Жезтаңдай әнші Дәмеш Құрманкинаның есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс. Бүгінде ол Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясы жанынан ашылған «Өнер» орталығына жетекшілік етеді. Мұнда 22 ұстаз өнерге ынтық 200-ден астам оқушыға домбыра, қобыз, гитара, баян, скрипка секілді музыкалық аспаптардың, дәстүрлі әндердің, бейнелеу өнерінің, ұлттық билердің қыр-сырына үйретеді.

Жуырда Дәмеш тағы бір игі бастаманың ұйытқысы болды. Оның ұсынысы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен қолдау тауып, «Сайра, домбыра!» атты халық әндері кешінің тұсаукесері өтті. Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай секілді жергілікті ән жауһарларының шығармашылығын насихаттауды діттеген шара шымылдығын С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әншісі, республикалық термешілер байқауының жүлдегері Кенжекей Ақжолова ашты. Ол Сыр сүлейлері Нартайдың, Тұрмағамбеттің термелерін өзгеше мақаммен жырлап, теріскей жаққа талмай таратумен келеді. Бұл жолы да жұртшылық қошеметіне бөленді. Сол сияқты, Дәстен Баймұқанов, Амангелді Рамазанов, Таңат Бейсенбаев сынды белгілі термешілер де сахна төріне көтеріліп, халық әндері мен термелерді нақышына келтіре орындап берді. Мектеп оқушылары Диас Серікбай, Гүлжан Сәдуақасова, Алтынбек Әнуарбек, Мәдинә Ғабдуллина, Ақмерей Әділбаева, Қайсар Кеңесов, Жандос Ахметов, Алмас Тұтқышев «Ой жайлау», «Бурылтай», «Ақсиса», «Еркем-ай», «Әйкен-ай», «Ақ ерке», «Қазақ осы», «Еңбек туралы» халық әндері мен термелерді әуелете шырқап, болашақтарынан үлкен үміт күттіретіндерін байқатты.
Дәмеш Сапарқызының айтуынша, алдағы Наурыз мерекесі қарсаңында үзіліңкіреп қалған халық әндері мен термешілер байқауы қайтадан жанданып, өнерсүйер қауыммен қауышатын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.