«Цифрлық кеніш» – Қазақстандағы өнеркәсіпті цифрландыру бағытындағы жетекші жобалардың бірі. Оның маңыздылығы үкіметтік деңгейде бірнеше рет көтерілді.
Жобаны 2017 жылдан бастап республикадағы алтын өндіретін жетекші компаниялардың бірі «Алтыналмас АК» пилоттық режимде жүзеге асыруда. Жобаның міндеті – жаңа технологиялы кен орнын құру, ондағы өндірістік цикл мен барлық бизнес-процесті толық цифрландыру. Алайда, бұл механизмді іске қосу үшін, ең алдымен, тұрақты, талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз етілген желілік инфрақұрылым құру қажет болды. Өйткені диспетчерлік жүйе, өндірістік учаскелердегі интернеттің үйлесімді жұмысы үшін жоғары жылдамдықты Wi-Fi кеңістігі қажет. Сондықтан Huawei жобаның негізгі серіктестерінің біріне айналды.
«Huawei Technologies Kazakhstan-ның тарихы бай. Экономиканың түрлі саласында табысты жүзеге асырылған көптеген жобасы бар. Компанияның басты ұстанымы – клиенттің көңілінен шығу. Яғни, кез келген технология жаңалығы пен инновация нақты тұтынушының қолданысына еніп, сіңіп кетуі керек», – деді Huawei Technologies Kazakhstan клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі менеджері Михаил Чурсин.
Оның айтуынша, технология қолданушылар ішінде «Алтыналмас АК» АҚ көш бастап тұр.
Экономикалық әсері
2018-2019 жылдары жобадағы шаруаның бәрі IT инфрақұрылым құруға бағытталды. Болашақта кеніштің барлық жұмысы осыған қарап бой түзейді.
«Цифрлық кеніш» жобасының басты мақсаты – бірыңғай базалы және жүйелі IT ландшафт құру. Оның ішіне сапалы байланыс арналары, серверлік инфрақұрылым, ақпаттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бизнесті басқаруды дамытуға арналған техникалық қолдау кіреді.
Жоба жетекшісі, «Алтыналмас АК» АҚ IT және корпоративтік даму жөніндегі вице-президенті Жанар Аманжолованың айтуынша, қазір осы жоба аясында жаңғыртылған диспетчерлік орталықтары бар IT инфрақұрылымы сәтті құрылған.
Жалпы, «Цифрлық кенішке» көптеген шағын жоба кіреді. Huawei және басқа компаниялармен бірлесе отырып шахталарға Wi-Fi жүргізіп, Ақбақай және Ақтоғай (Пустынное) кен орындары жерүсті Wi-Fi-мен қамтамасыз етілді.
Қияқты темір жол станциясынан «Ақбақай» кенішіне дейін ұзындығы 125 шақырым болатын талшық-оптикалы байланыс желісі (ТОБЖ) салынды. 2019 жылдың сәуір айында «Ақбақай» жобасына жоғары жылдамдықты интернет ұсыныла басталды. Сондай-ақ, Ақбақай және Бескемпір шахталарында 107 жерасты Wi-Fi нүктесі орнатылды. Бұның бәрі толықтай Huawei жабдықтарымен жүзеге асырылды.
Мұнымен қатар, «Ақтоғай» жобасы үшін карьер, орталық қойма, кен қоймасы, диспетчерлік және басқа да өндірістік учаскелерді қамтитын, жылдамдығы-300 Мб/с тұрақты сигнал беретін 23 нүктесі бар жерүсті Wi-Fi салынған.
Диспетчерлік орталық түрлі өндірістік жабдықтардан, соның ішінде Huawei коммутаторларынан құрастырылды.
«Huawei компаниясының кәсіби командасы мен Alatau Innovations және Communication KZ сияқты серіктестердің жоғары білікті мамандарының тығыз өзара іс-қимылының арқасында ТКМК саласына озық және жаңа технологиялар сәтті енгізіліп, «Алтыналмас АК» АҚ қызметін жеңілдетті», деді Huawei Technologies Kazakhstan клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджері Михаил Чурсин.
Мысалы, жақында Huawei командасы Communications Kazakhstan-мен бірлесіп, Қазақстандағы алғашқы RTN905 радио-релелік жабдықты кәсіпорын қажеттіліктері үшін енгізуді сәтті аяқтап, бірегейлігін тағы да бір рет дәлелдеді. Радио-релелік жабдық – 500+500мбит/с форматында жұмыс істеуді қамтамасыз ететін 1гбит/с-ке есептеліп, тапсырыс берілген.
«Бұның арқасында шалғай жерлерде тұрақты байланыс арнасын құруға мүмкіндік туды. Бұл тек кәсіпорынды ғана емес, сонымен бірге жақын маңдағы елді мекендердің де байланыс аясын кеңейту және қамтамасыз етуге сеп болды», деді Михаил Чурсин.
«Цифрлық кеніш» жобасынан алынған алғашқы нәтижелердің бірі – шығындарды азайту. Осылайша, диірмендегі шар деңгейін өлшеген кездегі (ескерт. кенді ұсақтау үшін) регламенттелген тоқтап тұруларды қысқарту нәтижесінде, 2020 жылы Алтын шығаруды ұлғайтудан түсетін кіріс 424,7 мың доллар болды деп болжанған.
Idc Energy Insights болжамдары бойынша, 2020 жылы жабдық өндірушілер, инженерлік қызметтер және веб-сервистер мен API қолдауындағы IoT шешімдеріндегі IT-серіктестер арасындағы экожүйе ынтымақтастығының арқасында тау-кен компаниялары инвестициялардың өтелу уақытын 20%-ға қысқартты.
«Бұл 2020 жылы орындалды деп айта аламыз ба? Иә деуге де болатын шығар. Дегенмен әзірге жартылай ғана», дейді Жанар Аманжолова.
Оның айтуынша, әлемдік коронавирус пандемиясы бұл болжамға түзетулер енгізді. Дегенмен, алдын ала құрылған процестердің арқасында, қиындықтарға қарамастан, «Цифрлық кеніштің» жұмысы тіпті қатаң шектеулер кезінде де бір күнге де тоқтаған жоқ.
«Қазір таңда бұл технологиялар зор көмек көрсетті. Пандемия және карантин режимі кезінде біз учаскелерімізді қашықтан басқара алдық», деді жоба менеджері.
Карантин енгізілгеннен кейін кен орнына бару немесе қызметкерлерді шығару мүмкін болмады. Алайда, жедел іске қосылған жүйелердің арқасында жұмысты бас кеңседен басқарып, бақылай отырып, қашықтан жұмыс режиміне көшірілді. Ал қызметкерлер сол жерде отырып-ақ отбасынан хабар алып отырды. Жоғары сапалы интернеттің арқасында мәжбүрлі оқшаулау кезінде отбасымен онлайн хабарласып отыруға мүмкіндік мол болды. Сапалы интернет байланысы барлық жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті, оларды бақылау да үзілген жоқ. Сөйте тұра, компанияның барлық қызметкері қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Олар әлі де осы режимде жұмыс істеп жатыр.
Әлеуметтік әсері
Жобадағы негізгі қиындықтың бірі – нысанның халық аз қоныстанған ауданда орналасқаны болды. Жоба басталғанға дейін жергілікті тұрғындар мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мүлдем байланыссыз болды.
«Ақбақай» және «Ақтоғайдағы» инфрақұрылым аясында компания жақын маңдағы елді мекендер үшін де интернет арналарын таратты. Осылайша, жергілікті тұрғындар да айтарлықтай әлеуметтік қолдауға ие болды.
Карантин кезінде интернетпен қамтамасыз ету мәселесі ерекше маңызды болды. Интернетпен қарапайым азаматтар ғана емес, сонымен қатар әкімдіктер, медициналық пункттер, балалар мекемелері және т.б. нысандар да қамтамасыз етілді.
Бұның арқасында пандемия кезінде білім беру мекемелеріне бара алмайтын жастар мен мектеп оқушыларына қашықтан білім алуға мүмкіндік берілді. Байланыс операторлары желі жүргізуге құлшынбағандықтан, мұның барлығын компания өз есебінен жасады.
«Бұл жобаны жүзеге асырудың оң әсерін біз биыл өндірістік учаскелердегі операциялық қызметті пандемия режимінде қашықтан басқарған кезде көрдік. Сондай-ақ, жүргізілген инфрақұрылымдардың арқасында жақын маңдағы елді мекендерге әлеуметтік көмек пен қолдау көрсете алдық», деп сөзін түйіндеді Жанар Аманжолова.
Болашаққа жоспар
Маманның айтуынша, іске асырылған барлық шаруалар, ең алдымен, адамның қол еңбегін жеңілдетуге, күнделікті күйбең операцияларды алмастыруға бағытталған. Бұнымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және жергілікті жерлерде еңбек жағдайын қорғауды да қамтамасыз етеді. Мысалы, «Ақбақай» және «Ақтоғай» кеніштерінде смартфон/планшеттің көмегімен еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және т.б. салалардағы ереже бұзушылықтарды тіркеуге және қадағалауға мүмкіндік беретін нұсқау модулі іске қосылды.
Болашақта компанияның стратегиясы деректерді талдау және олардың негізінде шешімдер қабылдау бойынша жұмысты қамтымақ.
«Біз өз жүйелерімізден алатын деректердің көмегімен бизнестің бізге қоятын сұрақтарына жауап беруді, проблемалардың салдарымен емес, себептерімен күресуді, сондай-ақ болашақта шетін жағдайларды болжауды үйренгіміз келеді», деп түсіндірді Аманжолова ханым.
Неғұрлым сенімді және сапалы деректер алынса, өндіріс жұмысы да соғұрлым тиімді болмақ.
Сонымен қатар, болжам бойынша, 2022 жылға қарай тау-кен кәсіпорындарының 30%-ы 5G, LTE, спутниктік және тіркелген желілер арқылы үйлестірілген стратегияларын әзірлейді және инвестициялайды деген жоспар бар. Бұл тұрғыда Huawei компаниясының рөлі де даусыз болмақ. Сондай-ақ, осы уақыт ішінде ірі тау-кен өндіруші компаниялардың 60%-ы цифрлық өндірістік инновациялық орталықтарға ие болады деп болжануда. Бұл болжамдардың барлығы да «Алтыналмас» жобаларының стратегиясында көрсетілген. Бұл – шығындарды 20%-ға қысқартып, кен өндіру компанияларының барлық саласындағы барлау, өндіру, тасымалдау, ұсақтау, қайта өңдеу, қалдықтарды басқару және түпкілікті өнім шығару сияқты операциялық жұмыстардағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр.
«Бұл болжамдардың қаншалықты шынайы екенін тексеру үшін барлық жұмысты жақсы инфрақұрылымға бағыттау қажет. Бұл – байланыс арналары, ақпараттық қауіпсіздік, сенімді серверлік және желілік инфрақұрылым», деп түсіндірді «Алтыналмас» вице-президенті.
Айта кетейік, «Алтыналмас» компаниясы жүргізген зерттеу нәтижесінде, әлемде көптеген компаниялар R&D-ға (ғылыми-зерттеу қызметі) инвестиция салатыны анықталды. Әлемдегі 2500 ірі компанияның 51-і Industrial Metals&Mining секторына кіреді. Сөйте тұра, R&D шығындары бойынша тізімдегі алғашқы 20 компания ҚХР-дікі. Олардың шығындардың ең жоғары көрсеткіші кірістің 5%-ын құрайды. Қалған компаниялар бойынша орташа мән 1% болады. «Алтыналмаста» R&D шығындары 2018 жылғы 1,21%-дан 2020 жылы 3,07%-ға дейін өсті. Алдағы уақытта осы көрсеткішті арттыру тренді жалғаспақ.
Анықтама
Huawei компаниясы – инфокоммуникациялық және инфрақұрылымдық технологиялардың, сондай-ақ ақылды құрылғылардың әлемдік маңдайалды жеткізушісі. Жұмысының негізгі бағыты – телекоммуникация желілері, ақпараттық технологиялар, ақылды құрылғылар және цифрлық қызметтер. Huawei цифрлық технологияларды бизнес үшін де, түпкілікті тұтынушылар үшін де ыңғайлы етуге тырысады. Осылайша ақылды, тамаша байланыс әлемін құруды жақындатады. Huawei кешенді портфолиосының өнімдері, технологиялары мен қызметтері жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті. Экожүйе серіктестерімен ашық жұмыс жасай отырып, Huawei клиенттерінің мүмкіндіктерін кеңейту арқылы коммерциялық әлеуетін арттырады. Huawei инвестицияның едәуір бөлігін әлемдік прогреске ықпал ететін іргелі зерттеулер жүргізуге жұмсайды. Компанияда әлемнің 170-тен астам елінен 188 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Huawei – 1987 жылы құрылған жеке компания. Ол толықтай қызметкерлердің меншігінде.
«АК Алтыналмас» акционерлік қоғамы – геологиялық, тау-кен өндірісі және алтын өңдеу циклін толық қамтитын компания. Құрамында алтыны бар кенді өндіру ісі компанияға тиесілі Қазақстанның 5 кен орнында жүргізіледі. Атап айтқанда Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Акмола облысында. Пайдалы қазбалар «Ақбақай», «Долинное» алтын өндіру фабрикаларында, «Пустынное» байыту фабрикасында және «Алтыналмас Technology» бағалы металдар алу зауытында қайта өңделеді. Компания штатында 2000-нан астам жоғары білікті қызметкер жұмыс істейді. Өндірістік процеске 120-дан астам техника жұмылдырылды. 2017 жылы компанияда бизнес-процестерді автоматтандыру және цифрландыру бойынша «Цифрлық кеніш» бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама операциялық тиімділікті арттыруға, өндірістік шығындарды төмендетуге, жаңа ақпараттық технологиялар мен құралдарды қолдана отырып, озық практикалар мен инновациялық тәсілдерді пайдалану арқылы қызметтің нәтижелілігін жақсартуға бағытталған. «Цифрлық кеніш» цифрлық технологиялар мен 4.0 индустрия элементтерін енгізуді қамтиды және тау-кен металлургия саласымен қатар бүкіл мемлекет ауқымында да маңызды.