Хоккей • 21 Қаңтар, 2021

«Йокериттен» есе қайтарды

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанның «Барысы» Құрлық­тық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Хельсинкиде «Йокерит» командасымен өткізді.

«Йокериттен» есе қайтарды

Екі ұжым арасындағы алғашқы ойын өткен жылдың қазанында Нұр-Сұлтанда өтіп, сол бәсекеде қонақтар «Барысты» 5:4 нәтижесімен овертаймда қапы қалдырған болатын. Хельсинкиге елордадағы кеткен есені қайтаруға барған жерлестеріміз өз дегендеріне жетті. Бірінші кезеңде командалар бір-бірінің қақпа кілтін ұзақ уақыт таба алмады. Десек те 19-минутта «Барыстың» канадалық легионері Филип Вароне есеп ашты. Үзілістен кейін де екі жақ біраз тірескенімен, шайба соға алмады.

Үшінші кезеңде айдын иелерінен Алекс Грант (42-минут) есепті теңестіруге мүмкіндік алғанымен, бұл шайба «Йоке­риттің» осы ойындағы алғашқы және соңғы голы болды. Тең есепті қанағат тұт­паған жерлестеріміз қарқынын одан әрі күшейтті. Нәтижесінде, 51 және 56-минут­тарда Кёртис Волк қарсыластың қақпа­сын екі мәрте дәл көздесе, 59-минутта Антон Сагадеев кездесудің нүктесін қойды. Осылайша, «Барыс» сырт айдында «Йокерит» ұжымынан есе қайтарып, 4:1 есебі­мен жеңіске жетті. Елорда командасы келесі кездесуін бүгін Мәскеуде «Динамо» клубымен өткізеді.