Бұл туралы Ranking.kz өзінің кезекті зерттеуінде жария етті. Жыл басында Қазақстанда 330,3 мың компания тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға көп. Солардың 99 мың компаниясын әйелдер басқарып отыр. Бұл көрсеткіш те былтырмен салыстырғанда 7 пайызға жоғары екен. Дегенмен басқарушы компаниялардағы әйелдер үлесі үшінші жыл қатарынан 30 пайыздан аспай отыр. Әйелдер үлесі ең көп тіркелген ұйым – орташа компаниялар. Аталған мекемедегі әйелдер саны 35,7 пайызға жеткен. Кішігірім компаниялардағы басқарушы әйелдер үлесі 30 пайыздан 29,9 пайызға қысқарған. Бұл ретте соңғы жылда ірі компаниялардағы әйелдер басшылық жасап отырған кәсіпорындар саны 18,8 пайыздан 18 пайызға азайыпты.
Гендерлік теңсіздік мөлшерін есептеумен айналысатын дүниежүзілік экономикалық форумның Global Gender Gap Report 2020 баяндамасында Қазақстанның рейтингтегі 153 елдің ішінде 72-орында екені айтылады. ЕАЭО елдері ішіндегі үздік көрсеткіш Беларусияға тиесілі – 29-орында. Ал Ресей 81, Қырғызстан 93, Армения 93-орын алған. Рейтингте көш бастап тұрған елдер – Исландия, Норвегия, Финляндия. Ер мен әйел арасындағы теңсіздік ушыққан елдер Сирия, Пәкістан, Ирак, Йемен рейтингті қорытындылайды.
Әлемдегі гендерлік теңсіздік индексі төрт негізгі көрсеткішке сүйене отырып шығарылады, олар – экономикалық қатысу, карьералық мүмкіндік, білім, денсаулық және саяси құқық. Қазақстан әйелдері экономикалық қатысу және карьера мүмкіндігі тұрғысынан 37-орын алған (153 елдің ішінде). Бұл орайда Беларусь 5, Ресей 32-орынға ие. Армения 78, Қырғызстан 88-орында.