Қоғам • 28 Қаңтар, 2021

Ауылдың мұңы – малдың өрісі (Президенттің бос жатқан жайылымдық жерлерді қайтару жөніндегі тапсырмасы аса өзекті)

532 рет көрсетілді

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лы­ғымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткені белгілі. Президент аталған жиын­да жайылым мәселесіне де ерекше тоқ­талды.

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Қазақтың кең-байтақ даласында мал жаятын жер жоқ дегенге сенесіз бе? Әлбетте, бұл сөзге ешкім илана қоймас. Бірақ шынайы жағдай сіз бен біз ойлағаннан мүлдем басқаша. Қазақ­станда жайылымдық жер жетіспейді және бұл бүгінде мемлекеттің ең өзекті мәселесіне айналып отыр.

«Бұл жерлер, ең алдымен ауыл тұр­ғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылымдық жер бос жатыр», деген Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін игерілмей жатқан жайылымдарды қайтарып алуды тапсырды.

Жайылым жайын ел газеті «Egemen Qazaqstan» да жиі жазып, үнемі назарда ұстап келеді. Мәселен, 2020 жылы жайылым мәселесіне қатысты бірнеше сараптамалық мақала жарияланды. Басылымның 18 қыркүйектегі санында Жамбыл облысындағы жағдай мақалаға арқау болса («Жайылымдық жерге зәру», авторы – Хамит Есаман), 27 мамырдағы нөмірде Ақмола облы­сындағы ахуал кеңінен қамтылды («Жер көп, жайылым жоқ», авторы – Байқал Байәділ). Түркістан облысындағы түйіткілді мәселе де назардан тыс қалған жоқ («Жер өспейді...», 17 шілде, авторы – Ғалымжан Елшібай). Бас басылым жайылымға қатысты мәселені алдағы уақытта да қаузай бермек.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті жерді пайдалануды мониторингілеу басқармасының басшысы Айдос Абдрах­мановтың айтуынша, Қазақстанда айналымдағы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі 75,6 млн гектарға тең. Елді мекендерге тиесілі жерлердің көлемі – 20,8 млн гектар. Сондай-ақ жер қорында 71,9 млн гектар аумақ бар.

– Көлемі жағынан ең үлкен жайы­лымдық жерлер Ақтөбе, Қарағанды және Алматы облыстарына тиесілі. Дәл қазіргі уақытта Қазақстандағы жайылымдық жерлердің 29 млн гектары немесе жалпы жайылымның 38 пайызы пайдаланылып отыр. Жайылым мәселесі шынында даАлматы және Түркістан облыстарында өткір тұр, – деді Айдос Абдрахманов.

Белгілі болғандай, жайылымның көп бөлігі шаруа қожалықтарына тиесілі. Бұл ретте берілген жер екі жыл көлемінде игерілмесе, сот шешімімен мемлекетке қайтарылатынын атап өткен жөн. Был­тыр дәл осындай 2,6 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. 2019 жылы 1,1 млн гектар жер қайтарылып алынған болатын.

«Шопан Ата» Қазақстан қой өсіру­шілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, ауылда мал ұстайтын ағайынның бас ауруына айналған екі мәселе бар. Бірі – ауыл шаруашылығы саласын несие­лендіру, екіншісі – жайылым «жыры».

– Несиеге мал алайын десең, жер жоқ, ал жер алайын десең, мал жоқ. Яғни, мал басын көбейту үшін несие алайын деп тиісті мекемеге жүгінсеңіз, «жерің бар ма?» деп сұрайды. Ал әкімдікке жер сұрап барсаң, «малың бар ма?» деп бетіңе қарайды. Парадокс! – дейді Алмасбек Садырбаев.

Оның пікірінше, елдегі жайылым мәселесін шешетін бір ғана жол бар. Ол – саланы цифрландыру.

– Президенттің жыл соңына дейін игерілмей жатқан жерлерді қайтарып алу туралы бастамасын толық қолдаймыз және сарапшы ретінде өз тарапымыздан барынша көмектесуге әзірміз. Мәселені реттеу үшін жер үлестіру қызметін әкімдердің құзыретінен алу керек. Әкімнің шаруасы онсыз да шаш-етектен. Бұл бір. Екіншіден, жер беруді толықтай автоматтандыру, яғни цифрландыру қажет. Аға буын өкілдері жақсы біледі, бұрын БТИ деген болатын – техникалық түгендеу бюросы. Адамдардың бәрі осы бюроға кіріптар еді ғой. Кейін бұл қызметті адамдар Халыққа қызмет көрсету оралықтарында «бір терезе» қағидаты арқылы ала бас­тады. Сөйтіп, техникалық түгендеу бюросы келмеске кетті. Кейінгі буын оның не екенін де білмейді. Сол секілді жер үлестіру кезінде де әкімдіктің табалдырығын тоздырғанды тоқтату керек, – деді «Шопан Ата» Қазақстан қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы.

Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, мемлекет бұл бағыттағы алғашқы қадамды әлдеқашан жасап та қойған. Енді тек келесі қадамға өту ғана қалып отыр. 

– Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (aisgzk.kz) деген бар. Қазақстандағы жерге қатысты деректердің бәрі аталған ақпараттық жүйеде тұр. Сайт арқылы алақандай ғана ауылдың іргесіндегі қандай аумақтың бос я бос емес екенін, оның кімге тиесілі екенін білуге болады. Платформаға кіріп қарар болсаңыз, кез келген ауылдың аумағынан бос жер та­уып ала аласыз. Міне, жұрттың иелігіндегі жерлерге жармаспай-ақ, бос жатқан сол учаскелердің өзін шаруаларға үлестіріп берсе көп көмек. Қысқасы, мемлекет саланы цифрландыруды әлдеқашан бастады. Дайын платформа тұр. Ол әр апта сайын жаңартылып отырады. Ендігі міндет – соның негізінде жер беруді толықтай автоматтандыру. Бағдат Мусин басқарып отырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл жобаны екі-үш айдың көлемінде-ақ діттеген жеріне жеткізіп береріне сенімдімін. Процесс толық цифрландырылғанда, саладағы сыбайлас жемқорлық та жойылады, – деді қауымдастық төрағасы.

Сарапшының пікірінше, игерілмей жатқан аумақты кері қайтарып алуда космомониторингтің мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Онда да аты мен заты беймәлім жекеменшік кәсіпорындарға емес, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы секілді ірі ұйымдарға басымдық беру керек.

Бұл жерде әкімдерге қатысты мына бір дүниені айтпай кетпеске тағы болмайды. Жердің көп бөлігін иемденген, бірақ оны уақтылы игермей отырған ірі шаруа қожалықтарынан жерді қайта­рып алу әкімдерге үлкен қиындық туды­рады. Өйткені, әкімдердің өзі қожалық басшыларына кіріптар. Елді мекен­дегі ірілі-ұсақты жұмыстардың бәрі шаруа қожалықтарының тікелей қолдауы­мен жүзеге асырылатынын ескерсек, әкім­дердің өз қолын өзі кеспесі тағы анық.

Қалай десек те, жайылым «жыры» жай таптырар емес. Оған Президенттің де маңыз беріп отырғаны сондықтан. Өйткені, ауыл шаруашылығын дамы­ту­дың бірден-бір жолы – жайылымды игеру. Өз кезегінде бұл ет өнімінің артуына септігін тигізеді. Белгілі профессор Айбын Төрехановтың жазуынша, етті бағыттағы ірі қарасымен әйгілі Канадада ет өнімінің басым бөлігін жайы­лымда семірген мал еті құрайды екен. Әрине олардың мал тұқымы мен жайылымы басқа. Дегенмен, осы тәжірибені де ескергеніміз жөн болар.

 

Соңғы жаңалықтар

Жеңіске жеткізген «Жұмыр қылыш»

Руханият • Бүгін, 08:18

«Наурыз-философия» нақыштары

Руханият • Бүгін, 08:17

Рейтингте жоғарылады

Спорт • Бүгін, 08:15

Шешуші кезең басталады

Спорт • Бүгін, 08:14

Карантин құрсауы сөгіле бастады

Аймақтар • Бүгін, 08:10

Залал көлемі – 1 млрд теңге

Экология • Бүгін, 08:08

Ұланнан шыққан ұлағат иесі

Қоғам • Бүгін, 08:00

Қазақ вальсінің королі

Театр • Бүгін, 07:56

Көксерек-ғұмыр

Руханият • Бүгін, 07:54

Текті термеші

Руханият • Бүгін, 07:53

Бір мың түп тал егілді

Аймақтар • Бүгін, 07:44

Адамнан адамның айырмасы

Руханият • Бүгін, 07:43

Марс неге маңызды?

Әлем • Бүгін, 07:39

Бүркітшілер байқауы

Аймақтар • Бүгін, 07:12

Малыңа абай бол, ағайын!

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар