Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 22 жылдығына орай Мәскеуде салтанатты қабылдау болып өтті. Оған Ресей Президенті әкімшілігінің, Үкіметінің өкілдері, Мемлекеттік дума мен Федералды жиналысы Федерация кеңесінің депутаттары, сыртқы саясат ведомствосының басшылығы, бірқатар министрліктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 22 жылдығына орай Мәскеуде салтанатты қабылдау болып өтті. Оған Ресей Президенті әкімшілігінің, Үкіметінің өкілдері, Мемлекеттік дума мен Федералды жиналысы Федерация кеңесінің депутаттары, сыртқы саясат ведомствосының басшылығы, бірқатар министрліктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Қазақстанға өздерінің құрметтерін Мәскеуде тіркелген дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың, іскерлік және академиялық топтардың, жұртшылықтың, қазақ диаспорасының, БАҚ-тардың өкілдері, ардагерлер, сондай-ақ, Ресейде оқитын қазақстандық студенттер де білдірді.
Өзінің сөзінде Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ғалым Оразбақов Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жүріп өткен жолы туралы кеңінен әңгімелеп берді. Жалпы, екі мемлекет арасында ізгі көршілестік пен стратегиялық әріптестіктің берік іргетасы қалыптасқаны атап көрсетілді.
* * *
Қазақстан Тәуелсіздігінің ұлық мерекесіне орай Қытай астанасы – Бейжің қаласында салтанатты қабылдау болды. Шараға Қытайдың мемлекеттік органдарының басшылары, шетелдік дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері, қоғам қайраткерлері, іскерлік және ғылыми топтар мен ҚХР-дағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Қабылдау кезінде Қазақстанның Қытайдағы елшісі Нұрлан Ермекбаев пен ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопин сөз сөйледі. Олар екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 22 жыл ішінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы стратегиялық әріптестіктің биік деңгейіне көтерілгенін атап көрсетті.
Қабылдауға қатысушыларға Қазақстанды және екі елдің ынтамақтастығын айғақтайтын бейнефильмдер мен фотосурет көрмесі ұсынылды.
* * *
Қазақстанның Германиядағы елшілігі Қазақстан Тәуелсіздігі күніне орай мерекелік концерт пен салтанатты қабылдау ұйымдастырды. Қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтауға 1 мыңнан астам мейман қатысса, араларында ГФР-дің көрнекті қоғам және саяси қайраткерлері, Бундестаг пен жер ландтагтарының депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың басшылары, мәдениет қайраткерлері, Берлинде тіркелген дипломатиялық корпустың, БАҚ-тардың, қазақ диаспорасының, студент жастардың, сондай-ақ, Германия іскер топтарының өкілдері келді.
Қабылдауға ГФР Сыртқы істер министрі Гидо Вестервелленің қатысуы ынтымақтастықтың жоғары деңгейі мен Германияның Қазақстанға ерекше көзқарасын айғақтап берді. Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов неміс әріптестеріне Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Германия канцлері Ангела Меркельдің 2012 жылдың ақпанында өткен Берлиндегі келіссөздері барысында қол жеткізілген өзара тиімді ынтымақтастықты орындау жолындағы әрекеттері үшін ризашылығын білдірді. Және ол екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылын жоғары бағалады.
Салтанатты кеш соңы Е.Құсайыновтың басқаруындағы фольклорлық ансамбльдің тамаша концертіне ұласты.
* * *
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау Франция астанасы – Париж қаласындағы беделді «Дофин» павильонында ұйымдастырылды. Қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтауға көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, ғылым мен мәдениет, іскерлік топтар, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ, қазақ диаспорасы мен студент жастар келді.
Салтанатты қабылдау шеңберінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еділ Құсайыновтың басқаруындағы фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Қазақстан тарапына Сенаттың бұрынғы төрағасы Кристиан Понселе, «Франция-Орталық Азия» достық тобының төрағасы, сенатор Андре Дюле, Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес, ЮНЕСКО-ның Коммуникация және ақпарат мәселелері жөніндегі бас директорының орынбасары Янис Карклинс, «Франция-Қазақстан» Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ив-Луи Даррикарер, т.б. ізгі тілектерін білдірді.
* * *
Рим қаласында Қазақстан Тәуелсіздігі күніне орай салтанатты қабылдау болды. Оған Италия Парламенті мен министрліктерінің көрнекті өкілдері, саяси және іскер топтар, жұртшылық, осында тіркелген шетелдік дипломаттар, жергілікті эстрада жұлдыздары, жетекші БАҚ-тар өкілдері қатысты.
Шараны аша келіп, Қазақстанның Италиядағы елшісі Андриан Елемесов Қазақстан дамуының саяси және әлеуметтік-экономикалық негізгі табыстары туралы айтып берді. Қабылдау барысында италиялық әріптестер Қазақстан халқына өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, өсіп-өркендеу тіледі. Қабылдау меймандарын өзінің өнерімен әлемдік ауқымдағы Италия жұлдызы Аль Бано мен Пупо тәнті етті.
Мерекелік көңіл күйді Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері дайындаған мәдени бағдарлама одан сайын көтере түсті.
* * *
Мадридте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 22 жылдығына арналған салтанатты қабылдау болып өтті. Оған Испанияның жоғары лауазымды саяси қайраткерлері, Парламент депутаттары, СІМ және мемлекеттік мекемелер басшылығы, ең ірі испандық компаниялар басшылары, қоғамдық-саяси және мәдени топтардың, дипломатиялық корпустың, қазақ диаспорасының және БАҚ-тардың өкілдері қатысты.
Атап айтқанда, Парламент Сенаты Төрағасының бірінші орынбасары Хуан Хосе Лукас, Қорғаныс министрі Педро Моренес, Дүниежүзілік туристік ұйымының атқарушы директоры Золтан Шомоги, Корольдік саяси ғылымдар академиясының президенті, бұрынғы Сыртқы істер министрі Валино Ореха, «EFE» Халықаралық испан ақпарат агенттігінің президенті Хосе Антонио Вера, «World Stability Observatory» беделді талдау орталығының президенті, белгілі саясаткер, бұрынғы сенатор Луис Фрага және т.б. келді.
Өзінің сөзінде Қазақстанның Испаниядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев қатысушыларды Елбасымыздың басшылығымен өткізілетін экономикалық реформалар барысы, саяси өзгерістер мен Қазақстанның жетістіктері туралы хабардар етті.
Іс-шара шеңберінде ақпараттық-имидждік материалдар таратылды, Қазақстан туралы тақырыптық фотокөрме ұйымдастырылып, меймандарға ұлттық тағамдар ұсынылды.
* * *
Қазақстанның Бразилиядағы елшілігі Тұңғыш Президент күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 22 жылдығына орай салтанатты қабылдау ұйымдастырды. Ресми шара, сондай-ақ, Қазақстан мен Бразилия арасында дипломатиялық байланыс орнауының 20 жылдығына арналды.
Салтанатты кешке араларында Бразилия Ұлттық конгресінің сенаторлары мен депутаттары, министрліктер мен мемлекеттік органдардың басшылары, Бразилияда тіркелген дипломатиялық миссиялар жетекшілері, қоғам және саяси қайраткерлер, іскер топтар мен БАҚ-тар өкілдері қатысты.
Бразилия Сыртқы байланыстар министрінің орынбасары Мария Рейс өзінің сөзінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың достық сипатын ерекше атап көрсетті. Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Бразилияның өз өңірлеріндегі көшбасшылығына, екі елдің халықаралық аренадағы жоғары беделіне айрықша назар аударды. Мысал үшін, ол 2014 жылы Бразилияда футболдан әлем чемпионаты, 2016 жылы Жазғы олимпия ойындары, ал Қазақстанда 2017 жылы ЭКСПО-2017 көрмесі өтетінін көлденең тартты.
Салтанатты кеш қазақтың ұлттық әуенімен, фотокөрмемен, Мемлекет басшысы туралы және жалпы Қазақстан туралы бейнеролик көрсетумен әрлене түсті.
Сәулебек БІРЖАН.