Аймақтар • 20 Қаңтар, 2021

Батыс Қазақстан: қызыл аймаққа – бір қадам

290 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының 5 ауданы эпидемиологиялық қауіпті қызыл аймаққа енді. Тағы үш аудан мен Орал қаласы сары аймақта тұр деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан: қызыл аймаққа – бір қадам

Коронавирус дертінің алдын алу бойынша жедел штабтыңкезекті отырысында Батыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев өңірдегі ахуал алаңдатарлық екенін айтты.

Мәселен, жаңа жыл басталғалы өткен 18 күн ішінде облыс аумағында covid-19 жұқтырған 764 адам анықталған. Және науқастардың саны күн сайын артып келеді екен.

- Бұл науқастардың тең жарымы (49%) тұмау, суықтию белгісімен дәрігерге қаралған кезінде анықталған. 200 адам, яғни 26 пайызы – ауру адаммен қарым-қатынаста болғандықтан тексеріліп, вирус жұқтырғаны белгілі болды, - дейді Мұхамғали Арыспаев. Оның айтуынша, қазір өңірде 1199 адам науқаспен қарым-қатынаста болғаны үшін медициналық бақылауға алынған.

Сараптама індет жұқтырғандардың 43 пайызы – күнделікті жұмысқа баратын адамдар екенін көрсетті. Сондай-ақ 169 адам – зейнет жасында болса, 44-і – 14 жасқа дейінгі балалар екен.

Санитарлық дәрігерлердің пікірінше, індеттің жаппай таралуына әсіресе адамдардың халық көп жиналатын жерге жиі баруы, оқшаулану жағдайындағы адамның карантин талабын сақтамай, туысқандарына жұқтыруы және қоғамдық көліктегі ахуал әсер етуде.  

- Біз өңірде барынша сақтану шараларын енгіздік. Карантиндік шектеулер күшінде. Қызметкерлердің қашықтан жұмыс істеуі, көпшілік жиналатын жерлердегі тиісті санитарлық талаптар бар. Ендеше неге індеттің қарқыны күн сайын күшейіп барады? – деп төте сауал қойды облыс әкімі Ғали Есқалиев.

- Халық коронавирустың таралу қаупіне салақ қарайды. Өткен жаздағы жағдайды ұмытты. Жасырынып жасайтын той-томалақ, мерейтой азаймай тұр, - деді Мұхамғали Арыспаев.

Бүгінде көрнекі кафе-мейрамханаларда жиын-той азайғанымен, олардың орнын жекеменшік коттедждер басыпты. Олардың кейбірінің мекенжайы тіпті өңір басшысына да белгілі екен. Әсіресе Орал қаласы маңындағы елдімекендерде мұндай «қызмет орындары» аз емес тәрізді.

Коронавируспен күресте жалпыхалықтық қолдау болмаса, тек құқық орындары мен тиісті мекемелердің күшімен індетті тоқтату мүмкін емес. «Сондықтан халық арасында насихат жұмыстарын күшейту керек», деді Ғали Есқалиев.

13 қаңтар күні аудандық бас санитар дәрігерінің қаулысымен Бәйтерек ауданында көпшілік, спорттық шараларды, көрме, форум, конференция т.б. жиындарды өткізуге, сондай-ақ отбасылық шараларда жиналуға тиым салынды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор мекемелері қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті.

Осындай қауіпсіздік шаралары Бөрлі ауданында да қолға алынды. Бұл жерде де көпшілік шаралардың барлық түріне тиым салынып, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің 80 пайызы, жекеменшік кәсіпорын қызметкерлерінің 50 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті. Сауда үйлері мен мен өндірістік дүкендер жұмыс уақытын бір сағатқа шегерді. Қоғамдық тамақтану орындарына бір мезгілде 30 адамнан артық клиентке қызмет көрсетуге тиым салынды.

Ал Жәнібек ауданындағы Борсы ауылы карантинге жабылып, 14 күнге ешкім округ аумағына кіріп-шықпайтын болды.

Соңғы күндері Ақжайық ауданында да вирус жұқтырушылар саны өсіп кеткендіктен, жергілікті санитар дәрігердің қаулысымен 18-30 қаңтар аралығында Чапаево, Жаңабұлақ, Қабыршақты ауылдарында көпшілік шараларын тоқтатып, мектепке тек бастауыш сынып оқушылары баратын болды.

1

Санитарлық шектеу шаралары Орал қаласын да айналып өтпеді. Қалалық бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, 21 қаңтардан бастап өндірістік және азық-түлік базарлары, сауда үйлері мен сауда орталықтары жексенбіде жабылады. Қоғамдық тамақтану орындарында көпшілік жиын өткізуге қатаң тиым салынып, ара қашықтығы сақталған 30 адамға дейін ғана қызмет көрсетіледі. Халыққа қызмет көрсету орындарының да жұмыс уақыты қысқарады.

Әрине, жоғарыда айтылғанның бәрі – індеттің алдын алу, таралуына тосқауыл қою шаралары ғой. Өңірдегі медициналық мекемелер вируспен бетпе-бет күресуге де барынша дайындалған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тізгінін жақында ұстаған Арман Қалибековтің айтуынша, өңірде жұқпалы аурулар стационарының саны – жетеу. Бұл ауруханаларда бір мезгілде 579 адам ем ала алады. Қазір бұл орындар жартылай толық, яғни 300 сырқат емделуде.

- Инфекциялық ауруханаларға тәулігіне 20 науқас түсуде, олардың тең жартысына алғашқы күндері реанимациялық көмек көрсетіледі. Сырқат жандардың 77 пайызы – жасы 60-тан асқан егде адамдар. Әсіресе қосалқы созылмалы сырқаты бар науқастар жансақтау бөліміне жиі түседі. Сондықтан үлкен кісілерге, қарияларымыздың аса сақ болуын, көпшілік жиындарға бармауын өтінеміз, - дейді Арман Талғатұлы.

Штаб отырысында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков мониторингтік топтардың жұмысы туралы баяндады. Мәселен, жыл басынан бері қалада шектеу шараларының 8 мәрте бұзылғаны анықталған. Ол жөнінде хаттама түзіліп, тиісті орындарға берілген. Сондай-ақ қалаішілік автобустарда да санитарлық талаптар бұзылып, 6 оқиға хатталған.

- Мониторингтік топ әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарын қадағалап, көпшілік шаралар өткізу туралы хабарландыруларды да көзден таса етпейді. Мысалы, «Siberia» рестобарының ереже бұзғаны туралы ақпарат расталып, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тексеруді бастады. Сондай-ақ Билайн, Ксел, Теле2, Алтел секілді байланыс операторларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз, олар рұқсат берсе, мониторингтік топтар абономенттердің – яғни ұялы байланыс қызметін пайдаланушылардың бір жерге көп жиналғанын анықтау оңай болады, - дейді Абат Абайұлы.

2021 жыл басталғалы бері Орал қаласында карантин тәртібін бұзған «Гәкку», «Марсель» кафелері, «Айзат» банкет залы және «Альбина+», «Мақпал», «Аделя» мейрамханалары ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттың қаулысымен 3 айға жабылған екен. Дәл қазір «Айбат» мейрамханасы, «Юбилейный» банкет залы, «Алғабас»караоке-бары мен «Бәйтерек» кофе-барының ісі сотқа жолданған.

Өткен жылдың есебіне қарасақ, 2020 жылы әкімшілік құқықбұзушылық туралы 1128 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 67 172 040 теңге айыппұл салынған.

Ал қаңтар басталғалы мониторингтік топтар 220 мәрте рейдке шығып, 2637 нысанды тексерген. 7 нысанда санитарлық талап тәртібі бұзылғаны анықталып, 21 хаттама толтырылған. Барлығы 1 093 875 теңге көлемінде айыппұл салынған.

P.S. Осы індет басталғалы Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 9985 адам тіркелген екен. Соның ішінде 175 адам қайтыс болған. «Өткеннен сабақ алайық, қауіпті вирустан сақтанайық. Ол үшін карантиндік шараларды қатаң сақтау қажет. Біз «қызыл аймаққа» енуге бір қадам ғана қалып тұрмыз. Егер індеттің таралуы бәсеңдемей, осылай өрши беретін болса, облыс аумағында қатаң шектеулер енгізуге мәжбүр боламыз. Бұл адамдардың күнделікті тірлігіне де, экономикалық дамуымызға да теріс әсер етеді. Сондықтан барша облыс тұрғындарын жауапкершілікке шақырамын» деді штаб отырысын қорытындылаған Ғали Есқалиев.