Арнайы топ қаладағы бірнеше сауда орталықтарына барып, қызметкерлер мен келушілерге елорданың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысындағы санитарлық нормалар мен карантин режимін сақтау қажеттігін түсіндірді.
«Бүгін біз жаңа қағидалар бойынша сауда-ойын-сауық орталықтарының дайындығы мен қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысына мониторинг жүргіземіз. Кеше Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді, онда сауда-ойын-сауық орталықтары жұмысының алгоритмі нақты жазылған. Қаулыға сәйкес, сауда орталықтары барлық қажетті санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал демалыс күндері жұмыс істемейді. Яғни, сенбі және жексенбі күндері сауда ойын-сауық орталығында дәріханалар, банктердің есеп айырысу-кассалық бөлімдері және супермаркеттері, гипермаркеттері ғана ашық болады. Қазір де сауда орталықтарының біріне келдік, барлық сақтық шаралары сақталғанын көруге болады. Мұнда арақашық сақталып, дүңгіршектегі, дәмханадағы адам саны 30%-дан аспауы керек», деді Нұр-Сұлтан қаласы Сауда және қызмет көрсету саласын дамыту бөлімінің басшысы Руслан Ыдырысов мониторинг кезінде тілшілерге берген сұхбатында.