Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» компаниясы маңғыстаулық мұнайшыларға керемет тарту жасады. «Қаражанбас» кен орнында елімізде теңдесі жоқ техникалық өндірістік база ашылды. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.
Осы аталған база аймақтағы барлық мұнай-газ өндіруші компанияларға жоғары деңгейдегі техникалық қызмет көрсетуге дайын. Мұнда Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр құрылған «Технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы» серіктестігінің жұмыскерлері еңбек ететін болады.
Жаңа ашылған өндірістік базада бір мезгілде 250 автокөлік пен арнаулы техникаға сапалы қызмет көрсетіледі. Нақты айтқанда, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтардың көмегімен техникаларға диагностика жасалып, күрделі деген ақаулар қалпына келтіріледі. Сонымен бірге, автоматтандырылған құрылғы ластанған көліктерді әп-сәтте жуып-шайып, толық тазартып шығады екен.
Жөнделуге әкелінген көліктер үшін аумағы 3 мың шаршы метрді құрайтын жылы гараждар салынған. Технологиялық көлік цехының бастығы Бердіхан Арешовтің айтуынша, мұнда жұмыс істейтін мамандар өзге қалалардағы осындай базаға барып тәжірибе жинақтаған. Сондықтан басшылар жұмыста қиындық туындамайтынына сенімді болып отыр.
«Былтыр және биыл мұнда көп жұмыстар атқарылды. Көптеген техникалар алынды. Мыңдаған мұнайшы жұмысқа орналасты. Қаламқас және Қаражанбас кен орындарында вахталық поселкелер салынды. Мұнайшылар толықтай жұмыспен қамтамасыз етілді. «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» компаниясы дәл осындай базаны болашақта Жаңаөзенде салуды жоспарлап отыр» ,-дейді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «Хабар» телеарнасы