Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
6 млн-ға жуық адам вакциналанады
Отырыста елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов баяндама жасады.
Елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады. Ведомство басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда әлемнің 220 елінде КВИ-дің 95 млн-нан астам жағдайы тіркелген. 2 млн-нан астам адам қайтыс болды, жаһандық өлім көрсеткіші 2,1%-ды құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алты өңірінің үш өңірінде (Америка, Тынық мұхиттың батыс бөлігі және Африка) халықтың COVID-19 вирусымен сырқаттануының ұдайы өсуі жалғасуда. Еуропа және Шығыс Жерорта теңізі өңірлерінде төмендеу белгілерінсіз сырқаттанудың тұрақты түрде жоғары деңгейі байқалады. Төмендеу үрдісі тек Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тиесілі.
Сырқаттанудың таралу көрсеткіші мен деңгейі бойынша Қазақстан Түркия сияқты тәуекелі орташа аймақта немесе сары аймақта тұр. Тәуекелі жоғары аймақта, яғни қызыл аймақта Украина, Ресей Федерациясы, Беларусь, Германия, Италия, Франция, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдер тұр. Оңтүстік Корея мен Сингапур жасыл аймақта. «Қазақстанда пандемия басталғаннан бері COVID-19-ға оң нәтижемен 170 098 науқас және 46 866 КВИ-жағдайы тіркелген. Ал КВИ+ 154 449 науқас және КВИ- 34 656 науқас емделіп шықты. Қайтыс болған адамдар саны – КВИ+ 2 423 адам және КВИ- 542 адам. Кейінгі тәулікте КВИ+ 999 жағдай және КВИ- 18 жұқтыру жағдайы тіркелді, оның ішінде 9 – өлім жағдайы», деді А.Цой.
А.Цойдың айтуынша, жалпы алғанда, республика бойынша қараша айынан бастап КВИ-мен сырқаттанудың өсуі байқалады, қазан айымен салыстырғанда қараша айында сырқаттану 4,5 есе, қарашамен салыстырғанда желтоқсан айында 1,2 есе өсті.
«Бірқалыпты өсу үрдісі қаңтар айында да сақталып отыр. Бұл – желтоқсан мен қаңтар айларында ұзақ мереке күндері халықтың барлық профилактика шараларын сақтамауының салдары. Мәселен, қаңтардың 19 күні ішінде КВИ-дің 14 625 жағдайы тіркелді. Сырқаттанудың өсуі Шығыс Қазақстан облысынан басқа барлық өңірде байқалады», деді министр.
Эпидемиялық жағдайды ескере отырып, бірқатар өңірде, оның ішінде Ақмола, Қостанай, Павлодар, Атырау облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында халықтың көп жиналатын орындарында қарым-қатынасты азайтуға бағытталған шектеулерді күшейту бойынша шаралар қабылданды. Вирустың мутацияға бейімділігін ескере отырып, министрлік тұрақты негізде Қазақстанда бөлінген вирус штаммдарына молекулалық-генетикалық секвенирлеу жүргізеді. Талдау көрсеткендей, зерттелген сынамалар генетикалық жағынан Германия, Испания, Украина, Ресей Федерациясы, АҚШ және Қытайда анықталған штаммдарға жақын; аурудың симптомдық және симптомсыз түрлері, сондай-ақ вирустың контагиоздылығы және аурудың ауыр өтуі вирустың қандай да бір генетикалық сызыққа жататындығына байланысты емес; барынша көп анықтау жиілігімен мутациялар анықталды; зерттелген сынамаларда коронавирустың «Британдық» штаммы анықталған жоқ. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.
А.Цойдың айтуынша, Мемлекет басшысының КВИ-ге қарсы вакциналауды жеделдетіп бастау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. 2021 жылғы 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені мен Ресей тікелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткізуге арналған шартқа қол қою жоспарланды. Биылғы 20 қаңтарда арнайы тәртіп бойынша сатып алуды жүргізу үшін бір жолғы әкелуге рұқсат беру және СҚ-Фармацияға хат жіберу жоспарланып отыр.
Вакциналау вакцинаның келіп түсуін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте контингенттер мынадай түрде бөлінген: 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап I кезең – инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері жатады. Олардың жалпы саны – 100 мың адам.
Биылғы наурыздан бастап II кезең – жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта оқу орындарының, жоғары оқу орындарының педагогтері, ведомстволық медициналық қызметінің медицина қызметкерлері, барлығы – 150 мың адам.
Биылғы сәуірден бастап III кезең – мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелері педагогтері, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам.
Биылғы мамырдан бастап IV кезең – Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар адамдар. Барлығы – 600 мың адам.
Биылғы маусымнан бастап V кезең – медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар. Барлығы – 600 мың адам.
Биылғы шілде айынан желтоқсанға дейін VI кезең – тәуекел тобындағы қалған контингент. Барлығы – 600 мың адам.
Осылайша, жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа вакцина егу жоспарланған.
Түсіндіру шаралары күшейтілді
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бірқатар өңірде коронавирус тақырыбы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілгенін айтты. Атап айтқанда, алдыңғы аптамен салыстырғанда өткен жетіде барлық құралдар арқылы коронавирус тақырыбындағы ақпараттық материалдар 27%-ға артып, жыл басынан бері шыққан телесюжеттердің, баспа өнімінің, интернет-материалдың саны 6 мыңға жуықтады. Халықты ақпараттандыру мәселесінде арнайы ашылған coronavirus2020.kz сайтының орны ерекше. Қазіргі таңда оған күніне 80 мыңнан аса пайдаланушы кіріп, тиісті ақпарат алуда.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев министрліктің карантиндік және шектеу шараларын қамтамасыз ету бойынша денсаулық сақтау органдарына көмек көрсетуді жалғастырып жатқаны туралы баяндады. Бас санитарлық дәрігерлердің қаулысына сәйкес еліміз бойынша 15 санитарлық (Алматы облысы – 9, Қостанай облысы – 4 және Ақтөбе облысы – 2) және 4 блок-бекет (Атырау облысы – 4) қойылған. Карантиндік іс-шараларға 10 мыңнан астам полиция мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылған. 290 карантиндік объекті бақылауға алынған. Сондай-ақ көлік объектілерінде санитарлық дәрігерлерге жолаушыларды фильтрациядан өткізуге жәрдемдесу қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта еліміздің халықаралық әуежайларында 18 бақылау-қадағалау пункті, теміржол вокзалдарында 16 бақылау-қадағалау пункті орнатылды. Бұл объектілердегі күн сайынғы жолаушылар ағыны тиісінше 31 мың және 17 мың адамды құрайды.
Министр Е.Тұрғымбаев қазіргі уақытта «қызыл» аймаққа кірген облыстардағы топтардың жұмысының нашарлығын айтты. «Аталған топтардың жұмыс белсенділігінің төмендеуіне байланысты, азаматтар адамдар көп жиналатын жерлерде маска режімін жиі бұза бастады. Тұрғындар арасында вирустың қауіпсіздігі және вакциналардың тиімсіздігі туралы жалған ақпараттың таралу фактілері бар», деді Ішкі істер министрі. Осыған байланысты Е.Тұрғымбаев өңірлердің әкімдіктерімен және бас санитарлық дәрігерлерімен бірлескен жұмыс аясында мобильді топтардың сауда орталықтарында, мәдени мекемелерде алдын алу жұмыстарына баса назар аударуын, осы мекемелердің иелерімен шектеу шараларын бұзуға жол бермеу туралы қатаң түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруды ұсынды.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өткен аптада Павлодар облысында КВИ-дің 616 жағдайы тіркелгенін хабарлады. Аурушаңдықтың өсуі 5,8% құрады. Соңғы тәулікте 155 жағдай, 396 байланыста болған адам анықталды. Барлық үй ошақтарында эпидемиялық зерттеулер жүргізіліп, жаңа ошақтар оқшауланды. «Өңірдің денсаулық сақтау жүйесі штаттық режімде жұмыс істейді. Инфекциялық төсектердің жүктелуі 37,7%-ды құрайды.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өз кезегінде облыста эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. Соңғы аптада, жалпы аурудың орташа өсуі 0,8%-ды құрады, соңғы тәуліктерде – 1,2% немесе 99 жағдай. 526 адам стационарда емделуде, оның ішінде: ауыр жағдайда 41 адам жатыр. Аурудың артуына жол бермеу және карантин шараларын күшейту үшін барлық қажетті шара қолданылады. Қажетті дәрілік заттарды қосымша сатып алу үшін облыстың тұрақтандыру қорында 500 млн теңге қарастырылды. Өңірдегі эпидемиялық жағдай ерекше бақылауда.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пандемия басталғаннан бері өңірде 672 COVID-19 жағдайы тіркелгенін айтты. Қазіргі уақытта 1 096 стационарлық төсектік орын қамтамасыз етілген, жүктемесі 39,5%-ды құрайды. Қажет болған жағдайда төсектік орын санын
3 мыңға дейін арттыруға дайын. Облыстың дәріханалары мен стационарларында дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдарының азайтылмайтын екі айлық қоры бар.
Жаппай вакциналау 1 ақпанда басталады
Отырысты Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Covid-19 таралу қарқыны бойынша еліміздің 6 өңірі «қызыл аймақта» тұр. Атап айтсақ, Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. «Сары аймақта» – Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстары. Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,1-ді құрайды. Инфекциялық төсектік орындардың жүктемесі – 32%, реанимациялық төсектік орындар – 23%.
QazCovid-in отандық вакцинасы клиникалық сынақтардың III кезеңінен өтуде (алдын ала тиімділігі – 96%).
«Спутник V» вакцинасының сапасын аттестаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. GMP стандарты бар вакциналар шығаратын биофармзауыт салынуда. «Бүгінгі таңдағы ең маңызды міндет – халықты жаппай вакциналауды ұйымдастыру», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 1 ақпаннан бастап медициналық ұйымдардың халықты «Спутник V-мен» жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Осы жылғы 1 ақпанда егуге жататын халық топтарын КВИ-ге қарсы вакциналауды бастау көзделген.
Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне эпидемиялық ахуал нашарлаған жағдайда алдын ала шектеу шараларының жоспарын әзірлеуді, халық пен бизнес субъектілерінің белгіленген санитариялық нормаларды қатаң сақтауын қамтамасыз етуді, бір апта мерзімде инфекциялық стационарлар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек қорларына тексеріс жүргізуді тапсырды. Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, Ақпарат министрлігімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.