Аймақтар • 18 Қаңтар, 2021

Алматыда модульді госпиталь қайта ашылады

128 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таяу күндері Б. Момышұлы көшесі 1\55 (бұдан әрі-Модуль-1) мекенжайында орналасқан И. Жекенова атындағы «Қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасы» модульдік госпиталі қайта ашылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда модульді госпиталь қайта ашылады

Аурухана өткен жылдың желтоқсан айының басында басталған жалпы санитарлық-дезинфекциялық емдеуден кейін науқастарды биыл 20 қаңтардан бастап қайта қабылдай бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, Модуль-1 2020 жылдың сәуір айынан бастап қараша айының соңына дейін пандемияның ең өршіген кезінде жұмыс істеді. Барлығы 3 430 науқас емделді. Қазіргі уақытта ғимарат, палаталар мен жабдықтар толық өңделген, барлық параметрлерге сәйкес келеді, модульде жылу, барлық жабдықтар, соның ішінде қарқынды терапия және реанимация жұмыс жасауға әзірленген.

Инфекциялық аурухананың модульдік госпиталі қуаттылығы 280 төсек-орынға арналған қуаттылыққа ие. Әртүрлі инфекциялық аурулары бар науқастарды сенімді оқшаулауды қамтамасыз етеді. Қабылдау-кеңес беру бөлімшесі көшеден жеке кіретін есігі бар 6 бокстан тұрады және науқастардың айқаспалы инфекциясын болдырмайды. Бөлімшеде компьютерлік томография, ультрадыбыстық диагностика, бейнеэндобронхоскопия, электрокардиография сынды диагностикалық және емдеу іс-шараларын жүргізу мүмкіндігі бар. Ауруханада 28 төсек-орынға арналған ірі реанимациялық бөлім жұмыс істейді, ол сараптамалық кластағы заманауи медициналық жабдықтармен және сенімді желдету жүйесімен жабдықталған. 

Алматыда медициналық ұйымдардың инфекциялық палаталарында барлығы 7 011 орын бар.