15 Желтоқсан, 2013

Ер еңбегімен еңселі

392 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында республиканың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ азаматқа жоғары мемлекеттік наградалар тапсырды. Бұл күні Мемлекет басшысының қолынан награда алғандар қатарында денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы өндірісі, білім, экономика, өнер салаларының көрнекті өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілер болды.

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында республиканың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ азаматқа жоғары мемлекеттік наградалар тапсырды. Бұл күні Мемлекет басшысының қолынан награда алғандар қатарында денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы өндірісі, білім, экономика, өнер салаларының көрнекті өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілер болды.

Салтанатты рәсімді ашардағы кіріс­пе сөзін жиналғандарды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерекесімен құттықтаудан бастаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев егемендік жылдарында елімізде көптеген озық дәстүрлердің пайда болғанын айта келіп, соның бастыларының бірі адам еңбегін лайықты бағалау, сол арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру екенін атап өтті.

– Енді екі күннен кейін Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялағанына 22 жыл толады. Бұл – Қазақстанды бүкіл әлем таныған күн, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Осы уақыт аралығында біздің қол жеткізген басты жетістіктеріміздің бірі ретінде адамдарды еңбек дағдысына үйреткенімізді айтып өткен ләзім. «Ер еңбегімен еңселі» деген сөз бар. Біз сондай еңселі ерлердің еңбектерін әрдайым лайықты бағалап, оларды жыл сайын Қазақстанның басты жалпыұлттық мерекесі қарсаңында марапаттап отыруды үлгілі үрдіске айналдырдық. Мұның өте жоғары символдық мәні бар. Өйткені, мемлекетіміздің тәуелсіздігі осы жылдар ішінде сіздер мен біздердің, яғни әрбір жеке адамның еңбегінен құралады.

– Біздің тәуелсіздік жылдарында ерен еңбектің өлшемін білдіретін бір белесіміз «Қазақстанның Еңбек Ері» деген жоғары атақты өмірге келтіргеніміз болды, – деді Елбасы. – Бейнеті қаттының зейнеті тәтті. Міне, бүгін сондай ел алдындағы ерекше еңбектерінің арқасында «Еңбек Ері» атанғандар қатары тағы үш адамға артып отыр. Олардың бірі – дәрігер болса, екеуі – ауыл шаруашылығы өндірісінің майталмандары. Осындай зор атаққа қол жеткізіп отырған үш азаматымыз да елдің игілігі жолында аянбай тер төгіп келеді.

Мемлекет басшысы өз сө­зінде патриотизм, өз ісіне беріл­гендік, Отан игілігі жолындағы қа­жырлы еңбек, қызметі мен кәсібіне қарамастан, марапат­тал­ғандардың барлығын бір ортада біріктіретініне тоқталды.

– Біздің бәріміз награда алу үшін емес, өзіміздің күнделікті ісімізді адал атқару үшін жұмыс істейміз, – деді бұдан әрі Пре­зидент. – Адам сүйікті ісіне жан-тәнімен беріліп, оған өзінің барлық күш-жігерін жұмсаған кезде награда мен мойындау оны өзі табады. Біз үшін ең құнды ортақ награда – жаңа биіктерді бағындырып келе жатқан, күллі әлемге танылған өскелең Қазақстан. Өте жақсы атқарылған жұмыс үшін ең жақсы марапат – жұмысты одан әрі жақсы атқаруға мүмкіндік беру дейді ғой. Біздің қоғамның аса маңызды құндылығы – оны біріктіруші қажырлы еңбек. Сондықтан мемлекет атынан біз өз еңбегімен зор табысқа жеткен азаматтарға ерекше құрмет көрсетеміз. Олай болса, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы осы қатардан көрініп отырған Абзал Жұмашұлы Ерәлиевке, Юрий Владимирович Пяға және Иван Адамович Сауэрге беріледі.

Нұрсұлтан Назарбаев Қы­зыл­орда облысының Сырдария ауданындағы «Абзал және К» серіктестігі мен оның директоры Абзал Ерәлиевтің қызметіне ерекше тоқталды.

– Бүгінде серіктестік күріштің түсімі бойынша Қызылорда облысында көш бастап келеді. Компанияда күріш өсіруден бастап, дайын өнімді дүкен сөрелеріне жеткізуге дейінгі толық өндірістік цикл енгізілген, – деді Президент. – Кәсіпорын, сондай-ақ, күрішті шетелге бас­ты экспорттаушы да болып табылады. Ол адамдарды жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік салаға тұрақты түрде инвестиция салады. Мен бұл шаруашылықта бірнеше рет болдым және ол тұрған жерде саябақтары, әлеуметтік нысандары мен жақсы өмір сүру үшін қажетті нәрсенің бәрі бар гүлдей жайнаған нағыз қалашықты көріп таңғалдым. 

Мемлекет басшысы Юрий Пя басшылық ететін Астана қа­ла­сын­дағы Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығы бү­гінде бүкіл республикаға және шет­елдерге де белгілі екенін атап өтті.

– Ол мыңдаған ересектер мен балалар үшін үміт пен шипагерлік нышаны болып саналады, өйткені, ол жаңа өмір сыйлады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Орталық қысқа мерзімде барлық жаңа технологияны игерді және әлемде мойындалды. Мемлекет басқа да бірегей орталықтар салды. Денсаулық сақтау саласына зор көңіл бөлінуде, қаржыландыру жыл сайын артуда. Осы салаға бөлінетін қаражаттың ішкі жалпы өнімге қатысты көлемі бойынша біз дамыған елдер қатарына жақындадық. Алайда, бүгінде қажетті жұмысты ғимарат пен жабдықтар емес, нақты айтсақ, мамандар орындайды. Қазір Юрий Пя өздерінің бірегей әзірлемелерін жасау табалдырығында тұр. Биылғы жылы елімізде жүрекке 40 мыңнан астам әртүрлі ота табысты жасалды. Ал оларды шет­елдерде жасататын болсақ, аса көп шығын кеткен болар еді.

Қазақстан Президенті Иван Сауэр басқаратын Ақмола об­лы­сындағы «Родина» агрофир­ма­сының жұмысына да зор баға берді.

– «Родина» агрофирмасы­ – ауыл шаруашылығы ісін жүр­гізудің нағыз үлгісі. Мысалы, кәсіпорындағы еңбек өнімділігі бір жұмыскерге 38 мың доллар болады. Бұл – рекорд, себебі, еліміз бойынша бұл көрсеткіш 7 мың долларға ғана тең. Егер, жалпы алғанда, аграрлық секторда өнімділік «Родинаның» көрсеткішінің жартысына жа­қын­даған болса, онда өнім көлемі басқаша болар еді. Мұнда өндірісті мінсіз дамытып қана қоймай, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарайды. Фирманың еңбеккерлері жұмыс істейтін кентте спорттық және әлеуметтік нысандар, жақсы жолдар, ауруханалар  салынған, жылу беру жүйесі орнатылған, – деді Мемлекет басшысы.   

Қазақстан Президенті жоға­ры мемлекеттік наградалар ғалымдарға, мәдениет пен өнер, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының қайраткерлеріне, өндіріс иелеріне, қоғам қайрат­керлеріне, әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тапсырылатынын айтты.

– Сіздердің бәріңіз жаңа Қазақстанды құра отырып, барынша үздік нәтижелерге қол жеткізу үшін күш-жігерлеріңіз бен таланттарыңызды аянбай жұмсап келесіздер, – деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. – Мен сіздердің жетістіктеріңіз өз әріп­тестеріңізді және барлық азаматтарды зор биіктерге жігер­лендіретініне сенемін. Өйткені, біздің алдымызда жаңа, анағұрлым ауқымды мақсаттар тұр. Нақ осындай жасампаздықпен алға қадам басу – тәуелсіздігіміздің басты мән-мағынасы.

Мемлекет басшысы осыдан кейін «Халықаралық бизнес университеті» ЖШС пре­зиденті Кенжеғали Сағадиев пен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Вла­димир Школьникке «Отан» орденін, Атырау облысының әкімі  Бақтықожа Ізмұхамбетовке «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев» орденін табыс етті. Ал «Барыс» орденінің тиісінше үш дәрежесімен «ҚазМұнайГаз салынатын кәсіп­орындар дирекциясы» ЖШС бас директоры Нұрлан Балғымбаев, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың бас хатшысы Тайыр Мансұров және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов марапатталды. Бұл күні «Парасат» ордені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің төрағасы Әлихан Байменов пен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағын­таевтың омырауларына тағылды.

Келесі кезекте «Абай атын­да­ғы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық опера және балет театры» РМК әртісі Сәуле Альберс, Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы Сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қа­дағалаушы сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров, Қазақстан Республикасы Эко­номика және бюджеттік жос­парлау министрі Ерболат Досаев, Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның «Нежинка-Ерке» ЖШС бригадирі Надежда Колковская, «Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мем­лекеттік акаде­мия­лық орыс театры» РМК әртісі Ольга Коржева, Қазақстан Республикасы Қор­шаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы Б.Мо­мыш­ұлы атындағы №6 мектеп-гимназия директоры Өмірхан Қозыбақ және Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов «Құрмет» орденінің иегерлері атанды.

Салтанатты сәтте әскери және қызметтік борыштарын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Олардың қатарында II дәрежелі «Даңқ» орденіне Алматы қалалық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Әмірхан Аманбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Серікбай Ерімбетов, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасарлары Ерлік Кененбаев және Амантай Күреңбеков, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Бағдат Майкеев, Павлодар облысының прокуроры Дастан Сартаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығы Сейітжан Шалабаев болды. Ал I дәрежелі «Айбын» ордені Республикалық ұланның бас инспекторы Мейрам Махатовқа, II дәрежелі «Айбын» ордені Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының бөлім бастығы – ұшулар қауіпсіздігі жөніндегі бас инспектор Қайрат Баймаханов пен Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің департамент бастығы Рүстем Чакеновке, ал «Ерлігі үшін» медалі Астана қаласы ішкі істер департаменті патрульдік полиция полкінің полицейі Медет Сасановқа тапсырылды. 

Салтанатты рәсім барысында мемлекеттік наградалар иелері аттарынан Абзал Ерәлиев, Юрий Пя, Иван Сауэр, Кенжеғали Сағадиев және Ольга Коржева өздерінің еңбектерін жоғары бағалағаны үшін Қазақстан Президентіне зор алғыс сезімін білдірді.  

Салтанатты рәсімнің соңында Мемлекет басшысы барлық лауреаттарды марапаттарымен тағы бір рет құттықтап, еліміз олардың еңбегін лайықты бағалайтынын атап өтті.

– Бұл сіздер үшін қуанышты оқиға әрі үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Сіздерге қарап өзгелер өседі, осындай биіктерге жету үшін өзге үміткерлер ұм­тылады. Еліміздің ұлы мере­ке­сі – Тәуелсіздік күнімен құт­тық­тай­мын. Баршаңызға зор бақыт, бақ-береке тілеймін. Еңбектеріңіз үшін рахмет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің түйінінде.

Шара соңында награда алғандар Президентпен бірге ескерткіш суретке түсті.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан». 

Соңғы жаңалықтар