Руханият • 21 Қаңтар, 2021

Мойындалмаған Модильяни

414 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әр таланттың өмірі әрқилы. Бірі көзі тірісінде-ақ мойындалып, даңқ шыңына шықса, енді біреуіне сол атағыңыз кешігіп жетіп, күллі өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып жіберетіні бар. Италияда туып, Францияда өшпес өнер тудырған ХХ ғасырдың әйгілі экспрессионист суретшісі Амедео Модильяни тағдыры – сондай өкінішке толы өмір.

Мойындалмаған Модильяни

 

Талант табиғаты

Иә, қырсық қоғаммен ымыраға келмейтін, келе алмайтын Модильяни өмірінің өзі шым-шытырық сурет еді. Тағдырдың картинасы. 1884 жылы Италияның Ливорно мекенінде өмірге келген болашақ суретші жастайынан өнерге құштар болды. Шығармашылық дарын оған анасынан берілген еді. Модильянидің анасы Эугения Гарсин өте зиялы адам болған. Француз тілінен сабақ беріп, әдеби көркем шығармаларды француз тіліне аударумен айналысқан. Сондықтан болса керек, жастайынан шығармашылық нәрімен сусындап, көркемөнер әлемінің қыр-сырын танып өскен Амедео Мо­дильяни бала күнінен-ақ суретші болатынын шешіп қойған еді. Италияның өнері өрістеп тұрған Флоренция, Венеция, Неаполь сияқты бірнеше қаласында болып, антика өнері мен қайта өрлеу дәуірі шығармашылығын жан-жақты зерттеп, өнердің терең тұңғиығын бойлайды. Тіпті, Флоренцияда арнайы сурет мектебінде оқып, жалаңаш дене сұлулығын кенепке түсірудің қыр-сырына қанығады. Алайда қиялы қарымды, шабыты шалқар жас дарынға Италия тарлық етеді. Сөйтіп, 1906 жылы сол кезде мәдениет пен өнердің ордасына айналған Францияға қоныс аударады. Парижде жүріп әйгілі суретші, кубизм бағытының көрнекті өкілі атақты Пабло Пикассомен танысады. Пикассо үлкен өнерге қадам басқан Модильяни шығармашылығына оң бағасын береді, талғамына таңдай қағады. Сурет әлеміндегі атағы жұртшылыққа біршама жайылып үлгерген суретшімен етене араласып, жақын дос болып кетпесе де, көркемөнер жайлы қызу пікірталастың бел ортасында жүреді.

 

Модильяни мен Анна Ахматова

Иә, Париж Модильяни үшін шығар­ма­шылығын шыңдауға, суретпен еркін айналысуға тамаша жол ашып берді. Өмір жолында Пабло Пикассо, Диего Ривера, Поль Гийом, Беатрис Хастингс, Хаим Сутин, Жан Кокто сынды талантты жандармен жолығып, пікірлес, мүдделес, тіпті кейбіреуімен жан дос болады. Соның ішінде әсіресе суретші өмірінде айрықша із қалдырған кездесу –  1909 жылы орыстың әйгілі ақыны Анна Ахматовамен танысуы еді. Ол кезде Модильяни 24 жаста, ал ақын Аннаның 20 жасқа енді толған шағы болатын.

Бұл Анна Ахматованың Парижге жаңадан шаңырақ көтерген жары Николай Гумилевпен бал айын өткізуге келген романтикалық саяхат сапары еді. Алайда Модильяни мен Анна арасындағы махаббат жалынының лаулауына ол да кедергі бола алмады. Осы бір отты кездесу жайлы суретші өз жазбасында былай деп естелік қалдырыпты: «Бірде біз отырған Монпарнастағы «Ротонда» кафесіне жұқалтаң келген ұзын бойлы бикеш кіріп келді. Оның ғаламат сұлу немесе ажарсыз екенін бірден тану мүмкін емес еді. Бір ғана білерім – бойжеткен ханшайымдай еді!» деп тамсана жазады Модильяни. Сол әсермен суретші Анна Ахматованың 14 портретін кенеп бетінде бедерлейді. Махаббат хикаясының тым келте қайырылғанына қарамастан, бұл кездесу Анна Ахматова өмірінен де елеулі орын алады. Ару Аннаны суретшінің бойындағы нағыз шығармашылық адамына тән тазалық пен дәрменсіздік ерекше тәнті еткен еді. Модильяни жайлы естелігінде Анна Ахматова талант иесінің сіңірі шыққан кедейлігінен бөлек, тамаша таланты  мен ерекше киіну стилін һәм адами ажарын тамсана жазады. Тіпті көңілінде қалған көктем сезімді де іркіп қалмайды. Өнерге ұласқан ұлы іңкәрлік жайлы Анна былай ақтарылады: «Мүмкін біз маңызды бір нәрсені түсінбеген шығармыз: арамызда болғанның барлығы екеуміз үшін өміріміздің негізі болды: оныкі – тым қысқа, менікі – өте ұзақ». («Вероятно, мы оба не понимали одну существенную вещь: все, что происходило, было для нас обоих предысторией нашей жизни: его – очень короткой, моей – очень длинной»).

Сезімтал ақын жүрегі сол кездің өзінде-ақ Модильянидің кенептегі қолтаңбасы болашақта жер-жаһанды таңдай қаққызарын ішкі түйсікпен сезген, талант табиғатын дөп басып тани білген еді. Алайда Модильянидің Парижге келгеннен кейінгі  өмірі жоқшылықпен астасады. Кедейліктің тауқыметін тартқан дарын тіпті ішер асқа зар болады. Анасының туған жерден жіберген азғантай ақшасы то­йып тамақ ішуі мен ең қажетті деген тұрмыстық заттарын алуға әзер жететін. Көбінесе, портрет жанрында толғанатын болғандықтан да, оның жұмыстары сұранысқа ие болмады. Жанашыр беделді достарының арқасында бірнеше жерде көрме ұйымдастырылып, суреттері сатылымға қойылғанымен, картиналары Модильяниге көзі тірісінде табыс әкелмеді.  Суретші жұмыстары дер кезінде мойындалып, лайықты бағасын алған жоқ.

 

Кешігіп жеткен даңқ

Бірақ, бұл Модильяниді мойытқан жоқ. Керісінше, жігерін жанып, күн-түн демей шеберханасында уақытпен санасуды ұмытып еңбек етті. Әу бас­та мүсінші болуды армандағанымен, жоқшылықтың салдарынан ол арманын бояу мен қылқалам арқылы ақиқатқа айналдыруға амалсыз көнді. Өйткені, мүсінге қажетті құралдарды сатып алуға, сол арқылы өзін скульп­тор ретінде дәлелдеуге қыруар қаржы қажет еді. Ал ондай байлық, өкінішке қарай, Модильяниде болған жоқ. Мүсінші достарының жұмысынан артылып, өзіне тегін берілген материалдан бірнеше шағын мүсіндер қашағанымен, бұл салада қанатын кеңге жайып қарқынды еңбек ете алмады. Сондықтан да өмірін түбегейлі суретке бұрды. Нәтижесінде бүгінде әлемді мойындатқан небір ғаламат картиналары өмірге келді. Бір қызығы, кенептегі суретші жұмыстарынан скульптура элементтерін жиі байқауға болады. Бұл да орындалмай қалған сол үлкен арманының кішкентай жарқыншақтары болса керек.

Модильянидің жұмыстары да өмірі секілді күңгірт бояуға қанық. Жар­қын түске суретші тым сараң. Соған қа­ра­мастан, Модильяни жұмыстарында ерекше талғам, түстердің тамаша үндестігі бар. Сонысымен де оның қолтаңбасы замандастары арасында дараланып тұрады. Модильяни негізінен қылқаламын екі бағытта сөйлеткен. Ең әуелгісі – әйел денесінің жалаңаш қалпында салынған сұлулық пен сыршылдық һәм шынайылық қатар өрілген натуралистік бағыттағы суреттері болса, екіншісі – әрине, портрет жанрында салынған жұмыстары. Олардың қатарында өмірлік махаббаты Жанна Эбютернге арнаған бірнеше картинасы, Пабло Пикассо, Диего Ривера, Поль Гийом, Хаим Сутин, Жан Кокто бастаған замандастар бейнесі көш бастайды. Бұл теңдессіз туындылар сол кездегі замана тынысын шынайы бедерлеуімен құнды.

Жалпы, көп арасынан Модильяни қолтаңбасын бірден тануға болады. Оның сыры – суретші жұмыстарындағы бәріне бірдей тән аққудай керілген ұзын мойын, бантик пішіндегі сұлу ерін сиқыры. Барлық картинасына ортақ ұқсастық саналатын бұл ерекшелікті сонымен қатар көз жанарын айқын бейнелемейтін шығармашылық қы­ңыр­лығы, бәлкім суреткерлік ер­кіндігі толықтырады. Модильянидің шығар­машылық әле­міне зер салған адамды шынымен-ақ суретшінің өз кейіпкерлерінің көзін бейнелемейтіні таңырқататыны һәм тосын ойларға жетелейтіні бар. Қылқалам ұшына қонған өнерінің бұл ерекшелігін суреткердің өзі: «Мен кенепке түскен кейіпкерлерімнің жанарын оның тек жан дүниесін толық танығанда ғана бейнелеймін» деп түсіндіреді.      

Пешенесіне небәрі 35 жыл ғұмыр жазылған талант жер бетіндегі қам­шының сабындай қысқа ғана өмірінде сурет әлеміне теңдессіз олжа болып қо­сылған жарқын жұмыстарымен өнер­сүйер талғампаз қауым жадында мәңгілікке жатталды. Алайда бір өкініштісі – серілік құрып, өнерде еркін ой айтқан талант көзі тірісінде мойындалмады. Даңқ оған кешігіп жетті. Өнертанушылар Модильяни жұмысына ХХ ғасырдағы экспрессионизм бағытының озық өкілі деп таңдай қақты. Кезінде құнсыз болған картиналары ол өмірден өткен соң қыруар ақшаға бағаланды. Бірақ ол кезде мұның бірі де суретшіге қажет емес еді. Өйткені жоқшылықтың кесірінен ішімдікке әуес болып, соның салдарынан бала күнгі дерті асқынып, отбасы ойрандалған талант өмірі өкінішке толы. Нағыз даңқ шыңына көтерілер шағында тұрмыстың тауқыметіне һәм өнердегі әділетсіздіктерге шыдамаған сәби көңілді суретшінің нәзік жүрегімен бірге келешекке артқан үкілі үміті де  кенеттен үзіліп кеткен еді... 

 

Мәжнүн-махаббат

Жаратқан Модильяниді жоқшылық­пен сынағанымен, махаббатта оған теңдессіз тарту жасады. Бүкіл ғұмы­рының ғаламатына айналған мәңгілік махаббаты Жанна Эбютерн есімді аруға жолығып, өмірінің соңына дейін сұлумен бірге ғұмыр кешеді. Жаннаның да мамандығы суретші болғанымен, бойжеткен сүйгенінің арманы жолында өз қалауынан бас тартып, саналы өмірін сүйікті жары Модильияниді қолдауға арнады. Тіпті ата-анасының қарсылығына қарамастан, Модильяни үшін туған үйінен қашып кетіп, сүйгенімен өмірдің бар тауқыметін бірге тартты.

Жанна өмірлік серігіне барлық жағынан адал жар бола білді. Перзент сыйлады. Қиын сәтінде қасынан табылып, жан  жылуымен, шексіз махаббатымен Модильяни өміріне мән берді. Алайда осынау ғаламат отбасылық бақытты сезінуге суретшінің күрт нашарлап кеткен денсаулығы мүм­кіндік бермеді. 35 жасқа қараған ша­ғында туберкулез менингитінен ХХ ғасырдың әйгілі суретшісі көз жұмды. Модильянисіз өмірді мансұқ көрген екінші сәбиіне айы-күні жетіп отырған сүйікті жары Жанна да суретші өмірден көшкен күннің ертеңінде жарық дүниені талақ етіп, көп қабатты үйдің терезесінен секіріп мерт болады. Бір өкініштісі – Жаннаның құрсағындағы сәбиі 9 айлық еді. Осы­лайша ғашықтықтың ғаламатымен ғадауатын да қатар тартқан сұлу бойжеткен Модильянимен бірге өткізген небәрі үш жылға созылған қуанышынан гөрі қасіреті басымдау қайталанбас күндерінің әдемі естелігі үшін бар өмірін құрбан етті. Жаннаны тіпті бе­сік­тегі жылап жатқан сәбиі де тоқтата алмады. Модильяниге деген махаббат оны мәжнүн етті. Жазғыра алмайсың, оған хақымыз да жоқ. Әйгілі суретшінің музасы болу – оның бақытты һәм азапты тағдыры еді...