Желтоқсанның 13-і күні Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) төртінші турында Astana Arlans Кубаның Cuba Domadores командасын қабылдап, 2:3 есебімен ұтылып қалды.
Желтоқсанның 13-і күні Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) төртінші турында Astana Arlans Кубаның Cuba Domadores командасын қабылдап, 2:3 есебімен ұтылып қалды.
Бірінші ұрыста Мирас Жақыпов Херардо Сервантесті ұтып, кубалықтардың бірінші жеңілісін тіркеді. Мәселенің мәнісі мынада, Бостандық аралының командасы бұған дейін өткізген үш матчын да 5:0 есебімен аяқтап, бірде-бір жекпе-жекте қарсыластарына есе бере қоймаған еді. Сол сеңді біздің боксшы бұзды.
Бірақ бұдан кейінгі үш шайқаста кубалықтардың айдыны озды. Атап айтқанда, Жандос Момынов Лазаро Альвареске, Бақытжан Қожабеков Ариспойдис Дэспайнға, ал хорватиялық легионер Хрвое Сеп өз кезегінде Сезар де ла Крусқа тізе бүкті. Меймандар сапындағы жоғарыдағы үш боксшы да биыл Алматыда өткен әлем чемпионатына қатысқан болатын. Үшеуі де финалға дейін жетті. Солардың екеуі – Лазаро Альварес пен Хулио Сезар де ла Крус чемпион атанды. Екеуі де бұл атаққа 2011 жылғы Бакуден кейін қатарынан екінші рет қол жеткізді. Ал Ариспойдис Деспайн Алматы финалында біздің Данияр Елеусіновтен ұтылып қалды. Осы жолы кубалық біздің Бақытжанды нокаутпен ұтты. Сонымен, матчта қонақтардың командалық есепте жеңіске жеткендері белгілі болды.
Соңғы айқаста келесі хорват жігіті Филип Хргович қарсыласы Хосе Анхель Лардуэтті үшінші раундта жеңді. Ол алғашқы екі раундта айқын басым көрінді. Үшінші раундта екі рет нокдаунға жіберді. Осыдан кейін кубалық бапкерлер өз жігіттерін шаршы алаңнан шығарып алды.
Осылайша, есеп 3:2 болып, Cuba Domadores боксшыларының пайдасына шешілді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.