Аймақтар • 01 Ақпан, 2021

Ақтөбеде мұнай компанияларының еңбек дауы шешілді

502 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Темір ауданының Бәшенкөл кенішінде мұнай шығаратын «АМК мұнай» компаниясының 80 мұнайшысы төрт күндік ереуілді тоқтатып, қайтадан жұмысқа шықты деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтөбеде мұнай компанияларының еңбек дауы шешілді

Бұл еңбек дауына байланысты облыстық әкімдікте құрылған үшжақты комиссияның қорытындысы нәтижесінде белгілі болды. Қаңтардың 24-нен бері Мұғалжар ауданының Көкжиде кенішінде мұнай өндіретін «КМК мұнай» АҚ-ныңеңбеккерлері жалақыны  көтеру, әлеуметтік пакеттерді реттеу талабымен жұмысқа шығудан бас тартқан болатын. Оларға  28 қаңтар күні  Темір ауданының Бәшенкөл кенішіндегі «АМК мұнай» компаниясында вахталық әдіспен жұмыс істейтін  80 мұнайшы қосылды. Ереуілдің бірінші күні «АМК Мұнай» басшылығы  мұнайшылардың жалақысын 7 пайызға көбейтуді ұсынғанымен, олар  бұл жауапқа келіспей 100 пайызға жоғарылату туралы талап қойды.

Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаевтың хабарлауынша,«АМК мұнайда» 125 адам жұмыс істесе, ондағы орташа жалақы 77 мың теңге деп көрсетілген. Үшжақты комиссия нәтижесінде мұнай компаниясымен арада жаңа еңбек шартының жасалатыны белгілі болды.   

«АМК Мұнай» компаниясы әр жұмысшының жалақысына ақпан айынан бастап 40 000 теңгеден қосуға келісті. Компания Наурыз мерекесі кезінде жұмысшыларына 50 пайыз сыйақы беретін болды. Мамыр айынан бастап «АМК Мұнай» компаниясының қызметкерлерімен жаңа еңбек келісімшарты жасалады. Жаңа келісімшарт жасаған кезде облыстың мұнай саласындағы орташа жалақыны ескеріледі», дейді Саламат Аманбаев.

«АМК Мұнай» компаниясы «ADA Oil» компаниясының субмердігері. Бақылаушы пакет акциялары   Оңтүстік Кореяның мемлекеттік ұлттық (Korea National Oil Corporation, KNOC) корпорациясына тиесілі «ADA Oil» компаниясы елімізде қазақ-кәріс бірлескен кәсіпорны ретінде тіркелген.

Облыстық кәсіподақ орталығының басшысы Алтынбек Әмірғалиев жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы еңбек дауының өршуіне ұжымда бастауыш кәсіподақ ұйымының жоқтығы да себеп болды дейді. Осы кезге дейін  вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер жалақының аздығы, жатақхананың талапқа сай еместігі мен асханада берілетін астың сапасыздығына байланысты  басшылыққа бірнеше рет ескертсе де, олардың талаптары назардан тыс қалған. Қазір 125 мұнайшы жұмыс істейтін «АМК Мұнай» компаниясында бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, еңбеккерлермен ұжымдық шарт қайтадан жасалатын болды.