Аймақтар • 01 Ақпан, 2021

Алматыда індетке қарсы вакциналау басталды

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында елдің көңілін күпті қылған COVID-19-ға қарсы ерікті вакциналау басталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыда індетке қарсы вакциналау басталды

Алдымен ерікті вакциналаудан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев пен қалалық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин, сонымен қатар мәслихат депутаты, №5 Қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Б.Садықов өтті. Аты аталған лауазым иелеріне екпе №5 қалалық клиникалық аурухананың базасында жасалды.

Осылайша, 1 ақпаннан бастап Алматыға кешке қарай жеткізілген «Спутник V» вакцинасы пайдаланылады және препарат вакцинация жүргізетін емханаларға бөлінді.

Оқиғаға орайлас, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров: «Вакцинация – бұл пандемиямен күрестегі шешуші қадам. Бүгін мен оның маңыздылығын, қауіпсіздігін көрсету үшін вакцинаны қабылдадым. Жақында өзіміздің отандық вакцина егуге дайын болады. Біз ғалымдарға сенеміз. Сондықтан мен қала тұрғындарына – барлығына осы қадамды жасауға кеңес беремін. Вакциналау жүріп жатқан кезде біз маска тағуды, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды жалғастыруымыз және вируспен күресудің басқа шараларын қолдануға тиіспіз», деді ол.

Вакциналауды жүргізу үшін екпе салатын пункттердің дайындығы тексерілді. Профилактикалық егулер жүргізудің стандартты жұмыс тәртібі бекітіліп, барлығы 40 БМСК анықталды. Иммундау үшін Алматы ҚДБ-дан 144 медициналық маман оқудан өтіп жатыр.

Әрбір емханада иммундау жүргізетін салқындату жабдықтары бар жеке вакциналау кабинеттері бар. Кабинеттерде дәрігер, мейірбике-вакцинатор және мейірбике-тіркеуші сияқты мамандар жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар вакцина алғандардың 30 минут дәрігерлердің бақылауында болуы үшін жеке бөлмелер де қарастырылған.

Ерікті вакциналауға профилактикалық екпеге қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар жіберіледі. Вакциналау алдында дәрігер міндетті түрде тексеруден өткізеді.

«Спутник V» вакцинасының алғашқы 2050 дозасы Алматыға кеше Нұр-Сұлтаннан рейспен жергілікті уақыт бойынша 20:30-да жеткізілді.