Белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлының балаларға арналған «Ақ балапан» кітабы Түркияда жарық көрді. Кітаптың басылып шығуына мұрындық болған көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Минар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара еңбектің латын әрпімен жарық көргенін айтады.
Белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлының балаларға арналған «Ақ балапан» кітабы Түркияда жарық көрді. Кітаптың басылып шығуына мұрындық болған көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Минар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара еңбектің латын әрпімен жарық көргенін айтады. Ғалым: «Тілге жеңіл, ойға орамды бұл еңбек Түркия мен Еуропада тұратын, ана тілінен, туған жұртынан жырақта жүрген, әрі оны ұмытуға таяу қазақ жастары үшін аса пайдалы. Қазірдің өзінде сұраныс өте көп», дейді.
Ал жазушының өзі: «Өзге тілдің телегейіне бату қаупіндегі балаларымыз үшін менің кітабым қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек көрсетсе ол менің ғана емес, Отан топырағында отырған барша қазақтың өтелген бір қарызы болар еді», дейді.
Осыдан бұрын оның «Ақбота» атты балаларға арналған тағы бір кітабы ҚХР-дың «Жастар-өрендер баспасынан» шығып, Шыңжаңда өмір сүріп жатқан қандастарымызға тез тарап кетіпті. Ыстамбұлдағы «Sanat» баспасынан басылып шыққан «Ақ балапан» кітабы жазушының балаларға арналған үшінші кітабы.
«Егемен-ақпарат».