Әлем • 20 Қаңтар, 2021

Пандемия салдарынан Өзбекстанда қалып қойған шетелдік әйелдің оқиғасы

663 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Техастық әйел kvue.com виртуалды арнасына ғаламдық пандемия кезінде 6 ай бойы Өзбекстанда қалай қалып қойғаны туралы сұхбат берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Пандемия салдарынан Өзбекстанда қалып қойған шетелдік әйелдің оқиғасы

Ол бастапқыда Өзбекстанға орыс және өзбек тілдерін үйрену үшін 45 күндік сапармен келген. COVID-19 пандемиясының салдарынан мемлекеттер шекараларын жапқан кезде, ол тағы 5 ай тұрақтап қалған.

Техас штатынан келген Дженнифер Уиддон өз оқиғасын ештеңемен салыстыруға келмейтін үлкен тәжірибе санайды. 

«Кейбір адамдар сыртқа шыққанды немесе көңілді болғанды ​​ұнатады. Ал мен саяхаттағанды ​​жақсы көремін. Әрдайым өзге елдің мәдениетін түсінуді, басқа нәрсені бағалауды қалаймын», - дейді Уиддон. 

Дәл осы ой оны 2020 жылдың басында Өзбекстанға жетелеп әкелді. Ол орыс және өзбек тілдерін үйрену үшін саяхатқа шығуға бел буған екен. 

«Мен Өзбекстанда 45 күн болуды жоспарладым. Содан кейін жексенбіде маған шекара жабылады деген хабарлама келді», - деді ол. 

Елшілік оған АҚШ-қа оралғысы келсе, сегіз сағатта астанаға жету керектігін ескертеді. 

«Мен оянғанда әскерилер біздің аудандарды қоршап жатты. Сонымен қатар бір қаладан екінші қалаға ауыса алмайтындай шектеу қойылды. Ол кезде мен астанадан бес сағаттық уақыт алатын қашықтықта едім», - деп түсіндірді ол. 

Сол себептен Дженнифер Уиддон өз сапарының бұдан да ұзаққа созылатынын жоспарлай бастаған. 

«Мен айналамдағы адамдармен сөйлесуге қиналдым. Бірақ олар мені жұмысқа тарту арқылы 30 күндік жоспар құруға көмектесті. Мен ол жерде жұмыс істемедім, бірақ ерікті түрде репетиторлықпен айналыстым», - дейді әйел. 

Осылайша, бір жарым айға созылуы керек болған сапар алты айға ұласады. Ешқашан осынша уақыт боламын деп ойламаған ел оның үйіне айналды. Оның сөзіне қарағанда, бейтаныс адамдар жақынындай көрініп, дос болып үлгергенге ұқсайды. 

Ол бұрындары кездестірмеген адамдармен байланыс орнатып, олардың мәдениетін зерттеуге және өз елінің ерекшеліктерімен бөлісуге көп уақытын арнаған. 

Айта кетейік, ол АҚШ-та тұрып қалған Өзбекстан азаматтарын алып кету үшін ұшып барған рейспен отанына оралған. 

Ол кетерінен бұрын үш күн бойы таныстарымен қоштасып шыққан. Қазір оның қолында бар болғаны ештеңемен айырбастауға келмейтін естелік фотосуреттер ғана қалды. 

«Құдай-ау, бұл менің өмірімдегі ең жаман жыл болды. Мен Өзбекстанда ұзақ уақыт қалып қойдым» деп кіжінсем болар ма еді?! Бірақ мен, әрине, олай жасамаймын, өйткені сол сапардағы ерекше сәттерді ғана ойлауға, жақсы жағынан қарауға тырысамын», - дейді Дженнифер Уиддон.