Парламент • 01 Ақпан, 2021

Мәжілісте азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау бойынша заң жобасы талқыланды

118 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы бейнебайланыс арқылы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Мәжілісте азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау бойынша заң жобасы талқыланды

Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Б.Кесебаева Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында әлеуметтік қамсыздандыру саясатын қайта ретке келтіру міндетін алға қойғанын атап өтті.

– Мемлекеттің басымдығы неғұрлым осал азаматтарды қолдау болуға тиіс. Бұл ретте, мемлекеттік көмектің атаулы болуын және оны алу кезінде тиісті талаптарды күшейту қажет. Осы мәселелердің барлығын Үкімет әзірлеп жатқан Әлеуметтік кодекс аясында шешу керек, – деді Балаим Кесебаева.

Аталған заң жобасына ұсынылған түзетулер туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов баяндады.

Заң жобасы БҰҰ мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясының заңнамадағы кемсітушілік терминдерді жою жөніндегі нормаларын имплементациялау; мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру; мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруды ынталандыру және олардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау; табысы аз отбасыларды кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер мен инватакси алуға құжаттар ресімдеу (2023 жылдан бастап) мақсатында әзірленді.

Министрдің айтуынша, құжат «еңбек ардагері» санатын кеңейтуді және еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің кепілді деңгейін белгілеуді көздейді.

Осы заң жобасына енгізілген жаңалықтарды атап айтар болсақ, біріншіден, мүгедектіктің себебіне қарамастан I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы енгізу. Осы жәрдемақымен 24 мыңға жуық адам қамтылатын болады.

Екіншіден, 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу ұсынылады және оларға жәрдемақылардың мөлшері ұлғаю жағына қарай қайта қаралып, ол 31 мыңнан астам адамды қамтиды.

«Бұл норма Ресей Федерациясының заңнамасы бойынша мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын Байқоңырда тұратын мүгедектігі бар балаларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшеріне, ал Қазақстан заңнамасы бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшеріне де оң әсер етеді», деп атап өтті министр Серік Шәпкенов.

Үшіншіден, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік беріп, 2 мыңға жуық мүгедектігі бар балаға қатысты болады.

Төртіншіден, Халықаралық тәжірибені ескере отырып (Жапония, Германия, Франция) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындаудың баламасы ретінде 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер үшін өтемақы жарналарын енгізу ұсынылады.

«Жинақталған қаражат жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге: арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға; мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін қажетті дағдыларға оқытуды ұйымдастыруға; әлеуетті жұмыс берушілерде мүгедек адамдардың ақы төленетін тағылымдамаларын ұйымдастыруға бағытталатын болады», деп түсіндірді жауапты мемлекеттік органның басшысы.

Бесіншіден, еңбек жарақатынан немесе кәсіптік аурудан мүгедек болған адамдардың алдында жұмыс беруші өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда оларға мемлекет есебінен техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету түрінде әлеуметтік қолдау көрсету ұсынылады.

Алтыншыдан, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың кәмелеттік жасқа толғаннан кейін және бала I және II топтағы мүгедек мәртебесіне көшкеннен кейін де мемлекеттік қордан тұрғын үй алғанға дейін есепте тұру құқығы сақталатын болады. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына кезектілікті сақтауға мүмкіндік береді.

Жетіншіден, еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасының кепілдік берілген деңгейін (республикалық бюджеттен 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша осындай ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде) белгілеу.

Сегізіншіден, мүгедектігі бар баланы күту кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту, бұрын мүгедектігі бар баланы күту кезеңі 16 жасқа дейін ескерілді. Бұл норма мүгедектігі бар балалардың жас топтарының өзгеруіне байланысты енгізіледі. Ол жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайындауға оң әсерін тигізеді.

«Жалпы, Заң жобасында баяндалған нормалар мүгедектерді әлеуметтік қолдау, атаулы әлеуметтік көмек және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін қоса алғанда, мемлекет тарапынан базалық әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін көрсетеді. Заң жобасын қабылдау бюджет қаражатын қосымша бөлуді қажет етпейді, шығын нормалары 2021 – 2023 жылдарға 55,4 млрд теңге көлемінде бөлінген қаражат шеңберінде іске асырылатын болады», деп түйіндеді Серік Шәпкенов.

Отырыс барысында депутаттар мен қоғам өкілдері жауапты министрлік басшыларына сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобына Мәжілістің Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің мүшесі, депутат Жанат Омарбекова жетекшілік ететін болады.