Мәселен, еліміздегі Ұлттық қорғаныс университеті 16 ғылыми жоба бойынша жұмысты аяқтап қалыпты. Тиісінше отандық қорғаныс кәсіпорындары мен әлеуетті ведомстволар сол әзірлемелердің нәтижелеріне қызығушылық танытып отыр. Жобалар гранттық және бағдарламалық нысаналы қаржыландыру конкурсы шеңберінде орындалды. Олар ғылыми теориялық зерттеулер мен тәжірибелік әзірлемелерді іске асыруға бағытталған. Зерттеу нәтижелерін барлық әлеуетті ведомствоның мүддесінде пайдалану және еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарында іске асыру көзделуде.
Әйгілі ғалым А.Эйнштейн «Үшінші дүниежүзілік соғыста қандай қарумен соғысатындарын білмеймін, бірақ төртіншісінде таяқпен, таспен шайқасады» деген болатын. Ғалым өзі өмір сүрген дәуірдің өзінде ғылым мен техниканың қаншалықты дамығанын қаперге алып отырған сияқты. Тіпті ядролық қаруды қолданған жағдайдағы соғыстың салдарын да меңзеген болуы мүмкін.
Қазіргі әлем адамзатты жаппай қырып-жою қаруын қолданудан қаймығады. Себебі, ондай соғыста жеңімпаздың болуы – екіталай. Сондықтан әзірге жергілікті қақтығыстарда қарудың сәл де болса жеңіл түрлері қолданылып келеді. Мәселен, өткен жылы 44 күнге созылған Таулы Қарабақ шайқасында Түркияның Bayraktar TB2 ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) нағыз «жұлдызға» айналған болатын.
Осылайша, Сириядағы, Ливиядағы, күні кешегі Таулы Қарабақтағы жанжалдарда ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану тәжірибесі елімізде жеке ҰҰА-ны әзірлеу қажет екенін дәлелдеді. Қазақстандық әскери ғалымдар барлаушы дрондарды ғана емес, сондай-ақ соққы беруші ұшқышсыз ұшу аппараттарын да броньды техникаға және қарсыластың адам күшіне қарсы тиімді қару ретінде пайдалануға талдау жүргізді. Сөйтіп, ғалымдарымыз «Шағала» деп аталған барлау ұшқышсыз ұшу аппаратының тәжірибелік үлгісін әзірледі. Ол байланыс арнасын қорғаудың бағдарламалық-аппараттық құралымен, ұшқышсыз ұшу аппараты мен басқару жүйесі арасындағы қорғалған байланыстың жеке криптографиялық хаттамасымен, тікелей және кері қорғау арқылы жасалып кепілдендірілген құпия кілтпен жарақтандырылған. Осының барлығы – әскери ғалымдарымыздың әзірлемелері.
Алдағы уақытта тәжірибелік модель зауыттағы және полигондардағы сынақтар кезеңінен өтеді. Ғылыми жұмыс нәтижелері патенттеліп, тәжірибелік әскери пайдалану аяқталған соң барлық жұмыс қорғаныс өнеркәсібі кешеніне берілетін болады. «Шағаланы» сериялық шығару үшін отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мүмкіндіктерін ескере отырып, Қарулы Күштердің оқу орындарында және бөлімдерінде енгізу үшін техник мамандар мен операторларға қызмет көрсету және оларды оқыту бағдарламалары, сондай-ақ ҰҰА операторларын жауынгерлік даярлау курсы әзірленді. Аталған аппараттар өндіріске енгізілген жағдайда олардың құны шетелдік аналогтардан әлдеқайда арзан болмақ.
Отандық ұшқышсыз ұшатын аппарат барлау-оқ ату (соққы беру) кешені элементтерінің бірі бола алады. Оларды қолдану бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізілді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, барлау, басқару және оқ ату арқылы зақымдау құралдары үйлестірілген дәлдігі жоғары қару анағұрлым тиімді. Әзірлеу шеңберінде әскери ғалымдар отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің әлеуетін пайдалана отырып, жеке барлау-соққы беру кешенін жасау бойынша бірқатар нақты ұсыныстар енгізді.
Жалпы, ел әскері ұшқышсыз ұшатын аппараттармен 2013 жылдан бастап жабдықталып келеді. Бүгінде Отанымызда осындай ондаған кешен бар. Ал 2017 жылдан бері Қазақстанда халықаралық армия ойындарының шеңберінде осы аппараттардың есептік топтарының арасында сайыс ұйымдастырылып, отандастарымыз ұдайы топ жарып келе жатқан көрінеді.
Отандық ғалымдарымыз осымен шектеліп қалған жоқ. Армияны цифрландыру шеңберінде арнайы мақсаттағы геоақпараттық платформа әзірленді. Бұл жоба спутниктерді, қағаздағы және электронды карталарды қоса алғанда, әртүрлі дереккөздерден ақпаратты жинауға мүмкіндік беретін қамтамасыз ету бағдарламасы болып саналады. Бағдарлама ақпаратты толықтырып, оны жаңарта алады және цифрлы форматтан 3D-ға ауыстырады. Осылайша әскердің ұтқырлығын және командирлер мен штабтардың шешім қабылдау жеделдігін арттыра түседі. Геоақпараттық жүйе Қарулы Күштер үшін де, елдің басқа да әлеуетті құрылымдары үшін де пайдалы.
Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ірге қалаған Ұлттық қорғаныс университетінің технопаркінде толыққанды жұмыс істейтін екі зертхана (3D прототиптеу зертханасы және аддитивті өндіріс зертханасы) және тәжірибелік инжинирингтің әскери ғылыми-технологиялық желісі құрылды. Бұл орталық бөлшектердің тозуға деген төзімділігін арттыру бағытында жұмыс істеуге негізделген.
Әскери зертханада ультрадыбыстың көмегімен жаңа технологияны қолдана отырып жасалған ерекше бүрку беткі қабатта қолданылады. Әскери ғалымдар әзірлеген технология балқытылған металл бөлшектердің 500 м/с жоғары жылдамдықпен қозғалуына және жоғары беріктігі бар жабындарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бүрку бөлшектің қызмет мерзімін едәуір ұзартады және төзімділігін арттырады. Осылайша, қазақстандық ғалымдардың жұмыс нәтижесі отандық қорғаныс өнеркәсібі кешендерінің кәсіпорындарына беріліп, алдағы уақытта пайдаға жаратылатын болады.
Тағы бір өнертабыс түрі ретінде ішкі жану қозғалтқыштарындағы жанғыш қоспаны байытуға негізделген арнайы сутегі қондырғысын айтуға болады. Бұл жоба отынды айтарлықтай үнемдеумен қатар, әскери техниканың экологиялық тазалығын да арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аталған қондырғы қосарланған мақсаттағы өнім саналады. Яғни ол тек әскери салада ғана емес, сонымен қатар азаматтық салада да қолданылады.
Ұлттық қорғаныс университеті Әскери ғылыми-зерттеу орталығының базасында ИРБИС ақпараттық жүйесінің интеллектуалдық реинжинирингтік базасын қолдану арқылы ақпараттық талдауды қамтамасыз ету және мониторингілеу орталығы құрылды. Бұл жоба бойынша Қарулы күштерді материалдық-техникалық қамтамасыз етудің барлық базасы бірыңғай кешенге біріктірілген. Мұның өзі – сайып келгенде, Қазақстанның Цифрлы армиясын құру үшін жасалған үлкен қадам.
ИРБИС-тің негізін төрт ақпараттық жүйе құрайды: материалдық-техникалық қамтамасыз ету, әскери мақсаттағы өнім мен жабдықтау заттарын каталогтау, әскери стандарттардың электронды каталогы және ішкі талдау жүйесі. Бүгінгі күні бұл әзірлеменің баламасы жоқ.
Жобаны пайдалану – шығындарды азайтуға және техниканы әзірлеу мен жасау мерзімін 20-30 пайызға төмендетуге, осыған ұқсас өнімдер мен талап етілетін қасиеттерді анықтау үшін жабдықтау заттарына салыстырмалы талдау жүргізуге еңбек шығынын 10-15 есе азайтуға, жабдықтау заттарын сатып алу кезінде жұмыс тиімділігін 20 пайызға арттыруға, қосалқы бөлшектер мен материалдарды ұстауға арналған шығындарды 15 пайызға, сондай-ақ техниканы қалпына келтіру жеделдігіне шығындарды 20 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Әскери ғалымдар қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарға зерттеулер жүргізіп, қалалық жерлерде, гибридті соғыстар мен арнайы операциялар жағдайында заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы жауынгерлік іс-қимылдар тактикасын өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлеген. Сондай-ақ аталған ұсыныстар әскери оқу-жаттығуларда өз нәтижесін көрсеткен.
Жоғарыда аталған 16 ғылыми жобаның аясында робот-техника саласында да бірқатар жұмыс атқарылыпты. Мәселен, экипажсыз катер мен автономды иесіз суасты аппаратын жасау бойынша техникалық құжаттама дайындалып шығарылған. Жуырда Қазақстанда қолға алынған робот-техника кешендерін жасау саласында тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар басталады. Барлық жобаның жетекшілері – мол тәжірибесі мен ғылыми дәрежесі бар мамандар. Зерттеу топтарының құрамына әскери ғалымдар мен азаматтық ғылым өкілдері де кіргізілген.
P.S. Иә, еншімізге бұйырған егемендікті көздің қарашығындай қорғап, ертеңгі ұрпаққа аманаттауымыз қажет. Ол үшін бес қаруымыз қашан да сай болуға тиіс. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстанның әскері қару-жарақ пен техниканың озық үлгілеріне ие екенін үнемі тілге тиек етіп жүр. Олай болса, отандық өнертабысты да жүйелі жолға қойып, Ұлттық қорғаныс университетіндегі зерттеулерге де әрдайым жете мән бергеніміз жөн.