Елордалық бірыңғай дистрибьютор 85 мемлекеттік медициналық ұйымды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етеді. Қойманың жалпы аумағы 6,5 мың шаршы метрді құрайды, онда дәрі-дәрмекті сақтауға қажетті мұздатқыш камералары, бөлінген аймақтар, белгілі бір температуралық режім сынды барлық жағдай қамтылған.
«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Аймұрат Салиев елордалық хабта өткен мониторингте: «Нұр-Сұлтан қаласындағы Бірыңғай дистрибьютор арқылы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары және Нұр-Сұлтан қаласындағы 85 медициналық ұйым қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 5 республикалық клиника мен 80 қалалық маңызы бар медициналық ұйым бар. Бізде дәрі-дәрмек бір жылдан екі жылға дейін сақталады. Шілде айында ведомствоаралық комиссияның қаулысы бойынша 44 атаудан тұратын дәрі-дәрмектің азаймайтын қорын құру туралы тапсырма берілді. Желтоқсан айында Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен, үш дәрілік зат бір препаратқа ауыстырылды, бір препарат – «Ремедисивир» коронавирусты емдеу протоколынан шығарылды. Сол себепті қазір 44 атаудың 40-ы сақталуда. Дәрілер бойынша тапшылық жоқ. Мұнда екі айлық дәрі-дәрмектер қоры құрылған», деп атап өтті.
Ұйымның хабарлауынша, азаймайтын қордың ең төменгі төлемі екі айлық болуы керек. Яғни ай сайын кемінде 60 мың пациентті емдеуге жеткілікті дәрі-дәрмек болуы керек. Яғни, бұл қордан қандай да бір дәрі өңірлерге жіберілсе, дереу толықтырылып отыруы керек. Қазіргі уақытта пандемия кезінде «СҚ-Фармация» қоймаларының жұмысы өзгерген.
Жұмысшылар тәулік бойы үзіліссіз бірнеше ауысыммен жұмыс істейді. Келген дәрі-дәрмек қоймада көп жатпай, бірден үйлестіріліп, тиеледі. Сонымен бірге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елордалық департаментіндегі превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Марат Хайруллин мониторингті қорытындылады.
«Бүгін «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында «СҚ-Фармация» қоймаларының дәрілік заттармен және қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету қызметіне мониторинг жүргіздік. «СҚ-Фармация» ұйымы келтірген деректерге сәйкес, қоймада төтенше жағдайларға, оның ішінде коронавирус инфекциясына арналған қор бар. Өздеріңіз білетіндей, пандемияның басында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің жеткілікті деңгейде болмағаны айтылып еді. Қазір жағдайдың түзелгенін көріп отырмыз, барлық дәрі-дәрмек жеткілікті, денсаулық сақтау қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталған. Мониторингтің негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу, оның ішінде қоғамды мемлекеттік ұйымдар жұмысын бақылауға тарту. Бүгінгі тексеру бойынша ескертулер болған жоқ, «СҚ-Фармация» денсаулық сақтау нысандарына жіберілетін барлық жоспарлы шығындар туралы мәліметті берді», дейді Марат Хайруллин.