Суретте: «Егемен Қазақстан» газетінің шығармашылық ұжымы Елбасы қабылдауында. 3 сәуір 1991 жыл. Алматы.
Журналистика жолбарысы
Газеттің сипаты мен салмағы, мазмұны мен мәні тікелей басшысына байланысты. Осынау ордалы ойдың түп қайнары тым тереңде жатса керек. Қалам ұстаған қауымның арасында жазылмаған мынадай бір астарлы қағида жиі айтылады. «Егер жолбарыстарды қауқарсыз бұралқы маубасқа басқартса – бүкіл жолбарыстар итке айналып кетеді. Ал сол шәуілдектерді жалғыз жолбарысқа басқартсаң – әлгілердің бәрі шетінен жалы күжірейіп, азуын айға білеп шыға келер еді…». Әзіл қатпарының сыры сан қабат.
Иә, мықты басшы бар жерде – мықты ұжым бар. Бұл орайда шығармашылық қызметіне, басқару стиліне, журналистік әлеміне әбден қанық Шерхан Мұртаза есімін қалай айтсақ та лайықты. Шерағаңның шоқтығын үкілеп, әрдайым биіктетіп тұратын штрихтар мол. Соның бірі оның журналистер еңбегіне берген әділ бағасы кезінде жалпақ жұрттың аузында жүрді.
«– Мен аса жауапты да, мәртебелі журналистер еңбегін көтергені алтын, жегені тікен дала алыбы – түйеге теңер едім…».
Қазақ баспасөзі қара шаңырағының тізгінін ұстап, төріне көтерілген күні ( 10 қараша 1989 жыл) айтқан осы сөзін Мұртаза іле-шала өткен «СҚ»-ның 70 жылдығында, мерейлі мерекенің мінберінен бүгежектемей тағы да қайталаған. Сол сәтте дүйім зал селк ете қалған еді. Өйткені үкімет басшысынан бастап, өңкей дөкейлер мен ығай-сығайлар қатысқан қызыл империяның қатып-семген сценарийімен өткізілетін жиналысында тек мадақ сөздері мен көпірме қолдаулар ғана сапырылатын-ды. Жоғарыда меңзегендей газеттің байырғы тілшісі Тәжібай Битаев ресми салтанатты мәжілістің трибунасында тұрып, өзінің тарғыл даусымен табанда бір шумақ өлеңді суырып салғаны. Содан соң барып Министрлер Кеңесі Төрағасының қолынан «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» наградасын алғаны әлі есте. Бұл көрініс, әрине, біреуге ұнады, біреуге оғаш көрінгені анық. Біреу үрікті, біреу үрейленді…
Жолбарыс жортқан жер тыныш болушы ма, еді?
«Өз сөзім – Өз перзентім»
Журналист Қайнар Олжай Қазақстанның халық жазушысы, Мәжіліс депутаты Шерхан Мұртазамен «Хабардың» тікелей эфирінде сұхбат өткізіп отырды. Телекөрермендердің, жалпы көпшіліктің көңілін алаңдатып, жанын жеп жүрген толғақты мәселелер туралы ашық та ащы әңгіме өрбіді. Ел мен жер тағдыры, туған тіл мен көші-қон тәрізді өзекті тақырыптар төңірегінде қордалы ой-пікірлерін ортаға салған ұстазына Қайнар орайлы тұста тосын сауал қойды:
– Шераға, Сіз қалың жұрт өте жақсы білетін үлкен журналист-жазушысыз. Алайда «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде «Бір ауыз сөз», «Дат!» айдарларымен оймақтай шағын дүниелеріңіз жиі шығып тұрады. Сонда Сіз «Шерхан Мұртаза» деп қол қойғанға ыңғайсызданбайсыз ба?
– Өй, ол менің өз сөзім ғой. Демек, өз сөзім – өз перзентім. Сондықтан мен өз сөзімнен ешқашан жиіркенбеймін. Неге аты-жөнімді қоймаймын? Қоямын! Халықтың көкейіндегі ойларды жарты сөзбен жеткізу, әрине, оңай емес. Мірдің оғындай нысанаға дәл тиіп жатса де... «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» дегенді бабаларымыз бекер айтпаған. Ең бастысы , жазғаныңның нәрі, дәмі болсын!
Расында, әйгілі қаламгер Шерағаң газетте шығып бара жатқан үлкенді-кішілі туындысының версткасын бет қатталып жатқанда, қалайда уақыт тауып өзі оқып беретін. Бұл корректорға, яки кезекші редакторға сенбеушілік емес. Әр сөзін перзентіне, алтынға балаған қаламгердің бөлекше дара қасиеті болса керек.
...Айтпақшы, кезінде «Егеменнің» «ақмылтық журналисі» атанған Қайнар Олжай былтыр айтулы «Үркер» сыйлығының Шерхан Мұртаза атындағы номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
«Менің газетімде шаруаңыз болмасын»
Жаны жайсаң Тәжібай Битайдың қызметтес әріптестері атап кеткен екінші есімі бар. Ол – «Редактор». Бүкіл ғұмырын бір ғана ұжымда өткізген Тәкең «СҚ» кезінде де, «Егемен» кезінде де редакция жанынан шығып тұратын «Қызыл қалам» қабырға газетінің редакторы болды. Қоғамдық тапсырма ретінде өзіне жүктелген жұмысты ол зейнеткерлік демалысына шыққанға дейін аса ықыласпен атқарды. «Қызыл қаламның» әр санын мейлінше мазмұнды да көркем, жеңіл де ойнақы болуына назар аударатын Тәкең әрбір қызыл датаны құр жібермей, тіпті редакция қызметкерлерінің мерейтойларына да арнап газет шығаратын. Кезекті осындай бір «Қызыл қаламның» ұзын дәлізге ілінген көлдей нөмірін тамашалаған журналист әріптестері ырза-хош көңілмен Тәжібай редактордың еңбегін ерекше қадап айтады. Бұған оның мерейі әжептеуір марқайып қалады. Қанша дегенмен пенде емес пе?! Өстіп жиналған көпшіліктің ортасында мәз болып тұрған редактордың қасына әдетінше жымыңдай жақындаған бас редактордың бірінші орынбасары Сарбас Ақтаев:
– Тәке, мына газетіңізді бас мақаласынан бастап достық әзілдеріне дейін түгел оқып шықтым. Орташалау ма, қалай өзі? Біраз жайды қамти алмаған сияқтысыз, – дейді сын көзбен өз пікірін білдіріп.
– Сәке, мен бұл айтқаныңызбен келіспеймін, – деген ол шыр-пыр күйеді.
– Менің газетім «Қызыл қаламда» шаруаңыз болмасын. Ең алдымен, өз газетіңізді дұрыс шығарып алыңыз.
Титықтатқан Тито
Күнделікті жұмыс басталғаннан соң ҚазТАГ арқылы Мәскеуден жіберілген ТАСС-тың тілдей қағазы редакциядағы телетайпқа түседі. Онда кезекті шығып жатқан нөмірде міндетті түрде жарияланатын үлкенді-кішілі ресми материалдардың тізімі көрсетілген. «Литерлі» әйтпесе «эмбарго» таңбаларымен белгіленген бұл дүниелерді түннің бір уағына дейін күтесіз. Генсектің кездесулері мен қабылдаулары, саяси бюроның отырысы, Кремль қонақтарының не істеп, не қойғаны жөніндегі ірілі-ұсақты хабар-ошарларға газеттен алдын ала орын дайындап қойып, сарғайып тосасың.
Ымырт үйіріле ҚазТАГ-қа әлсін-әлсін телефон шалып, литерлі материалдарды түгендеп қашан келіп, қашан аударылатыны туралы білеміз. Қанша дегбірсізденгенмен Мәскеу асықпайды-ау. Үздік-создық шудай шұбатып, бірінен кейін бірін жіберіп жатады. Обалы нешік, әлекедей жалаңдаған ҚазТАГ аудармашылары еш кедергісіз қағып-ақ тастайды. Оның үстіне өз республикамызда болып жатқан елеулі жаңалықтар мен оқиғалар бар. Неге екенін қайдам?! Ол кезде аяқ алып жүргісіз газет қызметкерлері бірде-бір ресми материал әзірлемейтін. Бәрі ҚазТАГ-тың мойнында. Ал әлемнің тіршілік-тынысы хақындағы оймақтай хабардың өзін тек ТАСС беруі тиіс. Өз бетіңше қарекет жасауға хақың жоқ.
Мәскеуге қарап сағат түзеп, Мәскеуге қарап түшкіріп, Кремльдің қас-қабағына қарап бал ашатын газетшілердің өмірі тіптен қиын. Редактордан бастап, кезекшілері бар, корректорлары бар, жүргізушілері бар түгелге дерлік редакция қызметкерлері… Директордан бастап, терушілері бар, беттеушілері бар бүкіл баспахана жұмысшылары… Газет басатын цех пен экспедиция өзінше бір қауым ел… Бәрінің үміті мен тілегі – «СҚ»-ның кешікпеуі. Әйтеуір аман-есен түнгі 2-3-те көзіңді уқалап үйіңе жетсең болды. Бұдан артық қуаныш жоқ. Әйтпесе, екі күннің бірінде кезекшілер жұмыстан таң ата қайтып жүреді.
Сексенінші жылдардың басында газет тура 3-4 ай табандап кешігіп шығып отырды. Себебі Югославия коммунистік партиясының бас хатшысы Иосип Броз Тито төсек тартып ауырып жатқан. Сол уақыттың қатаң тәртібі бойынша оның денсаулығы мен көңіл күйі жайында бүкіл елді тәулік сайын міндетті түрде хабардар етіп тұру керек.
Міне, бүгін де газет қатты кешігіп, қол-аяғымыз жіпсіз байланып, ресми хабарды сарыла күтіп отырмыз. Броз Титоның денсаулығын құлағдар еткен небәрі екі-үш ауыз сөзден тұратын ТАСС-тың жалғыз сөйлемі әлі жоқ. «Мәскеу тып-тыныш. Күтіңдер! Біз де екі көзіміз төрт болып тосып отырмыз. Келіп қалар. Сәл шыдаңдар…» ҚазТАГ-тың ескертуі бұл.
Жүйкесі әбден таусылған техредактор Болат Жайсаңбаев:
– Титоны бізде кім іздеп жатыр дейсің осы. Бүгін күтпей-ақ, үңірейген мына бос орынды шпондап, аша салайық. Несіне қорқасыңдар. Белград пен Москваң «Социалистік Қазақстанды» оқымайды ғой, – деді бір кезде тұтығып.
Өз бетімізше батыл шешім жасай алмай қиналған біз де күмілжиміз:
– Сәл күтейік… Таяқ жеп қалмайық…
Әрі-сәрі күйде мүлгіп отырғанымызда ұйқылы-ояу бастығымыз Балғабек Қыдырбекұлы телефон соқты:
– Өй, Жанат-ау, неғып жатырсыңдар!? Таң атты емес пе? Сонда не күтіп отырсыңдар?
– Бәке, Броз Тито туралы ТАСС хабарын тосып отырмыз. Әлі келген жоқ. Мү-м-кін… бүгін бермей-ақ қойсақ қайтеді.
Редактордың ұйқысы шайдай ашылып, шошып кеткендей. Әншейінде батыл көрінетін Балғабек ағаның үнінде үрей:
– Не өліп қалмай, не тіріліп кетпей бұл Тито титықтатып бітірді ғой, – деді ол қынжылып. – Ақыры кешіктік. Мәскеуді тосыңдар. «Аш құлақтан тыныш құлақ». А-то, ертең «ЦК»-дан сөз естіп жүрерміз.
Титықтатқан Тито көп ұзамай көз жұмған. Сөйтіп, біразға болсын газет қайтадан графикке ілігіп, кешікпей шыға бастады.
Куәлік пен мандат
Газетте үзіліссіз қызмет істеген қырық жылдың («Ленжаста» тоғыз жыл, қалғаны сүйікті «Егеменде») бедерінде үш жүзге жуық журналистпен қатар жүріп қалам тербеу пешенемізге жазылыпты. Үлкен-кішісі бар, замандастарымыз бар дегендей, әрқайсысының шабысы да, жүрісі де бөлек-бөлек. Солардың арасындағы хас таланттар мен құлагерлерді жүрек сүзгісінен өткізіп, көңіл таразысына тартқанда екі қолыңның саусақтарын әрең толтырасың-ау. Сол санаулылар санатында журналист Нұри Мұфтах бар. Оның аты-жөнінің алдына ешқандай теңеуді, ешқандай анықтауышты жапсырудың қажеті жоқ. Онсыз да әйгілі. Үлкен ұяда бірге жұмыс істегенде көзім анық жеткен. Заң, құқық тақырыбын шекілдеуікше шағады. Екі тілде бірдей қалам сілтейді. Фельетоны қандай?! Демократия лебі ескен жылдары жер-жерден қалың оқырман қолқа салғаны әлі есте:
– Жоғары Кеңеске депутаттыққа біздің округтен түсіп көрмейсіз бе?
Журналист үшін бұдан артық құрмет бола ма?! Әр нәрсеге байыппен жанар жүгіртіп, зейінмен зерделейтін Нұри Муфтах:
– Көп ойландым. Бірақ журналистік куәлігімді депутаттық мандатқа айырбастамаймын, – деген-ді.
Қай жағдайда да қаламын найзадай көретін ол кейінгі Парламент сайлауы кезінде де көп ұсынысты қабылдамапты. Баяғы темірқазық мақсатынан айнымаған.
Журналистік куәлікке адалдық деп осыны айтса керек.
Кремль шешеді
Әдеттегідей Ұлы Жеңістің кезекті жылдығы қарсаңы болатын. Дөңгелек датаға жатпаса да Мәскеуден бастап бүкіл ел аумағында даңғаза алашапқын бір ай бұрын дабылдап қоя берді. Генсектен бастап Саяси Бюро мүшелеріне дейін кеуделеріндегі бос орындарды тағы бір орденмен, я болмаса, әйтеуір бір медальмен толтыруды ойлайтыны да белгілі. Жыл сайын қайталанып келе берген соң үйреншікті дағдыға айналып кеткенге ұқсайды. Үлкенді-кішілі мекемелер мен ұйымдарда да бұл салт өз тамырын тереңге жіберіп, ұжымда жұмыс істейтін соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету жан-жақты ойластырылады. Онсыз да қатары күн санап селдірей түскен майдангерлерді марапаттау мәселесіне селқос, жүрдім-бардым қарауға болмайтын. Болсын-болмасын белгілі бір майдангерлерді ғана елеп, өзгелерді көзге ілмеген дәстүрсымақтың болғаны да шындық.
Әр мекемеде партком бар, жергілікті кәсіподақ комитеті бар. Күнілгеріден бірлесіп түрлі шаралардың іс-жоспарларын жасап, соғысқа қатысқандарды орден-медальдармен марапаттауға ұсыныстар әзірлеп, ақшалай-заттай сыйлықтар тапсыру... тағы-тағы толып жатқан жағдаяттар қарастырылады. Мүмкіндігі мен ыңғайы келіп тұрған мезетті майдангерлер де мүлт жібермейді. Үйлерін кеңейтеді, балаларына бөлек пәтер алып берді. Немерелеріне мәшине мінгізеді. Қатып-семген кеңестік жүйенің тәртібі бойынша сол соғыс ардагерлерінің мұқтаждықтары әрдайым бірінші кезекте тұратыны баршаға аян. Орынды-орынсыз қолпаштаулар кейінгілерге, әсіресе жастарға қиын тигені шындық. Қиналып жүрсе де үндемейтін. Күңкілдеп-күңкілдеп қоятын ұзаса...
Осындай май шелпектің дәмін «Социалистік Қазақстанның» қарт жауынгерлері де молынан татты. Ордендер мен медальдарды бірінен соң бірін тақты. Одан қалса мерекелік медальдар мен сөлкебайларды, құрметті атақтарды иеленді. Керек десеңіз журналистік кәсіби шеберлікке берілетін сыйлықтар да сол соғыс ардагерлеріне үлестіріледі-ау. Әрине, ұжым болған соң, ең ақыры қалам қарымының сақалға қарамайтыны бар, белден басушылық әрекеттерге бас көтеру болмаса да іштегі күңкіл толқыны сезілмей қоймайтыны және белгілі. Бірде редакцияның о шеті мен бұ шетіне көзің жетпейтін ұзын дәлізінде айғай-шу шықты. Әр тұстан сықырлап, шиқылдап есіктер ашылды. Таныс дауыстар... Жуырда басылатын емес. – Ну, что же... Ең алдымен, мен құсап от оранып, қан кешіп көр. Соғыстың исі мұрнына бармайтын, Мырқымбай!.. Мен де местком болғам...
Бұрқылдаған ардагеріміз Бекділда Абдуллин аға ай-шайға қараған жоқ. Сартылдаған күйі редактордың кабинетіне кіріп кетті.
Басынан әсте сөз асырмайтын журналист-жазушы, кәсіподақ комитетінің төрағасы Кеңесхан Зәкенов те қатты ашуланған.
Қызуқанды ол алдын орап, кес-кестеген жігіттердің «қой-қойын» құлағына ілместен үнемі қолынан тастамайтын қызыл папкасын қолтығына қыстырған қалпы Сапар Байжановтың бөлмесіне – Абдулиннің артынан ұмтылды... Іле-шала редакторымыз редколлегия мүшелері мен бөлім меңгерушілерін өзіне жинады.
– Кә-ні-і, жігіттер, келіңдер, – деді жұмсақ үнмен Сапекең ежелгі биязы кейпін өзгертпей. – Ақылдасып алайық... Жеңіс мейрамы да кеп қапты.
– Әлі бір ай бар емес пе, – деді ойында ештеңе жоқ Бекболат Әдетов емен-жарқын қалпы.
– Иә, бір ай емес, тура қырық күн бар ғой.
Уахап Қыдырхановтың сөзін жанында отырған Хамидолла Рахматуллин таңырқай қоштай түсті:
– Несіне асығамыз, алдымен Май нөмірін шығарып алмаймыз ба?
– Дұрыс айтасыңдар. Әлі біраз уақыт бар. Кәне, Беке, өзіңіз не дейсіз?
Тізгінді қолына алған Сапекең блокнотына үйреншікті әдетімен шұқшия сүйкей жөнелді.
Редактордың көңілді жүзі даңғарадай кабинетті жадыратып жібергендей. Күлімдей орнынан көтерілді:
– Өздерің де жақсы білесіңдер. Жеңіс күні жақындап қалды. Соны ескертіп мына месткомға – Зәкенов жолдасқа барсам, тыңдағысы келмейді. Слушай, мен от кешкенмін, соғысқа қатысқанмын...
Әлі де ашуынан арыла алмай күйіп-пысып отырған Кеңесхан Бекеңнің сөзін жалғастырмай, үзіп жібереді:
– Беке, соғысқа қатысқан жалғыз сіз ғана емессіз ғой. Жөн-жосықсыз кеуде кере бермеңіз. Ал кәсіподақ төрағасы ретінде мен сіздерге мына жайды ашық айтқым келеді. Абдуллин жолдас маған келіп, «Мені Жеңіс күні құрметіне орден-медальға ұсыныңыз» дейді. Мен ұсына алмаймын дедім. Себебі: бұған дейін сіз орденді де, медальді да алғансыз. Екі-үш үй, екі-үш мәшине алғансыз ардагермін деп. Санаторийлерге жолдамалар, ең ақырғы кезексіз кілем де алғансыз. Сізде қазір бәрі де бар. Алмағаныңыз Совет Одағаның Батыры атағы ғана. Иә, оны мен шеше алмаймын. Мәскеу шешеді, тек Кремль шешеді дедім. Міне, жолдастар, даудың басы осы, айғай-шудың себебі осы...
Мән-жайға енді барып көз жеткізген редакторымыз да, біз де еріксіз жымыңдап күле бердік.
– Кремльден төмен түсіп, өзіміз шешетін мәселелер төңірегінде ақылдасайқ та, – деді жігіттердің бірі әзілдеп.
– Рас – и... Өстіп жөнін айтыңыздаршы, – деді сонда барып ашуы тараған Кеңесхан.
Өзінен аяймыз ба?..
Журналист Совет Шиманбай ұзақ жылдар «Егемен Қазақстанда» жауапты хатшының орынбасары қызметін атқарды. Секретариат жұмысы газеттегі ең ауыр, ең қарбалас буынға жататыны баршаға мәлім. Уақытпен, мезгілмен санаспайсың-ау. Таңертең ертелетіп келгеннен түннің бір уағына дейін редакция мен баспахана арасында тепең-тепең етіп жүргенің.
Қазіргідей компьютер, интернет атымен жоқ. Барлық материал түгелдей қорғасында теріледі. Фотолар мен штрих суреттер де қорғасында құйылады. Ал қорғасынмен жұмыс жасау – азаптың азабы. Денсаулығыңа әсер етіп, жүйкеңді жемей қоймайды. Екі көзі қып-қызыл боп шатынап Сәбең күніне төрт беттің орнына ондаған дана макет сызып мұрнынан шаншылып жүргені. Өйткені ресми материалдар Мәскеуден ҚазТАГ арқылы телетайппен көлдей-көлдей шұбатылып түсіп жатқаны. Қиыны сол, бәрін де бірін қалдырмай кезекті нөмірге салу керек. Амалсыздан макетті бұзасың.
Неге екенін қайдам, күн сайынғы газетте ЦК-ның Бас секретары Л.И.Брежневтің баяндамасы, я болмаса қабылдауларда сөйлеген сөздері қабат-қабат жарияланады. Ресми дүниелерге арнап тастаған бірінші-екінші беттерге сыймай соңғы бетке де жиі ауысып секретариаттағы жігіттердің әңкі-тәңкісін шығарады. Қалыпты жағдайдан айырылып қалған адамның ашуланшақ та, шатқаяқшыл келетіні және бар. Осындай бір макетті қайта-қайта сызудан әбден мезі болған Советке баспаханадан секретариаттың нөмір жүргізуші жігіті Ғалым Тыныбаев телефондайды:
– Сәке, Брежневтің баяндамасынан орын қалып қалды. Не істейміз? Запасыңызда дайын материал бар ма?
– Көп пе? Қайдан болсын...
– Онша көп орын емес секілді. Жүз жол, ұзаса жүз елу жолдың шамасы,– дейді Ғалым шырылдап.
– Жарайды, түсіндім. Баяндаманы соңына дейін ашып жіберіңіз. Брежневтің өз сөзін өз газетінен аяймыз ба?! – депті сонда Шиманбаев арқасынан ауыр жүк түскендей. – Тығындай салатын дайын материалды қайдан табам. Әншейінде ЦК-ның органымыз дегенде сұмдықсыңдар. Ал ЦК дегеніміз – Брежневтің өзі емес пе.
Күнкөріс
Бүкіл ғұмырын фотоаппарат арқалап өткізген Сайлау Пернебайұлы алпысқа қалай жетіп келгенін білмей қалған жалғыз жанның бірі ғана тәрізді көрінеді де тұрады маған. Қазақ фотосының, қазақ фотожурналистикасының сардары зейнет жасына жетісімен ың-шыңсыз еңбек демалысына шығып кеткен. Бір фотоэтюдінің өзі – ғажайып бір новелла. Бір портретінің өзі – талайлы бір тағдыр. Бір репортажының өзі – біртұтас ғұмыр... саналатын оның ең құрығанда мерейтойлық көрмесі де ұйымдастырылмады. Еш атағы жоқ фотосуреткер юбилейі атаусыз, елеусіз қалды. Ал өзі аппаратын мойнына іліп алып бірде-бір юбилейден қалған емес. Ең өкініштісі осы! Ғажабы, әсте мұқалуды, мұңаюды, тұнжырауды білмейтін ол әрдайым мынау бейдауа өмірге сергек әрі қанағатшыл пейілмен құштар.
–Тәуба, өміріме ризамын, – дейді қашан кездестірсең де ыржалақтап. – Фотоаппаратымның арқасында баладан патшаға дейін, қойшыдан академикке дейін суретке түсіріп, туған елімнің барлық түкпірін шарладым. Үлкен тірліктің қас-қағымдық бөлшектері іспетті мен фотоға тартқан негативтердің өзі жарты миллион данаға жетеді. Алтын қазына емес пе! Бірақ оны елейтін, қажетсінетін ешкім жоқ. Құзырлы мекемелер де, билік тізгінін ұстағандар да өте селқос. Сөйтіп, жәшікте сақталған бүкіл тарих құрып кетпек. Ал той-томалаққа, кездесулер мен кештерге шақырушылар қисапсыз. Әрине, ел тынысына қатысты айтулы оқиғалардан шеттеп жүргім келмейді...
Осындай юбилейдің бірі Тараз қаласының 2000 жылдығына сүйретіліп барған Сайлау Пернебаевты ежелгі таныстары сағына қарсы алады. Көңілі өскен ол сырқатын да бір сәтке ұмытып, әзіл-оспағының тиегін ағыта жүріп дархан тойдың думаны мен шаттығын объективіне іліндіруге құлшынады. Қалың нөпірдің арасынан ұшыраса кеткен атақты қаламгер Әбіш Кекілбаев Сайлауды құшақтап:
– Пернебаев құрдасым-ау, көп болды ғой өзіңді көрмегелі. Шал болайын дегенсің бе? Халің қалай? – дейді ықыласын төгіп.
– Пенсиядамын. Жұрт қатарлы. Шай-пұлдық қана зейнетақы алам. Тірілерден қайран жоқ. Өлілердің портреттерін сатып күн көріп жүрген жайым бар, – депті Сайлау қалжыңдап.
– Әй, осы сенің қыршаңқы тілің-ай!..
Ұзақ сақтаудың амалы
«Егеменді Қазақстан» газетінің суретшісі Жанұзақ Әбдіқұл кітап жинаумен әуестенеді. Айына екі-үш мәрте Алматыдағы бүкіл кітап дүкендерін сүзіп шықпаса көңілі жай таппайтын Жәкең туралы замандастары: «Біздің Жанұзақ кітаптың ішін емес, аттарын оқу үшін жинайды» деп әзілдейді. Сол Жанұзақ бірде редакцияға ренжіп келіпті:
– Кітап сөрелерінде өңкей бір өтпейтін кітаптар шаң басып, сіресіп тұр. Бәрін де шетінен әп-әдемі қатты мұқабамен, әрі жылтыратып шығаратынын қайтерсің.
Сонда тілінің уыты бар, жатыпатар редакция қызметкері, белгілі журналист Әбді-Әзиз Алдабергенов:
– Әй, Жәке-ай, соны да білмейсіз бе? Баспалар өтпейтін кітаптарын қоймада шіріп кетпей, ұзақ сақталуы үшін өзіңіз айтқандай қатырмалап, шүберекпен тыстап, пленкамен жылтыратып шығарады ғой, – депті.
Жанат Елшібек,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері