15 Желтоқсан, 2013

Өрелі өмір өнегесі

410 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Радио хабарынан туындаған ойлар

Биыл «Деловой Мир Астана» баспасы» «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты кітап басып шығарды. Оның авторы – белгілі қаламгер, публицист Махмұт Қасымбеков.

Радио хабарынан туындаған ойлар

Биыл «Деловой Мир Астана» баспасы» «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты кітап басып шығарды. Оның авторы – белгілі қаламгер, публицист Махмұт Қасымбеков.

Кітапта Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ба­ла­лық шағынан бастап Елбасы болғанға дейінгі өмірі мен еңбек жолы баяндалады. Оны сондай-ақ Елбасымыздың осы кезеңге дейінгі өмірі мен қызметінің кезеңдері ресми әрі жүйелі түрде толық баяндалған туынды деп атауға болады. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, ұдайы оқып, тынбай ізденіп, өзін-өзі жетілдірудің арқасында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті жоғары мәртебелі қызмет лауазымына ие болып, бүгінде аты әлемге танымал саяси қайраткер деңгейіне көте­ріл­гені арқау етілген. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ғибратты өмір жолы кім-кімді де қызықтырмай да, әрі таңдандырмай да қоймайды. Мұның өзі болашақ өмір жолын, еңбек жолын айқындауды ойлап жүрген жасөспірімдер мен жастарымыз үшін жақсы өнеге екені анық.

Сондықтан да Қазақ радиосы биыл «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабынан «Өрелі өмір өнегесі» атты хабарлар циклын ұйымдастырып, тыңдармандардың назарына ұсынған еді. Жетекшісі – Махмұт Қасымбеков. Өз басым осы хабарды сүйсініп тыңдадым. Әрі зор ғибрат алдым. Тәуелсіздік тарихына саяхат жасап қайтқандай болдым. Басқа замандастарымның да оны тыңдап, радиодағы журналистерге мың сан алғыс айтқанын да осы мақала арқылы жеткізгім келді.

Бұл кітапты мен Үштөбе қаласындағы орталық кітапханадан алып оқыған едім. Оның қолдан қолға өтіп, оқырмандар таңдауына айналғанына куә болғанмын. Әрі Президент күні қарсаңында осы кітап бойынша мектептерде қосымша сабақ оқытылса ғой деп те көксеген едім. Сөйтсе де радиодан оқылғандағы әсері тым ерекше болады екен. Диктор Шолпан Байғабылованың ерекше үні, хабардың ғажайып музыкасы дала дауысына айналғандай өмірмен үндесіп, Елбасымыздың өмір деректерімен сабақтасып, жүрегіме мақтаныш сезімін ұялатты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының да жаңа мемлекет орнатудағы кемеңгерлігі оның бойында даналықтың РУХЫ бар екенін айғақтайды. Ол Рухтың Ел ҚУАТЫНА айналғанын біреу білер, біреу білмес. Бұл да аңызға бергісіз ақиқат. Енді қарапайым халықтың өмірінен осы пікіріме нақтылы мысалдар келтірейін:

Қарапайым ел-жұрттың ішінде Тұңғыш Прези­дентімізге қатысты таңғаларлықтай оқиғалар да кезігеді. Тіршіліктің шырмауы көп қой. Сондай бір кезеңде Қаратал ауданы Жаңаталап ауылындағы амбулаторияның дәрігері Мейіз Нұрқасымова Қаратал аудандық газетінің редакциясына келді. Бас редактор ретінде маған ешкімге тіс жармаған құпия сырын ақтарды. Оқиға 2006 жылы болған еді.

– Сіз маған сеніңізші. Жасым зейнеттікке жеткен соң аудандық аурухананың бас дәрігері Рысхан Аманжоловқа жұмыстан босату жөнінде арыз жаздым. Сол күні орнымды қимай қатты қиналдым. Түнде түс көріппін. Әуелі бөлмеме шұғыла шашылды. Сонан соң есікті ашып Нұрсұлтан Әбішұлы кіріп келді де, менімен амандасып:

– Мейіз, сен уайымдама. Әлі бес жылдай қызмет жасайсың, – деп шығып кетті. – Бұл ненің нышаны? – деді.

– Болашақтың болжамы ғой. Мықты дәрігерсіз ғой. Тәжірибеңіз де мол. Халыққа қажетсіз. Бір жақсылыққа берілген аян болар, – деп көңілін аулап шығарып салғанмын.

Бірер күннен соң Мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің күні салтанатты түрде атап өтілді. Мейіз Нұрқасымова «Шапағат» орденімен наградталды.

– Біз сізді демалысқа әзір жібермейміз. Қызметіңізді бұдан былай да жемісті атқара беріңіз, – деді аудан әкімі Қыдыркелді Медеуов.

 Сөйтіп дәрігер тағдыры оңды шешімін тапты.

Бұл түс делік. Енді өмірде болған жағдайды айтайық.

– Немерем жұмысқа тұра алмай қатты қиналдым, – дейді бұрынғы педагог Әсия Сыдықова. – Бір күні Нұрекең түсіме еніп, мені бір қуанышпен құттықтап жатыр. Ояна келіп, оны жақсы ырымға жорыдым. Көп кешікпей үлкен ұл жақсы жұмысқа орналасты. Немере де өз мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке тұрды. Өмірімізде қуанышты сәттер көбейді, – дейді.

 Ол да сол түсті бақыттың бастауы санайды екен. Мен болсам адамның рухы өз бетінше әрекет жасай алатынына сенбейтін едім. Бірақ өз басымнан өткен бір оқиға шынында да Тұңғыш Президентіміздің рухы қалаған адамының болашағын болжап, тіпті рухани тірекке айналып, қол ұшын бере алатынына көзімді тағы жеткізді.

2003 жылы біз жолдасым Имаш Балабеков екеуміз зейнетке шықтық. Зейнетақымыз мардымсыз. Бірден материалдық қиындыққа душар болдық. Күш те, қуат та бар. Алайда екі қолға жұмыс жоқ. Мен қырық жылғы әрқилы баспасөзде жарияланған әңгімелерді сандыққа салып жауып тастадым да отыра қалып жыладым-ай. Қаржысы жоқ адам кітапты қайдан шығарсын. Орындалмаған арманға арналған дүниені қайтейін деп көз жасымды ағызып жүргенде бір қызық түс көрейін.

Сәулетті де салтанатты ақ сарайда ай маңдайлы, күн сипатты қазақтар сұп-сұлу ханымдарымен әдемі әуенмен билеп жүр. Билеп жүрген жұртқа қарап бір бағанның қасында мен тұрмын. Үстімде – аппақ көйлек, аяғымда – қара туфли. Жалғызбын. Кенет қасыма Сара Алпысқызы келіп:

– Мына бөлмеге жүріңізші, – деді. Кең бөлмеде жаюлы дастарқан толы тағамдар. Сара ханым менің аяғыма ки деп ақ етік берді. Киіп алдым. Сонан соң залдағы жұрттың арасымен орныма келе жатқанымда алдымнан Нұрсұлтан Әбішұлы жолықты да:

– Білемін, – деді. – Кітаптарым жарық көрмейді-ау деп жылап жүрсіз. Жыламаңыз. Сіздің кітаптарыңызды шығаруға 32500 доллар бөлінеді, – деп мені ақ бағанның қасына әкелді. Күліп ояндым да, «Сізге рахмет, менің Президентім» деп айқай салдым.

– Қандай түс көрдің? – деді жолдасым таңғалып.

– Мен бақыттымын, – дейін кәдімгідей марқайып. – Менің Президентім маған кітап шығаруға 32500 доллар бөлді, – дегенімде ол ішек-сілесі қатып күліп жіберді де:

– «Тауықтың түсіне тары кіреді» деген рас екен-ау. Қазіргі доллардың құнымен санағанда 3 миллион теңге екен. Осыншама қаржы бөлінетіндей сен кім едің? Түс түлкінің боғы емес пе? – дегенде кәдімгідей жасып қалған едім. Бірақ әдет бойынша бұл түсімді кітапшама жазып қойдым.

Арада екі жыл өтті. 2005 жылы мені аудандық газеттің бас редакторлық қызметіне қайта шақырды. 2007 жылдан бастап кітаптарым жарық көре бас­тады. Алматы облысының бұрынғы әкімі, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің қолдауымен «Дариға-дәурен», содан кейін бұрын Қараталда, қазіргі Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қыдыркелді Медеуов өз қаржысына «Дүние – керуен» атты кітапты, одан кейін Текелі қаласының бұрынғы әкімі, қазіргі Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Исламжанов өз қалтасынан қаржы бөліп, «Дария ғұмыр» кітабымды шығарып берді. Мына ғажайыпты қараңызшы. Олардың бәрі де – Елбасымыздың сенімді өкілдері. Әкімдер. Адам сенгісіз жағдай. Бірақ шындық. Мұндай мысалдар өте көп. Өкінішке қарай, оның бәрі шағын мақаланың аясына сыймайды.

Осының бәрі Нұрсұлтан Әбішұлына деген ризалық сезімнен, сенімнен туындаған шығар. Өйткені, 20 жылда Елбасының даналық саясатының арқасында жаңа Қазақстан өркениетке қарышты қадам жасап жатыр. Оны нақтылы білгіңіз келсе «Махмұт Қасымбековтің «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабын оқыңыздар. Қазақ радиосынан беріліп жатқан «Өрелі өмір өнегесі» хабарын тыңдаңыздар. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерзімінде 20 ғасырға бергісіз тарихи ерлік еңбек жасалған. Одан шығатын тұжырым – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімі тарихқа алтын әріппен жазылды. Ұлы рух дегеніміз осы шығар. Ендеше сол Ұлы рухтың Ел қуатына айналғанына мен таңғалмаймын. Қазақ болып туғаныма мақтанамын.

Мәкен ӨСЕРБАЕВА,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Талдықорған.

Соңғы жаңалықтар