Парламент • 18 Қаңтар, 2021

Мәжіліс комитеттерінің құрамы бекітілді

171 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінде VII шақырылымның бірінші сессиясы ашылып, алғашқы жалпы отырыста жаңа сайланған депутаттар ант берді. Жиын барысында Палатаның Төрағасы, Мәжіліс комитеттерінің төрағалары сайланды. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Премьер-Министр лауазымына тағайындауға келісім беруі үшін Асқар Маминнің кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.

Мәжіліс комитеттерінің құрамы бекітілді

 

Заңға сәйкес, VII сессияның алғашқы жалпы отырысында депутаттар халық алдында ант қабылдайды. Осыған байланыс­ты жиын барысында жаңадан сайланған депутаттар бірінен кейін бірі мінберге шығып, «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтас­тығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», деді.

Бір сағаттан аса уақытқа созылған бұл рәсімнің қызығы мен шыжығы көп болды. Мінберге шыққан кей депутаттар анттың мәтінін ұмытып, қағазға қарағандары да кез­десті. Енді бірі екі жастағы бала секіл­ді, мемлекеттік тілде былдырлап, бір­деңені айтып шықты. Осындайда, төрт ауыз сөзді жаттап айта алмаған, ана тілі­мізде сақауланып сөйлеген депутат­тарға қарап отырып, алдағы бес жылда Мәжілістегі мемлекеттік тілдің жайы тағы да мәз болмайтынын көруге болатын секілді.

Заңнамаға сәйкес, жалпы отырыс барысында депутаттар ең алдымен Мәжі­лістің жаңа төрағасын жасырын дауыс беру арқылы сайлады. Депутаттар Палата Төрағасы қызметіне Нұрлан Нығ­ма­тулиннің кандидатурасын ұсынды.

Депутат Дархан Мыңбай Нұрлан Нығматулиннің зор кәсіби тәжірибесін, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау жөніндегі нәтижелі жұмы­сын, сондай-ақ Мәжілістің өткен шақы­рылым­дарында барлық парламенттік фрак­ция­лармен сындарлы диалог орнат­қанын атап өтті.

Айта кетерлігі, Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын Елбасы, Nur Otan партия­сының Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев Мәжілістегі партия фракциясы­на ұсынған болатын. Nur Otan фракция­сы­ның депутаттары Елбасының бұл ұсынысын бірауыздан қолдады.

Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрах­манов ұсынылған кандидат туралы өз пікірін ортаға салды.

«Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулиннің бұл қызметке ұсынылған кандидатурасын ол кісі тіпті осыған дейін Мәжілісті бас­қарып көрмесе де қолдар едім. Өйткені, Нұрлан Нығматулин қала­да да, министрлікте де, облыста да, әкім­шілікте де басшы қызметте болып, олардың қай-қайсысында да өмір­дің үлкен сынағынан өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сынына шыдас беріп, қазақша айтқанда от пен судан өткен тұлға», деді депутат С.Абдрахманов.

Жиын барысында «Ақ жол» демо­кратиялық партиясы­ның аты­нан сөз сөйлеген Азат Перуашев ұсы­ныл­ған кандидатураны қолдайтынын жеткізді.

«Нұрлан Нығматулин келгелі біз кез келген мәселе бойынша өз пікірімізді ашық айтуға мүмкіндік алдық. Содан бері микро­фонды өшіру тәжірибесі бұрынғы уақыт­тың еншісінде қалды. Оның үстіне, Нұрлан Зайроллаұлы 2016 жылы қайта төраға болғаннан кейін Палата регла­ментіне «партия фракциясының, депутат­тық топтың атынан сөз сөйлеу үшін мін­дет­ті түрде сөз беріледі» деген түзету енгізу бас­тамасын көтерді», деді Азат Перуашев.

Қазақстан Халық партиясы атынан Айқын Қоңыров та кандидатқа қатысты өз пікірімен бөлісті.

«Мен қарапайым депутат ретінде, содан кейін фракция жетекшісі ретінде Нұрлан Зайроллаұлымен Парламент Мә­жі­лісінің V және VI шақырылым­дарын­да жұмыс істедім», деді. А.Қоңыров.

Сонымен қатар депутат өз сөзінде Нұрлан Нығматулиннің елімізде пар­ла­ментаризмді дамыту жолында бар күш-жігерін салған нағыз халық таң­дауы екенін, сондай-ақ жоғары заң шыға­ру­шылық органдағы өте білікті басқа­рушы екенін айтты. Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Бақытбек Смағұл да қолдап, сөз сөйледі.

Жалпы отырыста Мәжіліс Төрағасы қызметіне басқа кандидаттар ұсынылған жоқ. Осы орайда Н.Нығматулиннің кан­дидатурасы жасырын дауыс беру бюллетеніне енгізілді.

Конститутцияға сәйкес, Мәжіліс Төрағасы мемлекеттік тілді еркін мең­геруі тиіс. Спикерді Мәжіліс депутаттары жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Көпшілік дауыс жинаған кандидат Төраға болып сайланады.

Осыған байланысты, дауысты санау үшін жеті депутаттан тұратын санақ ко­мис­сиясы құрылып, оның төрағасы – Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман, хатшысы депутат Айгүл Нұркина болып белгіленді.

Мәжіліс депутаттары жасырын дауыс беру арқылы Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасын сайлау туралы Мәжілістің Қаулысы қабылданғаннан кейін Нұрлан Нығматулин сөз сөйледі.

«Ең алдымен, мені тағы да осы жоғары лауазымды қызметке, Мәжіліс Төрағасы ретінде сайлағандарыңыз үшін шын жүрек­тен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіз­дер. Ең біріншіден, бұл мен үшін өте үл­кен жауапкершілік. Сондықтан, әрқашан­да Ел­ба­сы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзіме жүкте­ген міндеттерін жоғары деңгейде орын­дау үшін, сіздердің және біздің сайлаушы­лардың сенімдерін ақтау үшін мен барлық жинаған білімімді, жинаған тәжірибемді жұмсаймын», деді Нұрлан Нығматулин.

Бұдан кейін Палата жетекшісі «Қазақ­стан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Палатаның вице-спикерлері қызметіне Балаим Кесебаева мен Павел Казанцевтің кандидатураларын талқылауға ұсынды.

Мәжіліс депутаттары кандидаттарды бір­ауыз­дан қолдады. Балаим Кесебаева – заң­гер, Әділет министрлігінде қыз­мет ат­қарған. Маңғыстау және Қызыл­орда об­лыс­­тарындағы Әділет департамент­терін бас­қарған. Сонымен қатар Мәжіліс­тің VI ш­ақы­рылымында Заңнама және сот-құқық­тық реформа комитетінің мүшесі болды.

Павел Казанцев – Мәжілістің Эконо­микалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамында қызмет етті. Nur Otan партиясы жанындағы Партиялық бақылау комитетін басқарады. Сондай-ақ П.Казанцевтің әкімшілік және партиялық жұмыста үлкен тәжірибесі бар.

Жалпы отырыс барысында депутаттар Палата комитеттерінің төрағаларын сайлады. VII шақырылған Мәжілістің жаңашылдығы – заңнамаға сәйкес, парламенттік оппозицияның депутаттарына Палатаның тұрақты комитетінің төрағасы, сондай-ақ екі комитеттің хатшылары лауазымына сайлану құқығы кепілдендірілген.

Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Палата депутаттарына фракция басшыларының парламенттік оппозиция өкілдері Палатаның екі коми­тетін басқаратындығы туралы бірлескен шешімі туралы хабарлады. Атап айтсақ, Аграр­лық мәселелер комитеті мен Эколо­гия мә­селелері және табиғат пайдалану ко­ми­теттерін оппозиция өкілдері басқар­мақ. Оған «Ақ жол» партиясынан Ер­лан Бар­лыбаев және Қазақстан Халық пар­­тия­­сының партиялық тізімі бойынша сай­ланған Александр Милютин ұсынылды.

Тұрақты комитеттердің төрағалары ашық дауыс беру арқылы Аграрлық мәсе­ле­лер комитетіне – Ерлан Барлыбаев («Ақ жол»), Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетіне – Жәмилә Нұрманбетова (Nur Otan), Заң­нама және сот-құқықтық реформа ко­митетіне – Қанат Мусин (Nur Otan) таға­йындалды. Қаржы және бюджет комитетін Марат Құсайынов (Nur Otan), Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін Айгүл Құспан (Nur Otan) басқармақ.

Ал Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне – Александр Милютин (ҚХП), Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне Альберт Рау (Nur Otan) сайланды. Комитет төраға­ларының баяндамаларынан кейін Палата Мәжіліс комитеттерінің құрамын бекітті.

Бұдан кейін Мәжіліс үзіліс жасап, қай­та жиналғанда жаңа Премьер-Ми­нистр­ді тағайындауға келісім беру туралы мә­се­лені қарады. Қазақстан Рес­пуб­лика­сы­­ның Конституциясына сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Пар­ламент Мә­жі­лі­сінің алдында өз өкілет­тігін доғарады. Осы­ған байланысты, Президентке елдің Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру ту­ра­лы мәселе Мәжілістің алғашқы жал­пы оты­рысының күн тәртібіне енгізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында еліміздің әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуын қорытындылап, атқарушы билік тармағының пандемия салдарынан болған жаһандық дағдарыс жағда­йын­дағы іс-әрекетіне баға берді.

«Үкімет дағдарысқа қарсы жоспарды тиімді жүзеге асырды. Соның арқасында жұмыссыздықтың көбеюіне, халық табысының жаппай төмендеуіне жол берілген жоқ. Бұл шаралар тиімді болды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты және қаржы жүйесінің орнықты екенін атап өтті. Қазақ­стан Президенті Үкімет пен Мәжі­лістің жаңа құрамы экономиканың ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса көңіл бөлуі тиіс екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Үкі­мет­тің тиімді және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ел Конституциясының 44-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісім беруі үшін Асқар Маминнің кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды. Мемлекет басшысы өзінің шешімін түсіндіре келе, Асқар Маминнің білікті әрі тәжірибелі, еңбекқор, талапшыл және парасатты мемлекеттік қызметші екенін атап өтті.

«Ол алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді жақсы түсінеді. Оның Үкіметтегі нәтижелі жұмысы – соның айқын дәлелі», деді Президент.

Мәжіліс депутаттары Мемлекет бас­шы­сына Асқар Маминді Премьер-Ми­нистр етіп тағайындауға келісім берді. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мә­жі­ліс депутаттарына өзі ұсын­ған кан­ди­да­тураны қолдағаны үшін ризашы­лығын біл­діріп, Асқар Маминді жауапты ла­уа­зымға тағайындалуымен құттықтады.

Депутаттар алдында сөз сөйлеген Асқар Мамин көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, одан әрі де тиімді де нәтижелі жұмыс істейтінін айтты.

«Ең алдымен маған көрсеткен сенімдеріңізге алғыс айтамын. Бұл мен үшін зор мәртебе және үлкен жауап­кершілік. Алдымызда Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша үлкен мақсат-міндеттер қойылған. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуының басым бағыттарын жариялады. Соның ішінде ең бастысы – халықтың табысын арттыру», деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы бұл міндеттерді экономиканы қарқынды дамыту арқылы орындауға болатындығын айтты.

«Осы мақсатта экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестиция­лар тарту, жаңа технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын құру және тағы да басқа бағыттар бойынша тиімді шаралар іске асырылады. Осы страте­гиялық мін­деттерді іске асыруда Үкімет Парла­мент­пен бірге үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істейтін болады», деді Асқар Мамин.