «Түркістан Арена» стадионының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын.

Осылайша, биылдан бастап футболдан ел чемпионатына қатысатын командалар саны да, географиялық аймақтары да кеңейеді. Ал құрылғанына 19 жыл болған «Арыс» (команда атауы өзгеруі мүмкін – Ә.Б.) клубы Премьер-лигада дебют жасамақ.