Қазақстан • 26 Қаңтар, 2021

ИИДМ-де сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою процестері көрсетілді

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен Агенттік пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басшылығының кездесуі өтті. Негізгі күн тәртібі министрлік жетекшілік ететін салаларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша өзара іс-қимыл мәселелеріне бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz

ИИДМ-де сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою процестері көрсетілді

Бейнеконференция байланысы арқылы іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық бөлімшелері, ИИДМ, оның ведомстволары мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдары, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары мен жергілікті атқарушы органдардың бейінді басқармаларының басшылары қатысты.

ИИДМ қызметкерлеріне қатысты тіркелген барлық қылмыстың жарты үлесі тиесілі көліктік бақылау саласындағы жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ескере отырып, Көлік комитетінің Ахуалдық орталығының жаңа тәсілдері таныстырылды. Атап айтқанда, көліктік бақылауды цифрландыру және автоматтандыру арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою процестері көрсетілді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жол картасы жасалды, ішкі аудит бөлімшелерінің жұмысы күшейтілді, Қоғамдық кеңес жандандырылды, үкіметтік емес сектормен және бизнес-қауымдастықтармен өзара іс-қимыл және «кері байланыс» іске асырылды, азаматтар мен бизнес үшін қызмет көрсету жоспарлы түрде автоматтандырылып, электрондық форматқа көшірілуде.

ИИДМ-де «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істейді, оның аясында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне, әкімшілік кедергілер мен бюрократиялық рәсімдерге талдау жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алуға ерекше көңіл бөлінді.

Жобалық кеңсенің жұмысына қоғам өкілдері де бағасын берді, құрылғанына аз уақыт болғанына қарамастан, кеңселермен елеулі табыстарға қол жеткізілген, олардың ең бастысы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде министрлік пен сарапшылық қоғамдастықтың күш-жігерін шоғырландыру екенін атап өтті.

Өз кезегінде Агенттік өкілдері ИИДМ-де іс жүзінде әрбіреуінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары мемлекеттің кең ауқымды, негізгі функциялары шоғырланғанын атап өтті. Көліктік бақылау, автомобиль жолдары, құрылыс және ТҮКШ салалары, сондай-ақ ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметі ерекше алаңдаушылық тудырады.

Осыған байланысты, Агенттік Құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Ағымдағы жылы бұл жұмыс көлік және автомобиль жолдары комитеттерінде жалғасады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың іске асырылу барысын жария ете отырып, Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл-бүгінде бұл уәкілетті орган ретіндегі Агенттіктің ғана міндеті емес, бүгінде бұл әрбір басшының міндеті. Тек бірігу арқылы ғана біз жағдайды түбегейлі өзгерте аламыз. Бұдан мынадай мультипликативтік әсер болады: экономиканың өсуі, халықтың әл-ауқатын арттыру, адами капиталды дамыту».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мемлекеттік органдардың ашықтығы, айқындылығы және клиентке бағдарлануы бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы айта келіп, ол министрлікті салалық қызметтердің тиісті спектрін көрсету және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау үшін өңірлерде сервистік орталықтар ашуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше