
Тәуелсіздік күніне орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақтың тұңғыш мерзімді басылымдарының бірі, 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газетінде жарияланған тұшымды мақалаларды қамтыған «Қазақстан» кітабының таныстырылымы болып өтті.
Тәуелсіздік күніне орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақтың тұңғыш мерзімді басылымдарының бірі, 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газетінде жарияланған тұшымды мақалаларды қамтыған «Қазақстан» кітабының таныстырылымы болып өтті.

«Қазақстан» газеті – 1911 жылғы 10 наурыздан 1913 жылғы қарашаға дейін еліміздің батыс өңірінде жарық көрген алғашқы қазақ басылымдарының бірі. Газет сол кезеңдегі ұлт тағдырына қатысты мәселелерді көтере біліп, халыққа өнер-білім жолын ұсынған, отырықшылыққа шақырған, нақты кәсіби кеңес берген озық ойлы басылым болды. Газет мақалаларында көтерілген мәселелердің арада бір ғасыр өткенде де өте өзекті екендігі анық көрінеді.
Аз уақыт ішінде сол кездегі заман тынысына орай оқырмандарына көп жайттарды айта білген басылым 1913 жылы патша өкіметінің қысымымен жабылып қалады. Басылым Кеңес өкіметі жылдары екінші мәрте репрессияға ұшыраса да, тігіндісі Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларында ғана сақталған екен. Газетті шығарушы Ғұмар Қараш 1921 жылы қастандықпен өлтірілсе, редакторы Елеусін Бұйрин қудаланып, 1932 жылы Тәжікстанда аштықтан қаза тапты. Ал өз заманында прогрессшіл идеялардың жаршысы болған «Қазақстан» газеті туралы айтуға, жазуға рұқсат болмай, 1947 жылы арнайы қаулы шығып, ақын-ағартушы Ғұмар Қараштың шығармаларын оқуға, насихаттауға тыйым салынады.
Газет тарихта «Қазақстан» атауын тұңғыш қолданып, айналысқа енгізуімен де ерекше есте қалады. Бұған дейін барлық ресми құжатта қазақ атауы «киргиз», «киргиз-кайсаки» деп бұрмаланып келсе, газет шығарушылары «Қазақ» атын ұлттың ғана емес, мемлекеттің атауы етіп көрсете білді.
«Қазақстан» газетінің ресми редакторы Елеусін Бұйрин болса, ал басылымды ұйымдастыруға, шығаруға Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сәлімгерей Нұралыханов, Мұстафа Көкебаев, Батырхайыр Ниязов, Бақтыгерей Құлманов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Мәметов, Ғұбайдолла Бердиев, т.б. үлес қосқан.
2012 жылы тұңғыш рет «Қазақстан» газетінің орыс мұрағаттарындағы барлық саны Қазақстанға әкелінеді де, араб әрпіндегі мақалалар кириллицаға түгел көшіріліп, тұпнұсқамен бірге кітап болып жарық көрді. Бұл жинақта «Қазақстан» газеті және оны шығарушылар туралы деректер топтастырылған.
Батыс Қазақстан өңірінің азаматтары шығарған «Қазақстан» кітабының тұсаукесер-таныстырылымында Парламент Мәжілісінің депутаттары Шавхат Өтемісов пен Самиғолла Оразов, жазушы, ғалым, журналистер Табыл Құлияс, Әлібек Асқар, Ахмет Аляз, Жамбыл Артықбаев, Қайрат Сақ, Ерлан Сайлаубай, Перизат Сейітқазы, Жантас Сафуллин, Мейрамхан Жәпектер бұл игілікті шараға ризашылықтарын білдіріп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».