Үкіметке жоғары оқу орындары үшін бөлінетін мемлекеттік гранттарды нарықтың нақты сұраныстарымен тығыз байланыстыру мақсаты жүктеліп тұр. Жыл сайын бөлінетін гранттардың бір бөлігі тиісті мамандықтардың сұранысымен қамтамасыз етілмеген. Осы орайда бюджет қаржысы желге ұшады.
«Менің тапсырмам бойынша Үкімет сапасыз білім беріп жатқан жоғары оқу орындарын қысқарту жұмысын жалғастырып жатыр. Алайда кейбір ЖОО-лар түрлі процессуалдық әрекеттермен оқу орнын жабу процесін 1,5 жылға дейін созып келеді. Білім және ғылым министрлігіне қарсы ақпараттық науқан жүріп жатыр. Үкіметке тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев академиялық адалдықты бұзғаны үшін ЖОО-лар жауапкершілігін қосымша күшейту керектігін баса айтты.
Президент сапалы білім беріп жатқан жоғары оқу орындарын жан-жақты нығайту керектігін және тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін 15 базалық өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғыртуды тапсырды.
Олар таланттарды тартудың өңірлік орталықтары ретінде қызмет етеді. Осы орайда Үкіметке әкімдіктермен бірлесе 1 шілдеге дейін тиісті қадамдармен, кезеңдермен әрі қаржыландыру көлемімен тыңғылықты жол картасын енгізу жүктелді.