Бәсеке біздер үшін өте сәтті басталған еді. Ойын тізгінін бірден қолға алған айдын иелері қатарынан екі шайбаны қақпаға тоғытып, қазақстандық жанкүйерлерді бір қуантып тастады. Атап айтсақ, 3-минутта Кирилл Панюков есеп ашса, 12-минутта Никита Михаилис нысананы дәл көздеді. Екінші кезеңде қос команда бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Ал үшінші кезеңде біздің жігіттер білгендерінен жаңылып, жиі қателікке ұрынды. Бұл мүмкіндікті қонақтар қалт жібермеді. Көзді ашып, жұмғанша олар екі гол соқты. 50 және 51 минуттарда Филип Ларсен мен Сакари Маннинен таразы басын теңестірді. Ал қосымша уақытта Александр Алексеев мергендік танытып, «Салават Юлаевқа» жеңіс сыйлады. Есеп – 2:3.
Қазіргі кезде қоржынында 60 ұпайы бар «Барыс» Шығыс конференциясының жарыс кестесінде алтыншы орынды иеленуде. Өзінің келесі кездесуін жерлестеріміз 1 ақпанда Екатеринбургтің «Автомобилисіне» қарсы өткізеді.