Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан сазды-драма театры бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі – шетелге бала сату проблемасына арналған «Тірі жан» атты драманы көрерменге ұсынды. Бұл шығарма кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы өткізген драмалық шығармалардың жабық бәйгесінде жүлдеге ие болған еді. Оны сахналаған – өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Кәрімбек Сейітметов. Алданып қалған жас келіншек Ұлмекен (Гүлзада Айтбаева), жылпос жігіт Пазик (Жандос Маханов), шетелдік бизнес өкілі Эльтон мырза (Шәкен Амантұров), т.б. өз рөлдерін аса шеберлікпен орындап, көп көңілінен шықты.

Екінші спектакльді Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры сахналады. «Ай астындағы алтын шаһар» атты спектакльдің негізгі оқиға желісінде – бір отбасындағы трагедиялық ахуал сөз болады. Спектакльдің режиссері – халықаралық театрлар фестивалінің лауреаты, кәсіби «Еңлікгүл» сыйлығының иегері Қуандық Қасымов. Өз шаранасынан жеріген жас келін Нұрғаным (С.Айдарова), көреген ана Балым (Ұ.Базарбаева), кейуаналар Нәзипа (М.Жұмаділдаева) мен Шәрипа (А.Раметова), т.б. шығарма мазмұнын барынша аша түскен. Әсіресе, мұнда енелер мен келіндер арасындағы бүгінгі қарым-қатынас жайы барынша шынайы көрініс тапқан. Шымыр тартыс бар. Айта кету керек, «Ай астындағы алтын шаһар» – Мәдениет министрлігі 2011 жылы жариялаған Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған драмалық шығармалар конкурсында арнайы жүлде алған пьеса.
Бұл екі пьесаның да авторы – белгілі жазушы-драматург, бірқатар әдеби бәйгелердің жеңімпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлы.
Екі қойылымдағы көтерілген өмірлік-тағдырлық мәселелер көрермендерді бейжай қалдырмайтыны анық.
Айнұр НАЙМАНБАЙ,
мәдениеттанушы.