Атырау облысындағы «Атырау балық» АҚ өткен жылы банкрот деп танылған болатын. Енді бұл кәсіпорын жалақы, өтемақы, зейнетақы қоры мен салым төлемдері үшін 105 млн. теңге қарыз болып отыр. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Соңғы он ай ішінде осында еңбек еткен жұмысшылардың зейнетақы қорына ақша аударылмаған. Әрі олар қысқартуға байланысты өтемақысын ала алмай әлектеніп жүр. «Қарыз ақшаны түбі аласыңдар дейді. Жыл аяқталып қалды, енді қашан беретіні белгісіз. Жасымызға байланысты басқа жер де жұмысқа қабылдамай отыр»,-дейді кәсіпорынның бұрынғы жұмысшысы Дәмелі Темірғалиева.
«Атырау балық» АҚ борышты өтеу үшін бар дүние-мүлкін саудаға шығаруда. Дегенмен, әзірге нәтиже болмай тұр. Сондықтан даулы мәселеге жақын арада нүкте қойылмайтын сыңайлы.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «Астана» телеарнасы