
Жуырда Парламент депутаттары аймақтарда болып, халықпен жүздесті. Кездесулер барысында ел Тәуелсіздігін баянды ету жолында қажырлы еңбек етіп жатқан азаматтарымыздың Қазақстанның ертеңіне деген селкеусіз сенімінің куәсі болдық. Тәуелсіздік алғаннан бергі аз уақыт ішінде татулық пен келісім, бірлік пен ынтымақ қайнарына айналған көпұлтты Отанымыздың өркендегені және әлемдік қоғамдастық алдында жыл санап абыройы биіктей түскені көңілге қуаныш ұялатады.
Жуырда Парламент депутаттары аймақтарда болып, халықпен жүздесті. Кездесулер барысында ел Тәуелсіздігін баянды ету жолында қажырлы еңбек етіп жатқан азаматтарымыздың Қазақстанның ертеңіне деген селкеусіз сенімінің куәсі болдық. Тәуелсіздік алғаннан бергі аз уақыт ішінде татулық пен келісім, бірлік пен ынтымақ қайнарына айналған көпұлтты Отанымыздың өркендегені және әлемдік қоғамдастық алдында жыл санап абыройы биіктей түскені көңілге қуаныш ұялатады.
Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейінгі әр жыл өзіндік ерекшелігімен есте қалып келеді. Биылғы жыл ел өміріндегі айрықша айтулы кезең – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену бағытын белгілеген және «Нұр Отан» партиясының алдағы ондаған жылдардағы миссиясын айқындауға арналған жаңа Саяси доктринасын қабылдаған жауапты кезең ретінде тарихта таңбаланары анық.

Елбасы Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекітуін және осы бастаманың нәтижесінде, мәслихат арқылы ауыл әкімдерін сайлаудың сәтті өтуін атап өтуге тиіспіз. Бұл – елімізде Ата Заң талабының мүлтіксіз орындалуының және Қазақстанның демократиялық үрдіске адалдығының нақты дәлелі.
Ауылдық округ әкімдерінің сайлануы қоғамды одан әрі демократияландырудың маңызды кезеңі болып табылады және жергілікті жерлерде басқарудың тиімділігі мен айқындығын арттыруға мүмкіндік береді. Барлық жердегі ауылдық округ әкімдерін сайлау Отанымыздағы демократиялық өзгерістердің жаңа кезеңі болды. Жергілікті әкімдердің сайлануы – мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен халық алдында атқарушы билік органдары жауапкершілігін арттыру, саяси жүйені одан әрі демократияландыру мен азаматтық қоғам дамуын жетілдіру. Ауылдар әкімдерінің балама сайлауы саяси жүйедегі реформалардың жүзеге асуына жәрдемдеседі. Оның мақсаты халықты мемлекет басқаруына, қазақстандық қоғамды дамытуға қатысуға кеңірек тарту болып табылады.
Өңірдің серпінді дамуы облыс, қала еңбеккерлерінің, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының, сонымен бірге, кәсіпкерлердің үйлесімді, нысаналы жұмыстарының арқасында мүмкін болды.
«Нұр Отан» партиясының алдағы ондаған жылдардағы миссиясын айқындауға арналған жаңа Саяси доктринасын қабылдаған партияның кезектен тыс XV съезінде: «Қоғамымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған жаңа ұлы мақсаттарға батыл қадам басты. Стратегияның өзегі – біздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға тиіс екеніміз. Халқымыз қазір қол жеткізген осындай экономикалық және әлеуметтік биіктерге өткен тарихында ешқашан жеткен жоқ. Мұны тек қазақстандықтардың бүгінгі буыны ғана жүзеге асыра алды. Тәуелсіздікті жариялап, Қазақстанымызды дамытып, біз даму перифериясынан біржола алыстап, Еуразиядағы лайықты жаңа мемлекетке айналдық», – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Партияның XXI ғасырдағы көшбасшылығы қандай болуы керектігі жөніндегі толғақты ойларын ортаға салған Мемлекет басшысы «Нұр Отан» басты патриоттық күшке айналуға тиіс екенін, оның маңызды миссиясы, «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсетілгендей, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың жалпыұлттық орталығына айналу болып табылатынын айтқаны белгілі. Бұған қоса, Елбасы партия жалпыұлттық бірліктің орталық буыны болуы қажеттігіне және бұл тұрғыда «Нұр Отанның» халықты топтастырушы партия ретіндегі мәртебесі ескеріліп, оған көпэтносты халқымыздың бірлігі үшін зор жауапкершілік жүктелетіні, сондай-ақ, ол өңіраралық байланысты нығайту ісін де атқаруға тиістігін міндеттегені де ел жадында.
Тәуелсіздіктің 21 жылдығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына ену бағыты айқындалған ұлттық саяси даму стратегиясын белгілей отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті жеті басымдықты айқындап берді. Сөйтіп, қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын осы тарихи құжаттың дүниеге келуімен ел дамуының жаңа кезеңі басталды. Бұл орайда, Парламентке елде жүргізіліп жатқан оңды өзгерістерді заңнамалық жағынан қамтамасыз етуге қатысты үлкен міндеттер жүктеліп отыр.
Жалпы, ел Тәуелсіздігінен берідегі жылдар ішінде Парламент Президенттің Қазақстан мемлекеттілігін ойдағыдай құру жөніндегі стратегиялық идеяларының қолдаушысы болғанын атап көрсеткім келеді. Жоғары заң шығару органы аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге белсене қатысты, реформаларды құқықтық тұрғыдан қолдауды жедел қамтамасыз етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бүкіл қажетті заңнамалық база жедел режімде қалыптастырылды, нарықтық экономиканың құқықтық негіздері қаланды, қоғам өмірінің аса маңызды салаларын регламенттейтін заңдар қабылданды. Кәсіби қос палаталы Парламент құрылған 1995 жылдан бері 2000-нан астам заң қабылданды, сайлаушылармен мыңдаған кездесулер өткізілді, шетелдік әріптестермен бірге заң шығармашылық үдерістерін халықаралық пысықтау кеңінен жүргізілді.
Парламент өткен сессия кезінде де белсенді жұмыс істеді. Ал осы сессияда Сенатта бюджет пен салық саясатын, сот жүйесін, құқық қолдану аясын, әлеуметтік қамсыздандыру мен еңбек мәселелерін, әкімшілік рәсімдерді жетілдіруді, көші-қон саясаты мен басқа да мәселелерді реттейтін заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, халықаралық келісімдер ратификацияланды.
Сенат парламентаралық байланыстарды дамыту жөнінде де белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан Парламенті бүгінде бірқатар беделді халықаралық парламенттік ұйымдарға қатысады.
Жоғарыда айтып өткенімдей, Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясын түсіндіру және Парламент жұмысы туралы хабардар ету үшін Парламент депутаттары жуырда аймақтарда болып, жергілікті халықпен жүздесті. Халықпен кездесу барысында мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, инфрақұрылымдарды дамыту, әлеуметтік сала нысандарының құрылысы, тағы да басқа көптеген мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысы ел алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Осыған орай жергілікті билік органдарына ерекше жауапкершілік жүктеледі. Мемлекеттің өңірлік саясат саласындағы негізгі стратегиялық мақсаттары – облыстардың экономикалық әлеуетін ұлғайту, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру, жергілікті билік институттарының қызметін жақсарту іске асырылатын болады.
Осыған байланысты облыстарда басқару органдары жұмысының басты бағыттарының бірі – өңірлерде, әрбір нақты ауданда, қалада, ауылда бизнес жүргізу үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасап, оларды жан-жақты қолдап отыру, жаңа өндіріс орындарын ашу үшін белсенді саясат жүргізуге көшу және кәсіпкерлік бастаманы жұмылдыра түсу болмақ. Әсіресе, шағын және орта бизнесті қолдау, оның ішінде халықты жұмыспен қамту мен жаңа жұмыс орындарын ашу басты бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін кемінде 40 пайызға жеткізуді мақсат етіп қойғаны белгілі. Осы ретте үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын орындаудың өңірлердің экономикалық жағынан көтерілуі үшін зор маңызы бар.
Ең бастысы, еліміздің аймақтарына сапарымыз барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси, экономикалық, әлеуметтік жаңару бағытын халықтың шынайы қолдайтынын әрдайым сезініп отырдық.
Бүгінде Тұңғыш Президентіміздің басшылығымен ынтымағы жарасқан Қазақ елі күллі әлем таныған тұғырлы да тұрақты мемлекетке айналды. Осы жетістіктердің бәрі ең алдымен ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздігіміздің және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында мүмкін болды. Мәңгілік Ел болуды бағдарға алған егемен Қазақстанның болашақта да қарыштап дамып, әлем мойындаған өркенді мемлекет ретінде өмір сүруі – Тәуелсіз еліміздің басты мақсаты.
Қайрат ИЩАНОВ,
Парламент Сенаты
Төрағасының орынбасары.