Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оқу барысын ұйымдастырудың жағдайларымен танысу барысында №7 арнайы түзету мектеп-интернатында болып, қолға алынған санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік шараларды көріп қайтты. Осы орайда қала басшысы ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп, олардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалатындығына тоқталды. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру оңай еместігін алға тартқан Б.Сағынтаев бала тәрбиесінде ата-аналардың да шыдамды болуы қажеттілігін атап өтті.
Жаңа тоқсанның басталуына байланысты қаладағы мектептерде кезекші топтардың саны артқанын атап өткен қала басшысы бұл бағытта мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше көңіл бөлінетіндігін жеткізді. Мектепте 216 бала білім алса, 200 балаға үй жағдайында сабақ беріледі. Балаларға әлеуметтік-психологиялық оңалту мен бейімдеу, шығармашылық әлеуетін дамыту, еңбекке баулу үшін барлық жағдай жасалған. Тігін немесе ағаш ұстасы ісінің қыр-сырын меңгере отырып, жасөспірімдер 9-сыныптан кейін колледжге түсіп, мамандық алуына да жағдайлар қарастырылған. Сондай-ақ бұл мектепте емдік дене шынықтыру, музыка мен би бойынша сабақтар өтеді.
АЛМАТЫ