14 Желтоқсан, 2013

Еңбек дауының заңдық арқауы болуы тиіс

310 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Мәжілістегі осы партия фракциясының жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесінің «Еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру туралы» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Мәжілістегі осы партия фракциясының жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесінің «Еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру туралы» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Аталған шараға фракцияның мүшелері мен басшылары, Жоғарғы Соттың, Бас про­куратураның, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Мұнай және газ министрлігінің, облыс­тық мәслихаттардың, кәсіп­одақ­тардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыс­ты. Дөңгелек үстелдің мақсаты, қолданыстағы еңбек заңнамасын жетілдіру, кемшіліктер мен коллизияларды жою жөніндегі ұсыныстарды жасау, еңбек дауларының алдын алудың және шешудің тиімді жүйесін қалыптастыру болды.

Шараны Кеңес төрайымы, Мәжіліс депутаты Гүлнар Сейіт­мағанбетова сөз сөйлеп ашты. Құқықтық базадағы олқылықтардан бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамамыз еңбек қатынастарының деңгейін толықтай қамтамасыз ете алмауда, деген депутат соның кесірінен еңбек дауларының, жанжалдардың болуы, кей жағдайда олардың ұзақ мерзімге созылуы жиі кездесетіндігіне тоқталды.

Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 2011-2012 жылдар аралығында елімізде 35-ке тарта еңбек дауы орын алыпты. Ал биылдың өзінде мұндай наразылық акцияларының саны 27-ге жеткен. Еңбек жанжалдарының барлығын саралағанда, 57 пайызы жал­а­қының мезгілінде төлен­беуіне қатысты болса, 40 пайызы жалақының мөлшеріне, ал 3 пайызы, яғни біреуі кәсіпорын жұмысының тоқтап қалуына байланысты еңбек шарттарының бұзылуына қатысты болған. Экономикада мемлекеттік емес секторлардың ұлғаюы, жұмыскерлердің өздерінің құқығын толық білуге ұмтылысы мен оны қорғау қажеттілігі еңбек дауларына ұласуда.

Депутаттар бұл ретте жұ­мысшымен міндетті түр­де еңбек шартына отыру, еңбек­ақыны уақтылы төлеу, ең­бек қауіпсіздігін заңмен реттеу және оны бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселесін өткір қойды. Әсіресе, сақтандыру компаниялары тарапынан өндірісте зардап шеккен жұмысшыға тиісті төленуі тиіс төлемдерді жүзеге асырмағаны үшін жауапкершілік қарастыруға, әртүрлі еңбек даулары сотқа дейінгі медиация тәсілдерін қолдану арқылы шешуге заңдық тетіктердің қажеттігі баса айтылды. Еңбекақы төлеудегі заңсыздықтар салдарынан жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы жергілікті даулар күрделеніп, жанжалдарға, тіпті ереуілдерге ұласып жатады.

Кеңес төрайымы көптеген жұмыс берушілер үшжақты келісімдерді ұсыным ретінде қарап, оны орындау қажеттігіне назар қоймай отырғандығына қынжылыс білдірді. Бұл тұрғыда келісімге қатысушыларға, әсіресе, жұмыс берушілерге қатыс­ты әкімшілік, тіпті, қыл­мыстық жауапкершілік нормаларын заң жүзінде айқындап бекіту қажеттілігі туындайды, деді Гүлнар Сүлейменқызы.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелде еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі К.Әбсаттаров жан-жақты баяндап берсе, Жоғарғы Сот судьясы Е.Смайылов еңбек даулары бойынша сот тәжірибесінің жинақталған ақпараттарымен бөлісті. Бұдан басқа, бірнеше шешен сөз алып, еңбек дауларын шешу жүйесін жетілдіруге қатысты ой-пікірлерімен бө­лісті. Соның ішінде бизнесті, еңбек нәтижесіне жұмыскерді ынталандыруға тұрақты құқық­тық база талап етілетіндігі де атап айтылды.

Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет пен Парламент депутаттарына заңдылық бастамашы құқығының иегерлері ретінде ұсынымдар қабылданды. Және де бірқатар министрліктерге, Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке еңбек дауларын болдырмаудың тетіктерін әзірлеу жөніндегі ұсыныстар да айтылмай қалмады.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар