19 100 000 000
Биыл облыста салынатын және жөнделетін әлеуметтік және мәдени нысандардың құрылысына осыншама теңге инвестиция қаралған
Оның 15,1 миллиард теңгесі республикалық, ал 4,0 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен бөлінетін болады. Қазіргі таңда облыста 200 нысанды қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Білім жүйесінде 10 нысан салынып жатса, алда тағы да жетеуінің құрылыстары басталады. Сондай-ақ 5 емдеу мекемесінің ғимараты салынуда. 3 мәдениет, 3 спорт, 7 коммуналдық шаруашылық, 22 ауыз су жүйесі, 3 табиғат қорғау нысаны жөнделуде, қалғандары жаңадан бой көтеріп келеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, АҚТӨБЕ.
9 500 000 000
Қарағанды облысында 6 жыл
ішінде аймақтық “Ауыз су” бағдарламасы бойынша осынша миллиард теңге игерілген
Оны орындау кезеңінде өңірдің 103 елді мекеніне ауыз су беруді тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Жалпы алғанда, 600 мыңнан астам тұрғынды таза сумен қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Бұл мақсатта 1219 шақырым құбыр тартылып, олар 31 ауылда қайта жаңартылды. Соның ішінде Тоқырауын-Балқаш магистралды су ағынының қалпына келтірілуі Балқаш қаласына, Қоңырат, Шашубай кенттеріне су жеткізілуін жолға қойды. Жәйрем мен Қаражал қалаларын сумен қамтамасыз ету мәселесі жақын арада шешілгелі тұр.
Келесі жылда осы бағытта 21 жоба іске асырылмақшы.
Айқын Несіпбай, Қарағанды облысы.
4 884 200 000
“Жол картасы” бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылы Қызылорда облысына инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға осыншама теңге бөлінген
Осыншама қаржыға барлығы 128 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Төрт бағыт бойынша жүргізілетін ауқымды шара негізінде 5291 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Аталған бағыттар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін дамыту, жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарын салу және жөндеу, мектептерді, ауруханаларды және өзге де әлеуметтік объектілерді жөндеу, сондай-ақ қалаларды, елді мекендерді көркейтуді көздейді.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.
76 971
“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыстық ұйымында осыншама мүше бар
Бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасайтын облыстық партия ұйымының қатарында 76971 белсенді мүше бар болса, олардың 20190-ы өзге ұлттың өкілдері. Десек те, олардың мақсат-мүддесі – тәуелсіз еліміздегі Елбасының саясатын қолдау, қоғамды демократияландыру мен татулық және ұлтаралық келісімге қол жеткізу. Тілек пен күш біріктірген партия мүшелерінің бұл бағыттағы жұмыстары нәтижелі екендігін күн сайынғы жұмыстары дәлелдей түсуде.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.