Қазақстан • 28 Қаңтар, 2021

Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті

Онлайн форматтағы жиынға мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.
Ондағы мақсат ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманың новеллаларын таныстырып, кеңінен түсіндіру.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған еді. Онда «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңына бірқатар түзетулер енгізілген болатын.
Министр Аида Балаева осыған орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган ретінде мемлекеттік органдардың заң талаптарын орындауына мониторинг жүргізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты күшейгенін атап өтті.  

Жиын барысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі баяндама жасады. Болат Тлепов  негізгі бұл тақырыпта негізгі екі мәселеге назар аудару қажеттігін атап өтті.  Алғашқысы -  әрбір мемлекеттік органда ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша уәкілетті тұлғаны немесе бөлімшені айқындау болса, екіншісі  ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы жыл сайын Мемлекет басшысына есеп енгізу мәселесі.

Осы тұрғыда иинистрлікпен ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері үшін семинарлар ұйымдастырылатыны туралы айтылды.

Онлайн жиында мәслихаттар қызметінің ашықтығы мәселесі де қалыс қалмады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының сайттарына талдау жасады. Сараптау нәтижесі сайтпен жұмыс істеудегі кемшіліктердің аз емес екенін көрсетті.
Мәселен Атырау облысының мәслихатында жеке интернет-ресурсы жоқ болса, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының мәслихаттары сайтта ақпаратты уақытылы жаңартпайтыны белгілі болды. Сондай-ақ 9 мәслихатта онлайн-трансляция жазбалары орналастырылмаған.

Облыстардағы осындай кемшіліктерге қатысты ғаламтор ақпарат алудың негізгі көзіне айналғанын ескеріп, мемлекеттік органдардың сайттарындағы ақпаратты уақтылы жаңарту өте маңызды екені сөз болды.

Бұл  мәселеге қатысты Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Анар Байтукенова да үн қосты. Барлық деңгейдегі мәслихат отырыстарын міндетті онлайн-трансляциялауды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндаған ол 2022 жылдың қаңтарына қарай отырыстардың онлайн-трансляциясын барлық мәслихаттарда енгізілетінін атап өтті.

Айта кетейік, бұл жұмыс Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 142-тармағы шеңберінде жүргізілуде.

Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия мемлекеттік органдарға «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді іске асыруға, сондай-ақ мәслихаттар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар ұсынымдар әзірленді.