Сондай-ақ Gallup International қауымдастығы сұрақ-жауап жүргізген 47 елде респонденттердің 67 пайызы егер вакцина сапалы әрі тиімді болса, екпе егуге дайын екенін айтыпты. Ал 26 пайызы қарсы, 7 пайызы жауап бермеген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақсаты – осы дертті түбегейлі жою. Әлем бойынша 42 мемлекет коронавирусқа қарсы вакцинаны қабылдауға шешім қабылдап отыр. Ал ТМД мемлекеттері арасында әзірге Ресей мен Беларусь шешім қабылдады. Бұл шараға Қазақстан биыл ақпан айынан бастап қосылады. ДДҰ мәліметіне сүйенсек, осы уақытқа дейін дүние жүзі бойынша 95 млн 612 мың адам ауырған, оның ішінде 2 млн-нан астамы өлім-жітім жағдайымен аяқталған. Вакцина егудің ең басты мақсаты – өлім-жітім жағдайына жеткізбеу, аурудың алдын алу.
Екпе 18 жастан асқан адамдарға арналған. Заңға сәйкес, вакцинадан кез келген азаматтың бас тартуға құқығы бар. Екпе алдында дәрігер пациентті міндетті түрде тексереді. Қандай да бір ауру түрлері байқалса, сауыққанға дейін шегеріледі. Сондай-ақ әр адам вакцинаның құрамы мен өндірушісі туралы ақпаратпен танысуға құқылы. Қазір тұрғындарға екпе салудың электронды паспорты әзірленген. Деректер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде электронды форматта жүргізіледі. Осы арқылы екпе алған адам талап етілетін орынға ақпарат ұсына алады. Аймақтардағы ахуалды реттеу мен тұрақтандыру шаралары жалғасын табады.
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
«Жыл соңына дейін 6 млн адамға екпе салуды жоспарлап отырмыз. Вакцинаның сапалы болуын қамтамасыз ету ерекше бақылауда болады. Өндірушіден медициналық мекемеге дейін жеткізіп беруді бекітілген адамдар бақылауда ұстайды. Оның өзі 4 кезеңнен тұрады», деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Ведомство басшысы болжамдарымен де бөлісті. Айтуынша, наурыздың соңында індетті жұқтырушылар көп тіркелуі мүмкін. Мәселен, тәулігіне 3 мыңдай науқас тіркелсе, емханаларда 24 мың төсектік орын қажет болады.
Мұндай жағдайда қатаң карантиндік шараларды енгізу жоспарда жоқ. Ал вирус жұқтырғандар саны 6-дан 9-мыңға дейін жетсе, 45 мың төсектік орын қажет болады. Бұл жағдайда қатаң карантиндік шаралар енгізіледі. Бірақ 2 млн адамға екпе салу арқылы індет жұқтырушылар саны 40 мыңға азая ды деген үміт бар.
Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нуршай Юсунтайқызы біздің елімізде қандай вакциналар әзірленіп жатқанын жеткізді.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген коронавирус инфекциясына қарсы вакциналар арасында Қазақстан өндірісінің 5 үміткер вакцинасы бар. Біріншісі – клиникалық зерттеулер кезеңінде тұрған Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген инактивті вакцина. Қалған төртеуі – Огайо штатының университетімен (АҚШ) бірлесіп Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығының, БҚП ҒЗИ-дың әзірлеп жатқан және клиникаға дейінгі зерттеулер сатысындағы суббірлік вакцина», деді маман.
Айта кететін тағы бір жайт, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем «рухани апат» алдында тұр деп мәлімдеді. Бұған ковидке қарсы вакцинаның әлем елдері арасында тең бөлінбеуі себеп. Осы уақытқа дейін вакцинаның 39 млн дозасы 50-ге тарта ауқатты мемлекеттерге таратылса, кедей елдердің біріне екпенің тек 25 дозасы берілген. Бір қызығы, Жапонияда енді вакциналау министрі бар. Аталған қызметке әкімшілік реформалар министрі Таро Коно тағайындалған. Ол азаматтардың коронавирусқа қарсы екпе алуын қадағалайтын болады. Елде ауқымды науқан ақпанда басталады деп жоспарланып отыр.