Руханият • 19 Қаңтар, 2021

Деректі шежіре

226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бас басылым қазақ баспасөзінің осы қара шаңырағын әр жылдары басқарған белгілі тұлғалардың кітаптарын «Egemen Qazaqstan» газетінің кітапханасы» сериясымен шығаруды қолған алғаны, соның орайында Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағайы», Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысы» атты мақалалар жинағы баспадан шығып, қалың көпшілікке ұсынылғаны қадірлі оқырманның есінде болар. Сол игі бастама 2020 жылы да жалғасын тауып, публицист-жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сапар Байжановтың «Архив – айғақ» атты еңбегі жарық көрді.

Деректі шежіре

Баспадан былтыр шық­қаны­мен, еліміздегі карантин жағдайына байланысты кітаптың таныстырылымы кейінге шегерілген болатын. Биыл құнды мұрағаттарға толы көркем туын­­­дыны көп­шілікпен бөлісудің орайы келген сыңайлы. Бұл – ав­тор­дың талай жылғы ізетті ізденіс­терінің нә­ти­­жесі. Де­рек­ті шежірелерді шер­тіп, жаз­ба ескерткіштердің мән-маз­мұ­нын ашып, архив теңі­зінен ақыл сүзеді.

Ұлттың ұлысты үнпа­рағын 1973-1983 жылдар аралығында басқар­ған Сапар Байжанов басылым «Социа­листік Қазақстан» ата­нып тұрған тұста қазақ бас­пасөзін биікке кө­терді. Бұдан бөлек «Замандас туралы толғау», «Абай және архив», «Қажыға барған қазақтар» сынды зерттеу еңбектері бар. 30-ға жуық ав­тор­лық және аудар­ма кітаптар, 300-ден аса мақала, очерк, эсселер және пьеса­лық шығармалар – жас ұрпақ үшін үлкен сый.

Кітапқа Исатай мен Махам­бет­тің қолтаңба арыздары, Ш.Уəли­ханов­тың ең соңғы хаты, Горькийдің Анов­­қа хаты, 1916 жылғы көте­ріліс­тің жазба дерек­тері, М.Фрун­зенің гимназияда оқыған кездегі куəлігі, Т.Бигел­диновтің ұшқыштық дəптері, К.Байсейітованың күн­делігі, композитор Е.Бру­силов­скийдің естелігі жайында сыр шертетін материалдар енген. Тіпті жыр жампозы Жамбыл Жабаев пен сөз зергері Бейімбет Май­­лин­нің хаттарын да оқи аласыз.

Рас, адамның есі де тұ­нығы мен тұңғиығына көз жетіп болмайтындай, қат-қат, ұшы-қиырсыз архив рәуішті асыл қазына, керек кезінде тиісті пұшпағын толғап қалсаң, өткен дүние, көрген дүние егжей-тегжейімен есіңе түсіп, көз алдыңа келе қояды. Архив те халықтың есі іспеттес ештеңеге тең­гер­уге кел­мейтіндей керемет кеніш.

 «Туған ата-анасына, туыстары мен достарына, туған Отанына деген əсте бір айнымас, ыстық жүрегі бар, туған Отанның бүгіні мен ертеңіне зəредей де болса жаны ауыратын елім деп соққан жүрегі бар зерделі азамат архив қазыналарына əсте көзжұмбайлық жасай алмайды. Қайта ең асыл қазына ескерткішіне балап, ерек­ше қастерлейді», дейді автор өз естелігінде.

Өткен күннің естелік­терін қой­нына бұққан жазба байлықтарды мұқым жұртқа жеткізген автордың толайым еңбегі ұлт идео­ло­гиясына астар болатын жауһарларға толы. Оқыр­манды елең еткізетін дәйек­тер мен ақпараттардың басын біріктіріп, бір ізге түсір­ген С.Байжановтың ең­­бегі елеулі. Мұқалмас мұ­рағат­тар­дың мұңын шақ­қан туынды кітап­сүйер қауым­ның игілігіне жарары даусыз.