15 Желтоқсан, 2013

Қос қуаныш

344 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда «Мұстафа Шоқай. Он екі томдық толық шығармалар жинағы» және «Поль Гурдэ – Верный қаласының французы» кітаптарының тұсаукесері өтті. Айтулы шараны Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Францияның Қазақстандағы елшілігі мен ҚР Ұлттық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды.

Алматыда «Мұстафа Шоқай. Он екі томдық толық шығармалар жинағы» және «Поль Гурдэ – Верный қаласының французы» кітаптарының тұсаукесері өтті. Айтулы шараны Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Францияның Қазақстандағы елшілігі мен ҚР Ұлттық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды.

Түбінде тәуелсіз болатынымызға сенген тұлғаға қатысты осынау шаралар рухани тұрғыда Мұстафа Шоқайды туған жеріне оралтты деп айтуға енді негіз бар.

– Қазақстандағы Франция мәде­ниеті жылы шеңберінде өтіп отырған бұл шара 3 күннен кейін өтетін Тәуелсіздік мерекесіне үлкен тарту болмақ. Өйткені, тәуелсіздік болмағанда Мұстафа Шоқайдың есімінің аталу-аталмауы екіталай еді. Бізге осындай жағдай жасауға мүмкіндік беріп отырған ең алдымен ел Тәуелсіздігі. Бүгін бізде қос бірдей қуаныш болып отыр. Біріншісі, Мұстафа Шоқайдың толық шығармалар жинағының 6 томдығының тұсаукесері болса, екіншісі, оны шығарып бізге жеткізіп отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Есма­ғамбетовтің туғанына 75 жыл толып отыр, – деді Рамазан Сүлей­менов атындағы Шығыстану инс­титутының директоры Әбсаттар Дербісәлі.

Көшім Есмағамбетовтің айтуынша, жинақтың келесі 6 томы 2014 жылы көрнекті мемлекет қай­раткері, тарихшы-ғалым, пуб­лицист М.Шоқайдың 125 жыл­дық мерейтойы қарсаңында жа­рық көрмек. Шығыстану инс­титуты Мұстафа Шоқайдың 12 томдық еңбектерін шығарып отыр.  Мұстафаның көп еңбектерінің түпнұсқаларының көшірмелері Ресейдің, Францияның Сыртқы істер министрлігі, АҚШ-тағы Гувер институтының мұрағаттарынан, Түркия, Англия, Польша, Грузия, Өзбекстан мен басқа мемлекеттердің кітапханаларынан сатып алынды. 2011 жылы Франциядан Мұстафа Шоқайдың жеке мұрағатының элек­трондық көшірмесін сатып алу осы жобаны іске асыруда зор демеу болды. Басылым ғылыми түсінік­термен, Мұстафа Шоқайдың жеке жұмыстарының факсимилесі, оның жеке мұрағатының құжат­тары­мен және иллюстрациялармен қамтылған.

Қай жағынан алсаң да тағылымы мол шараға Мұстафа Шоқайдың туған жері Қызылорда елінен де арнайы делегация келіпті. Қызылорда облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы  Ержан Уайіс Мұстафаның кіші отанының сәлемін жеткізіп, қазақ азаттығын көксеп, көкейкесті арманына ғұмы­рын арнаған тұлғаға қатысты туған өңірінде жасалынып жатқан тірліктерді тілге тиек етті.

ҚР ҰҒА академигі Әбдімәлік Нысанбаев пен ҚР ҰҒА коррес­пондент-мүшесі Мәмбет Қой­гелдиев Мұстафа Шоқайға қатысты маңызды деректермен бөлі­сіп, бұл томдар Мұстафа Шоқай­­дың Отанына оралуы десті.

Ал Түркиядан арнайы келген PhD докторы Вежихи Сефа Хуат Хекимоглы шоқайтанудың негізі Түркияда қаланғанын алға тартып, қазір де өз елінде қазақ перзентіне қатысты зерттеулер жүргізіліп жат­­­қа­нын нақты мысалдармен дәйектеді.

Осыдан кейін шара келесі – «Поль Гурдэ – Верный қаласының французы» атты кітаптың тұсауке­серіне ұласты. Жиналғандар профессор Винсент Фурньонің баяндамасын қызыға тыңдады.

Тағдыр жазуымен байырғы Ал­матының тұрғыны болған көрнекті сәулетші, ағартушы Поль Гурдэге қатысты ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ғылыми қазына» атты мақсатты бағдарламасы шең­­берінде және Қазақстандағы Фран­цуз Республикасының елші­лігі мен «Allianse Francaise» қолдауымен үш тілде шыққан кітапта қызықты деректер мол. Қазақстан мен Фран­­цияның мұрағаттық қор­ларында сақталған құжаттар мен мате­риалдардың басым бөлігі бұрын-соңды жарияланбаған және ғылыми айналымға енбеген. Кітап­тың иллюстрациялық материалдары да айрықша құнды. ХІХ-ХХ ғасырдың басында Алматы қаласының тарихы мен мәдениетінің айғағы болатын фотосуреттерге баға жетпейді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Суретті түсірген

Азамат ҚҰСАЙЫНОВ.

Соңғы жаңалықтар