Кеше Сыртқы істер министрлігінде 2 томдық қазақша-ағылшынша-орысша және орысша-қазақша-ағылшынша дипломатиялық сөздіктердің тұсауы кесілді.
Кеше Сыртқы істер министрлігінде 2 томдық қазақша-ағылшынша-орысша және орысша-қазақша-ағылшынша дипломатиялық сөздіктердің тұсауы кесілді.
Тұсаукесер рәсімін ашып жүргізген Сыртқы істер вице-министрі Қайрат Сарыбай Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сыртқы саясат саласында тұңғыш рет үш тілді дипломатиялық сөздіктің жарық көріп отырғанын, ал оның 2004 пен 2006 жылдары жарыққа шыққан қазақша-орысша анықтамалық сөздіктердің негізінде жасалғанын айтып өтті.
Кітапқа дипломатия, қазіргі заманғы сыртқы саясат және халықаралық қарым-қатынастарға қатысты терминдер мен сөз тіркестері енсе, жалпы, бүгінгі күні дипломатияның ел өркендеуінде қамтымайтын саласы жоқ екені анық. Ал оның дипломаттар, оқытушылар мен студенттер үшін таптырмас көмекші құралы болатынына да сенім зор. Ең бастысы, мұнда елдер мен олардың астаналарының жазылу нормалары біріздендірілген. Мәселен, Пекин атауы бұдан былай Бейжің деп аталатын болады.
Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Асқар Мусинов жоғарыдағыдай сөздіктерді енді қазақ, араб, орыс тілдерінде шығару қолға алынатынын жария етті. Тұсаукесер рәсімінде сөз алғандар сөздіктің тек дипломаттар, оқытушылар мен студенттер үшін ғана емес, журналистер үшін де таптырмас көмекші болатынын атап көрсетті. Сонымен, дипломаттар мен сыртқы саясатқа қатысы бар жандардың сөмкесінен түспес жаңа сөздік Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өмірге жолдама алды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».