15 Желтоқсан, 2013

Мемлекеттік тілді меңгергендер марапатталды

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, қоғамдық өмір мен шығармашылықта белсенді пайдаланатын өзге ұлт жастарымен кездесуі өткізілді. Өңір басшысымен кездесуге әртүрлі салада қызмет ететін мемлекеттік тілді жетік меңгерген тәуелсіздік құрдастары-жастар, облыстық басқармалардың басшылары, облыстағы жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Кездесуде облыс басшысы мемлекеттік тілді меңгерудің өмірлік қажеттіліктен туып отырғанын, қазақ тілін оқып-үйрену әркімнің өз еркінде екенін, алайда, мемлекеттік тілді игеруге ниеттілерге жағдай туғызып, қолдау көрсету жергілікті биліктің міндеті болып табылатынын жеткізді. Тәуелсіздік құрдастарына өзге ұлт өкілдері бола тұра мемлекеттік тілді игеруге деген құштарлықтары, қазақ тіліне деген құрметі үшін ризашылығын білдірді.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның мәлімдеуінше, қазір облыста мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 85 пайызды құрайды. Зерттеу қорытындысы бойынша, қазақ тілін оқып-меңгеру қажет деп санайтын тұрғындар үлесі 90 пайызды құраса, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі 21,3 пайыз болып отыр.

2013 жылы оқыту орталығында мемлекеттік тілді оқытумен қамтылған тыңдаушылардың 33 пайызы өзге ұлт өкілдері болды. Облыстағы 19 этно-мәдени орталықтар жанындағы 6 жексенбілік мектепте 281 өзге ұлт өкілі ана тілдерін, 265 өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілді оқып-үйренуде. Бүгінгі күні мектепке дейінгі білім мекемелерінде өзге ұлттардың 721 бүлдіршіні, жалпы мектептерде 437 баласы қазақ тілінде білім-тәрбие алуын олар балаларының болашағын қазақ елімен, қазақ тілімен байланыстыратынының бірден-бір дәлелі болып табылады.

Кездесуде Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенті Татьяна Ширяева, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің студенті Марат Зиядиев, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ хатшы-референті Наталья Кундиус таза қазақ тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілді оқып-үйрену, білу әр қазақстандықтың азаматтық парызы, мемлекет құрушы қазақ халқына деген құрметі деген ой түйді.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

Соңғы жаңалықтар