Саясат • 22 Қаңтар, 2021

«Достлуг» Каспийдегі достықты нығайтады

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейнебайланысқа шықты. Жиын екі үкімет арасындағы меморандумға қол қою мақсатында орайластырылды.

«Достлуг» Каспийдегі достықты нығайтады

Меморандум Каспий теңізіндегі «Достлуг» кен орнының көмірсутегі ресурсын игеру, жасақтау, бірігіп барлауды мақсат етеді.

Қос мемлекеттің президенттері серіктестік жоспарын кеңесіп, аталған аймақтың өзекті мәселе­лерін талқылады. Осы ретте Әзер­байжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Түрікменстанға ресми сапармен барғанын айта кеткен жөн.

«Осы келісім негізінде екі ел «Достлуг» кен орнының дамуы жолында жұмыс істеп қана қоймай, Түрікменстаннан Әзербайжанға Каспий теңізі арқылы тасымалданатын табиғи газ мәселесін шешуді де жолға қояды деп сенемін. Бұл Түрікменстан Республикасының өз өнімін сенімді нарыққа тасымалдауы үшін де маңызды деген ойдамын», деді жиынға қатысқан АҚШ-тың Әзербайжандағы бұрынғы елшісі Мэтью Бриза. 

Иран Сыртқы министрі Мұхам­мед Джавад Зарифтің де жақын күндері Әзербайжанға сапарлап баратыны белгілі болды. Одан әрі министр Ресей, Армения мен Грузия елдеріне баруды жоспарлап отыр.

Жаңа меморандум екі энерге­тикалық державаның Каспий теңізі аймағында тұрақты экономиканың дамуына жағдай жасайды деген болжам бар. Бұл тақырып Гур­­бан­­гулы Бердімұхамедовтің 2020 жылы наурызда Бакуға сапары барысында талқыланған-ды. Түрік­менстан президенті меморан­думның «Достлуг» деп аталуы жақсы белгі, екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайтады деген сенімін жасырмады. Сонымен бірге оның жаңа инвестицияларға бастама болатыны да сөз етілді. 

Айта кетейік, 2018 жылы тамызда теңізбен шектесетін 5 елдің басшылары Ақтау қаласында бас қосқан-ды. Қазақ­стан, Әзербайжан, Түрік­менс­тан, Ресей мен Иран прези­дент­тері қатысқан 5-саммитте конвенция жобасы ұсынылып, Каспий теңізі жағалауында орналасқан мемлекеттердің құқықтары мен жауапкершілігі анықталған болатын.