29 Қаңтар, 2021

Туризм арқылы өз еліңді тану

646 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстанның оңтүстігінде қыс – жылы, солтүстігінде – қатал, еліміздің қысы аязды болса да, қарлы және шуақты болатын аймақ бар. Соның бірі және бірегейі – Шығыс Қазақстан облысы.

Туризм арқылы өз еліңді тану

Өскемен – бұл әлемдік деңгейдегі өнім шығаратын қуатты кәсіпорындары бар ірі өнеркәсіп орталығы. Бірақ тіпті қала орталығында, оның жайлы көшелерінде және Ертіс пен Үлбі өзендерінің бойында сіз әрқашан серуендеп, бой жазып, көңіл көтере аласыз. Ертіс жағасындағы кішкене таулар қазірдің өзінде қала ішінде де көрінеді, олар әрі қарай Алтай мен Тарбағатай тауларының көркем етектеріне жалғасады. Бұл тауларды геологтар және саяхатшылар өз деңгейінде зерттеді, ал туристер 50 жылдан астам уақыт бойы осы аймақта серуендеді.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында бес тау шаңғы курорты бар. Жуырда «Қазақтуризм» ұлттық компаниясының шақыруымен бір топ журналистер Өскемен маңындағы «Алтай Альпілері» мен «Нұртауға» бару мүмкіндігіне ие болдық.

Демалыс күнінің шаңғы курорты

Горная Ульбинка ауылының жанында, облыс орталығынан 38 шақырым жерде «Алтай Альпілері» тау шаңғы курорты орналасқан. Бұл курортқа өте көрікті жол апарады, ол шағын ауылдардан өтеді, мұнда әсем тауларды көруге мүмкіндік бар, әрі мәңгі жасыл шыршалар өседі. Тау шаңғы курорты, мысалы, Алматы таулы курорттарымен салыстырғанда төмен биіктікте орналасқан, тау шаңғысы шағын жұмсақ таулы шоқыларда ұйымдастырылған. Бірақ оның өзіндік әсемдігі бар, әсіресе отбасылық демалысты қалайтындарға, балалар үшін ыңғайлы, тау баурайы жақсы жабдықталған, қарды басатын кәсіби құрылғылар бар беткейлер де бар. Курортта жасанды қар жасау жұмыстары жүргізілмейді, сондықтан курорт табиғи қардың мөлшеріне толығымен тәуелді. Бұл осы аймаққа жеткілікті және тау баурайы тау шаңғысы үшін жұмсақ, әрі ыңғайлы. Көтергіштер бірінен соң бірі сауатты орналасқан, жергілікті таудың ең биік шыңына дейінгі соңғы көтеріліске жету үшін бір ұзын жолмен жүріп отырасыз. Бір жол бойымен шаңғымен белсенді түрде түсе аласыз, ұзындығы - 2 км. Бұл тректер күрделі шаңғышыға жеткіліксіз болар, дегенмен жаңадан шаңғы тебуді үйренушілерге, отбасылық демалыста қалайтындарға нағыз ыңғайлы демалыс орны. Мұнда сіз айналаңыздағы әсем табиғатты көз салып, еш қиындықсыз еркін серуендеп, ләззат ала аласыз.

Дегенмен, жылы киіну артықшылық етпейді, Шығыс Қазақстанда жайма шуақ күннің көптігіне қарамастан, ауа райы суық және желді де келеді. Десек те, физикалық белсенділіктің арқасында жеңіл жел сізге сергектік сыйлайды, сондай-ақ демалушы беткейлерге жақын орналасқан қонақжай кафелерде бой жылыта алады.

Журналистерге арналған экскурсияны курорттың негізін қалаушы Александр ЧИЛИКИН өткізді:

– Мен курортты 2005 жылы сала бастадым. Бүгінде бізде бес аспалы жол бар, оның екеуі – кресельді, қалғандары – бугельді. Келесі жылы тағы екеуі қосылады. 15 км созылатын дайындалған тректер, фрирайд бар. Біз мың адамды жайлы орналастыра аламыз, бірақ екі мыңға жеткенде кезектер пайда болады. Демалыс күндері бізде туристер саны көп, алайда курортты жұмыс күндері толтыру міндеті тұр. Біздегі артықшылық – бұл өте қолайлы бағалар, қонақжайлық, үй жағдайында дайындалатын дәмді тағам. Өскемендіктерден басқа, бізге Нұр-Сұлтаннан, Қарағандыдан, Павлодардан, Семейден және Ресейден адамдар келеді. Ресейліктерге бізде демалыс қажеттінің барлығы бар - жатақхана, күніне үш мезгіл тамақ, шаңғы билеті, жабдықты жалға алу және нұсқаушымен бірге алғашқы дайындық.  Күндігі 3000 рубль тұрады, шетелдік қонақтар мұны әрдайым жағымды шок сезімінде қабылдайды.

Қонақ үй мен альпілік үйлер бір уақытта 150 адамды қабылдай алады. Екі кафе, әр түрлі SPA рәсімдері бар монша және жалға беру пункті бар. Демалыс күндері күн сайынғы шаңғы жолдамасы 6500, жұмыс күндері 3000 теңгені құрайды.

«Алтай Альпілері»: әр түрлі маршруттар, қол жетімді бағалар

«Алтай Альпілеріндегі» ең биік нүкте теңіз деңгейінен 1006 м биіктікте, биіктік айырмашылығы 350 м, курортта барлық қиын деңгейлердегі соқпақтар бар. Олар екі жақтағы тауларда да орналасқан, яғни шығысында да және батыс беткейде де. Могул трассасы FIS сертификатына ие, демек, спортшылар онда жаттығып, бақ сынай алады.

Бұқтырма шипажайы мен демалыс базасы бар Александр Чиликин аймақта пандемияға қарамастан осы жыл жергілікті туризм үшін өте сәтті болғанын жасырмайды: жолдамалар сатылымы екі есеге артқан.

Шале стиліндегі курорт

Біздің тағы бір атбасын бұрған жеріміз – «Нұртау» шаңғы курорты. Ол Өскеменнен 35 км қашықтықта Бобровка ауылының маңында орналасқан. Шипажай «БИПЭК АВТО» жергілікті автоөндіріс холдингі жұмысшыларының демалыс орталығы ретінде дамып келеді.

Кіре берісте қонақтарды курорттың бойтұмары - құндыздың костюмін киген аниматор қарсы алады және баурайға бармас бұрын өзімен бірге бой қыздыру жаттығуларын жасауға шақырады. Бір қарағанда, бұл ауқатты адамдар үшін демалыс орны сынды әсер қалдырады. Курорттың дамуына көп қаражат салынған. Көрікті коттедждер, қызмет көрсетуге тыңғылықты дайындықтан өткен қызметкерлер, жалға берілетін құралдар, жергілікті мейрамханалар, дәмді ас алға келушінің назарын өзіне бірден аударады. Мұнда нағыз француз багеттері де пісіріледі, осы үшін импортталған ұн мен ашытқы да әкеледі.

Мұнда тек екі көтергіш бар, олар - сүйретпелер, дегенмен сырғанау жолдары кең, әрі асқан күтіммен жасалған. Бұл жерде сіз жергілікті қарағайлардың хош иісімен тыныстап, Алтай тауларының панорамасын тамашалап, рахаттанып, шаңғымен сырғанап, демала аласыз. Өз басым осы тректерді Алматы тау курорттарының өткір спорттық тректерінен гөрі қатты ұнатамын. Мұнда емін-еркін серуендеп, сырғанақтың ләззатын айқын сезінуге болады.

Жолдардың ұзындығы шамамен төрт шақырымды құрайды. Бірақ жоғарғы жағында жылынуға және ыстық сусын ішуге болатын ыңғайлы панорамалық кафе бар. Дәл Еуропадағыдай! Драг-лифт пен шаңғысыз туристер бұл жерге көтеріле алмайтыны өкінішті. Сноубордпен де тректі жүріп өтуге болады, бір сөзбен айтқанда, сапарыңыз шытырман оқиғаға толы болады.

Шаңғы тебуге келетін болсақ, мұндағы ең биік нүкте - Седлуха тауы (604 м), сырғанау жолымен тік құлдырауы - 300 м. Екі трасса: қара трасса 2 км (тәжірибелі шаңғышылар үшін), көк трек 1,8 км, жұмсақ әрі жайлы, сонымен қатар жаттығу баурайы бар. Көк трек қар жамылғысымен жақсы өңделген, кең. Демалыс күндері жол жүру құны 8000 теңгені, жұмыс күндері 5500 теңгені құрайды. Курортқа кіру ақылы, демалыс күндері - автокөліктен 4000 теңге.

Жалпы, «Нұртау» - бұл спорттық және белсенді сырғанаудан гөрі отбасылық демалыстар, эстетикалық ләззат, жақсы компаниядағы мереке үшін таптырмас курорттық орын. Демалушы күніне 11 сағат жүре алады. Сонымен қатар, соқпақтар қараңғыда жақсы жарықтандырылған, жұлдыздардың астында сырғанаудың керемет тәжірибесін ұсынады!

Шығыс Қазақстанның дәмі

Журналистердің әрине, белсенді демалыстан соң қарындары ашқаны байқалды. Шығыс Қазақстан гастрономиялық жоспарда бізді таң қалдырды. Біз Өскеменде ұлттық қазақ тағамдарын қазіргі заманғы интерпретациясында дамытатын жергілікті кәсіпкер және ресторатор Мұхтар Тойбазаровтың бірқатар мекемелерін араладық. Мекемелердің әрқайсысы креативті, ерекше түрде безендірілген және өзіндік стилі мен келушісі бар.

– Мен Қазақстандағы туристерді италиялық пиццаға немесе хинкали үшін грузин мейрамханасына апаруды еш түсінбеймін! - деп Мұхтар ашуланды. - Біз Қазақстанда қазақ тағамдарын таңдануымыз керек! Әрбір гастрономиялық оқиғаға біз жергілікті өнімді кірістіруге тырысамыз. Мысалы, біз маралдан қуырдақты қазанда шұбаттағы талқаннан және қарағай жаңғағына себілген Алтай балынан дайындаймыз. Бесбармақпен қазақты қалай таң қалдыруға болады? Біз оны басқалар сияқты аспаймыз, солтүстіктегідей ыстамаймыз, батыстағыдай бекіреден жасамаймыз. Біз оны алты сағат бойы астына тау шөптерін қойып, қазанда ұстаймыз, ол иіске қаныққан соң, картоп, жабайы сарымсақ және жабайы пиязбен бірге ұсынамыз.

Мұхтар өзінің асханасын «Алтай дәмі» деп атайды және өзінің аспаздарына палау, лағман және манты пісіруге рұқсат бермейді – себебі бұл қазақ халқының тағамдары емес! Ол батыл түрде қазақтың өзіндік рецептерімен және өнімдерімен тәжірибе жасап, оларға заманауи екпін береді: мысалы, тұздық ретінде ұсынылатын құрттан жасалған мусс немесе жергілікті жидектермен толтырылған бал қаймақ десертінің өзі не тұрады!

Иә, Шығыс Қазақстандағы тағамдар біздің еліміздің барлық аймақтарындағы дәмдер сынды сан алуан. Дегенмен, мұнда тек Алтай еліне ғана танымал болатын ерекше өнімдер бар. Әрине, біз бай дәрілік шөптермен тұндырылған жергілікті маралдар пантасы мен бальзамдардың көптеген тұнбалары туралы айтып отырмыз. Сонымен қатар, ең хош иісті және бойға қуат бітіретін Алтай балдары туралы айта кеткен жөн, өйткені аралар оны ең пайдалы және хош иісті шөптер өсетін экологиялық таза тау шалғындарында жинайды. Өскеменде осы өнімдердің барлығы ең кең сұрыпталымда ұсынылған, оларды бірнеше үздік фирмалық дүкендерден табуға болады. Қуантарлық жайт, себебі өнімнің басым бөлігі - бұл жергілікті өндіріс, жоғары сапалы заманауи тартымды дизайнмен ұсынылады. Маған Алтай тауларының 26 емдік өсімдігінен, марал мүйізінен және ара шаруашылығы өнімдерінен құралған «Белуха», бальзамы қатты ұнады. Осы өнімдердің кез келгені туған-туыстарға немесе достарға Шығыс Қазақстаннан әкелінген сыйлық ретінде мінсіз келеді. Бірақ бал мен басқа да өнімдерді әуе көлігімен тасымалдауға шектеулер бар екенін есте ұстаған жөн, ал Өскемен әуежайында сізге өнімнің ресми дүкеннен сатып алынғанын растайтын сертификат қажет болады.

Журналистердің осы сапар барысында Шығыс Қазақстанның жазда ғана емес, қыста да көрікті болатынына сенімі нығайды. Туристік инфрақұрылымның дамып келе жатқандығына байланысты, қазір қыс айларында да қатты тоңудан сізді сақтайтын маршруттарды дайындауға мүмкіндіктер бар: жайлы орналастыру орындары, тамақ, тіпті шағын демалыс орталықтарында да дәмді ас татуға жоғары қызмет сапасы – осының бәрі қарастырылған. Біздің елдің тұрғындары үшін, әсіресе жақын маңдағы далалық аймақтар үшін Шығыс Қазақстанның Алтай таулары тау шаңғысы мен сноуборд тебуге, таза ауамен дем алуға, асқақ таулардың сұлулығымен рахаттануға және қол жетімді бағамен демалуға мүмкіндік беретін үздік демалыс орындардың бірі болып табылады. Бұл сізге жыл бойына жетерлік оптимизм мен жақсы көңіл-күй сыйлайды!

Андрей КУКУШКИН,

SCIJ Қазақстан клубының бас хатшысы

Алматы – Өскемен