Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков 2020 жылы Республика бойынша негізгі ТОП-10 туристік бағыт таңдалып, туристік маршруттар каталогы және оларды жақсарту бойынша ұсыныстар жасалғанын мәлімдеді.
«Агро-ауыл туризмін дамыту бойынша Ақмола, Алматы, Жамбыл және Түркістан облысын қамти отырып, ауыл тұрғындары үшін нұсқаулық əзірленді. Зерттеу жүргізген өңірлердегі агротуризм субъектілерінің тізімін дайындадық. Сондай-ақ былтыр ішкі туризм бойынша онлайн-академия іске қосылды. Академиядағы 6 курсты туризм нарығының 1000 өкілі тəмамдады. Жалпы, академияға 1765 адам тіркелген еді», деді ол.
Дастан Рыспеков пандемия кезінде алдағы уақытта 5 халықаралық іс-шара өткізуге мүмкіндік алғанын (Bizz, SCIJ, Isoprenoid – 2021 жылы, TAAI – 2022, SATW – 2023), бұл іс-шаралар ұйымдастырушы есебінен өтетінін жеткізді.
«2020 жылы Қазақстан Lonely Planet ғаламдық гид-анықтамалығының «Қауымдастықтар» санатында «Үздік қонақүйлер» номинациясын жеңіп алды. Еліміздің туристік әлеуеті Google, Yandex, Facebook, Instagram, Weibo, WeChat-та насихатталды. Бұл жұмыс 27 млн адамды қамтыды. Оның 17,7 млн-ы Қазақстанда, 9,3 млн-ы шетелде тұрады. Қазақстан туралы Travelstan бейнебаяны PATA Gold Awards сыйлығының «Үздік саяхат ролигі» номинациясына ие болды.
Енді 2021 жылы туризм саласындағы «Жол картасын» одан әрі іске асыру мақсатында туристік өнімнің сапасын арттыру, экология жəне жастар туризмін дамыту, желілік білім беру, халықаралық іс-шаралар тарту және ақпараттық турлар өткізу бойынша жұмысты жалғастырамыз», деді Дастан Рыспеков.