Қоғам • 02 Ақпан, 2021

Үнсіз үңгір

2188 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Апырым-ай, жан баласы аяқ баспайтын жердің астына қайдан ғана түстім десеңші. Төбеден төнген тас мың жылдан бері міз бақпай тұрып, міне-міне опырылып түссе, біткен жеріміз сол. Үстімізден басып қалмай-ақ қойсын, кірген жолымызға кесе-көлденең сау етіп құласа, мынау таудың табанынан итпен іздеп таппайды бізді.

Үнсіз үңгір

Санаға сақ ете қалған сумақы ойдан ұйқы шайдай ашылып, жұдырықтай жүрек ауызға тығылды. «Әу, бісміллә» деп орнымнан тұрып, терезенің пердесін түрдім. Таң сыз беріп келеді. Әнеугүннен бері дайындалып жүрген сапарға бүгін шығамыз. Қайда дейсіз ғой. Тоқсаныншы жылдары техникасының гүрсілі күрт тоқтап, тұрғындары үдере көшкен Ақтау кентіне. Кенттің өзіне де емес, отыз жылдан бері қаңырап қалған шахтаның е-е-ең төменгі горизонтына түсіп көруге нар тәуекел дегенбіз.

Кеңес өкіметі ыдырап, колхоз-сов­хоздар тарай бастаған уақытта Ақтау мен Асубұлақтың кеншілері де қайла-күректерін сүйеп қойған. Кен байы­ту фабрикасының жұмысы тоқтай сала, жарқырап тұрған қос қаланың жа­­рығы бір-ақ күнде сөнді. Күндері ке­ніш­ке қарап отырған елдің көбі жұ­мыс іздеп, жан-жаққа шашылды. Шах­талар қараусыз, қадағалаусыз қал­ды. Бәзбіреулер қолдары жеткен түс­ті металдан бастап, қара темірге дейін тасып әкетіпті.

Қаңтардың басы ма екен, белді бекем буып, иесіз қалған шахталарға сапарлап жүретін өскемендік спелеолог – Николай Николаевич Петровқа телефон шалғанмын. Біздің жақта одан басқа спелеологиялық туризммен айналысатындар әй жоқ-ау деймін.  

 Дайындықтың бүге-шігесін сұрап, Николай Николаевичке жиі хабарласып тұрдым. Ең қажеті – су өткізбейтін «Л1» дейтұғын костюм мен жарығы ұзаққа шыдайтын шам деген. Екеуін де таптым. Шамды касканың маңдайына мықтап бекіттік. Бір күн бұрын жол бастаушыға тағы қоңырау шалып, дайындықты пысықтап алдық.

– Шахтада қандай шытырман оқи­ға күтіп тұрғанын білмеймін, майшам­ды ұмытпа. Жылы киін, бүлініп кет­пей­тін­дей ас-суыңды да қамдап қой, – деп­ бұйыра сөйледі.

Айтқанын екі етпей орындадым. Қағазға керек-жарақтың тізімін жазып қойып, алған заттарымды сызып тас­тап отырдым. Содан кейін жолдорбаға рет-ретімен салдым. Қосымша фонарь,­ фо­тоаппарат сияқты электронды дү­ниелерді су өтпейтіндей пакетке сүңгітіп жібердім. Николаевичтің «кеудеден су кешіп, жерасты су құламасынан өтеміз» дегені есте. 

...Таңғы асты апыл-ғұпыл ішіп, уағ­даласқан жерге тарттым. Кешігіп ке­шірім сұрасқанша, ерте жетіп, күтіп тұрған жөн. Уақтылы жиналдық төр­теуіміз де. «Командиріміз» Николай Петров пен Дмитрий Худяков көліктің ал­дыңғы орнына жайғасты. Таукезбе фотограф – Евгений Домашев екеуміз артқы орындамыз. Жол – Өскеменнен ұза­са, 80-90 шақырым. Алдындағы екеуі шах­таның қай ауызынан түсуді ақыл­дасып келеді. Айтуларынша, бес үңгір­дің ешқайсысына көбік қарда көлік жете алмайтын көрінеді. Жаяу-жалпылайтын сияқтымыз. Қар түнімен қапалақтаған.  

      

Үңірейген үй

Біз межелеп жүрген кенішке ең алғаш 1934 жылдары геологиялық зерттеу жүргізіле бастаған. Ал 1941 жылдары шын­дап кіріскен геологтар он жылдан кейін сирек кездесетін металл – тан­тал мен қалайының өзегін тапқан. Жер астындағы мұндай байлықты бай­қаған басшылық 1950-1953 жылдары Бай­мырзаның (тау атауы) етегінде асыр-гү­сір құрылысқа кіріскен. Айналдырған үш жылдың ішінде кен байыту фабрика­сы бой көтеріп, жұмысшы мамандар тар­тылған. Сөйтіп, 1955 жылы Асубұлақ пен Ақтау ауылы қала типтес кент болып шы­ға келеді. Кейін орталықтандырылған газ құбырына дейін жүргізіліпті.

Қары күреле қоймаған серпантин жолмен таудың биігіне шыққанда, әр-әр үйдің мұржасынан шыққан тү­тін тіршіліктен хабар бергендей еді. Бі­луімше, мұнда қазір 56 аула ғана бар. Терезелері үңірей­ген қабат-қа­бат үй­лер­дің қаңқасы ғана қалған. Ке­ше­гі­дей улап-шулап жүгірген бала да жоқ. Ақ­таудың (ресми атауы Белая гора) мек­тебінде қоңырау үні соңғы рет 2015 жы­­лы соғылды-ау деймін. Кеңес өкіметі ке­­зінде өмірі қазандай қайнаған кенттің бү­­гінгі көрінісі тым жұпыны.

758

Бір уақытта ағындатып келе жатқан джип­тің бауырына қар кептеліп, орнында тұрды да қалды. Әрі-бері ырғалып, жол­ға шыққанымен, бұдан әрі жүруі мұң еді.

– Келген жеріміз осы, шахтаның ауы­­зына дейін жаяу барамыз, – деді Нико­лаевич анау қырдың басында шоша­йып тұрған қызыл кірпішті ғимаратты иегімен нұсқап. Ол осы кеніштегі жер асты жолдарын, қуыс-қуысын бес сауса­ғын­дай білмесе де, біраз жеріне аяғы жеткен.

– Ал енді, тыңдаңдар! Қалай деген­мен қауіпті жерге кетіп барамыз. Бі­рінші мен жүремін, менен кейін сен жү­­ресің, – деп қолыма зілдей жолдор­баны ұстатты. – Мерейден соң, Ев­гений, сен. Соңынан Дмитрий жүріп оты­­рады. Аяқтың ас­тына ғана емес, тө­беге де қараңдар. Екі метрдей ара қа­шық­тық сақтауды ұмыт­паңдар, – деп жер астындағы қоз­ғалыстың ережесін ег­­жей-тегжейлі тү­сіндірді.

Кеншілерше киініп, асай-мүсейімізді ар­қалап, шеткері көшемен бас жаққа қа­рай беттегенімізде, қора-қопсысын ай­налшықтап жүрген ауылдықтар сыр­тымыздан қызықтай қарап тұрған. Ал­дымыздан тәлтіректеп шыққан алпыс­тар шамасындағы ер адам ғана әңгімеге тарт­­қысы келді. Бәлкім, бізді кенішті қай­та іске қосқалы жүрген ғалымдар деп ойлады ма, кім білсін, жасқана есен­десті де:

– Тексеріп жүрсіздер ме? – деді үміт­ті көзбен жаутаңдай қарап. Енді қайт­сін?! Екі қолға күрек таппаса да ту­ған ауылынан кіндік үзгісі келмей отыр­ған шығар. «Болашағы жоқ» деп кар­тадан сызып тастайтындай ауыл емес, тамылжыған табиғат аясы. Тау бет­кейлеріне шаңғы жолын салып қойса, тү­тін тұнған қаланың тұрғындары осы жақ­қа шығып кетер ме еді?! Мынау  фаб­рикалардың қиранды қабырғалары, иесіз қалған үйлер, сонау заманнан бел­гі болып тұрғандай темір-терсек турис­терді де қызықтырар еді. Жойқын жа­ры­лыс болған Украинаның Припять қала­сын айтамын, туристік аймаққа ай­налып бара жатқан жоқ па?! Бүгінде әлем­нің төрт бұрышынан Чернобыль апа­тының орнын көруге ұмтылатын турис­тер көп. Радиациясы әлі күнге тар­қай қоймағанның өзінде арнайы ма­мандардың жетекшілігімен туристік сапарлар ұйымдастырылып тұрады. Сол секіл­ді индустриялық туризмді біздің өңір­де де қолға алуға болады. 

 

Қабырғадан шыққан дауыс

Түнімен түскен қарды омбылап, ауылдың желке тұсындағы қызыл кір­пішті ғимаратқа ілініп, ентігімізді бас­тық. Кеніштің бірінші горизонтына тү­сетін жер де осының ішкі жағы екен. Тігі­нен орналасқан темір баспалдақ. Ни­колаевич бірінші түсті де «келесі» деп ай­ғай салды. Аяғымды нығыздай басып түстім. Арғы жағы қап-қара түнек. Көзге түрткісіз қараңғы. Маңдайдағы шамды жағып, жан-жағыма көз салдым.

– Тышқан, жарқанат деген бәлелер жоқ па? – дедім дауыстай.

– Тірі жан жоқ мұнда, – деді жол бастау­­шымыз.

Қаздай тізіліп ылдиға қарай аяңда­дық. Аяқтың асты жып-жылтыр мұз. Бар­­ған сайын жол тарылып, мұзды қабат қалыңдай берді. Қалыңдаған сайын­ бүкшең қағып келеміз. Жүз метрдей жү­релеп жүрдік. Одан әрі ісініп, кей тұс­тары жарылып кеткен мұз бетімен ба­уырлай жорғаладық. Жорғаладық де­ген аты. Мықшыңдадық. Маңдайға түсіп кеткен касканы жөндеуге мұрша жоқ. Бауырлаған күйі төменге сырғанап барамыз. Бұл жерде мұз жұқалау ма, астынан жылт-жылт етіп бұлақ ағып жатыр. Жү­рісімізді одан әрі жал­ғас­тырдық. Аяқ асты сытыр-сытыр етеді. Төбеге қаз-қатар қағылған темір­лерге оюлана қы­рау қатыпты. Қабырға­ларға да біз­ге бел­гісіз таңбалар басылыпты. Шах­таның ауызынан алыстаған сайын­ бағанағыдай емес, жылы ауа сезіле бас­­тады. Тізеден су кештік. Барған са­йын тереңдей берді. Ас­тында не жат­қанын құдай білсін, бе­тінде қалқып рельс­тің шпалдары жүр. Бір-екі жерде ілулі тұрған қоларба көр­дік. Кезіндегі кеншілердікі болса керек. Оңға, солға дәліз көп. Жол білмесең, ада­сып кетуің оп-оңай. Өзеннен өтіп, алып техникалар тұрған бір үңгірге кір­дік. Тоқсаныншы жылы тоқтағаннан қоз­ғалмаған-ау. Тот басыпты. Тегі кенді осы тұстан жер бетіне шығарған болуы ке­рек деп топ­шы­ладым.

– Қазір осы тұрған жердің тура астына барамыз, тізе бүгіп, демалып алыңдар, – деді Николаевич.    

Ет үйреніп кетті ме, әлгіндегідей қор­қыныш жоқ. Жер бетіндегідей адым­дай басамыз. Бірақ арқаны кеңге са­луға болмайды. Қауіп аяқ астында. Үң­гіп қазылған жерлерді алақанмен сипап қоямын. Тантал тауып алам ба деген пендеуи ой ғой. Естуімше, 99 па­йыз танталдың келісі 3 500 доллардың ма­ңайында екен. Қымбат болатын себебі, оны зергерлік бұйымдар жасауда пайдаланады. Қалайы да қымбат металл.

Жуықта геология-минерология ғы­лым­дарының докторы Борис Дьячковпен әңгімелескенімізде, Асубұлақ пен Ақ­таудағы кен орны тиімсіз болған соң жа­былды деген. Ал тоқсаныншы жыл­дарға дейін өнім өз-өзін ақтамаса да мемлекеттің күшімен кен орны, тау-кен байыту фабрикалары істеп тұрған. 

1

– 1994 жылдары бірнеше кен орны өз жұмыстарын тоқтатты. Кен орны жа­былды деп кесіп айта алмаймыз. Пай­далы қазба төменгі горизонттарда аз мөлшерде болуы да мүмкін. Қазір жеке­леген жер қойнауын пайдаланушылар Асу­бұлақтың маңайында жұмыс істеп жүр­ген көрінеді. Егер тағы да бағалы метал­дардың өзегі табылса, кеніштің жұ­мысы жандануы да мүмкін шығар, – деген еді Д.Серікбаев атындағы техни­калық университеттің профессоры Борис­ Александрович. 

Айқыш-ұйқыш темір-терсекке толы бөл­меге ендік. Бөлме емес, үңгір ішіндегі үңгір. Қайдан келіп, қайдан тұрғанымыз түсі­ніксіз. Қаншама лабиринтты артқа тас­тадық. Төменге қарай түсетін тік бас­палдақтың басы шығып тұр. Жанын­да ойылып түскендей лифтінің орны. Қабырғалары бетоннан құйылған. Тө­меннен судың гүрілі естіледі. Дмитрий темір­дің қиқымын алып төменге тастап жіберіп еді, не заманда күмп етті.

758

– Қазір тік сатымен төменге түсе­міз. Аяқты нығыздап қойып алмай, қол­ды жібермеңдер. Баспалдақтың кей­бір темір­лері жоқ. Өзі де қаусап тұр, бай­қаң­дар, – деп Николаевич ереже­ні тағы бір еске салды да, төменгі горизонт­қа жол бастады.

Біз де ілестік. Түсіп келеміз, баспал­дақ бітер емес. Судың гүрілі жақындай бер­ді. Жақындаған сайын бойды қор­қыныш сезімі биледі. Не төменде, не жо­ғарыдан жарық байқалмайды. Жаным­дағылар жер жұтқандай жоқ болып кетті. Әупірімдеп, төменгі горизонтқа да жеттім. Жол бастаушымыз жарығын сөн­діріп қойып, аккумуляторын үнем­деп отыр екен. Менен соң Евений Домашев пен Артем Худяков түсті. Тік баспал­дақ­тың жанында қабатты үйдің жадағай бас­палдағымен түсіп-шығу ойын екен ғой.

– Тсссс, біреулердің дауысы сендер­ге де естіле ме? – деді Николай сұқ сауса­ғын шошайтып.

– Иә, – дестік бір сәтте.

Маған ғана естіліп тұрған шығар деп мән бермеген едім, бәрі естіді. Төр­теуіміз де әңгімені тыя қойып, құлақ түр­дік. Қабырғаның арғы жағында екі-үш ер адам сөйлесіп отырған сияқты. Судың гүрі­лімен жағаласа шыққан сөздері ұғы­нықсыздау...

– Ұрыста тұрыс жоқ. Кеттік төмен­гісіне, – деп Николай баспалдаққа қарай жа­қындады.

– Жүк қылмай сөмкелерді осы жерге тас­тап кетсек қайтеді? – дедім.

– Қазір 50-60 метрдей жер астында­мыз. Төменгі горизонт енді 45 метр. Жердің бетінен 100 метрдей төменге түсіп барамыз. Ол дегенің 16-17 қабат үйге пара-пар. Айтайын дегенім, ең төмен­гі горизонтқа түсіп-шығатын жал­ғыз жол – осы. Сөмкелеріңді тастамаңдар, – деп тағы да ережені еске салды. 

«Шешінген судан тайынбас». Бітіп бер­мейтін баспалдақтарға қайта аяқ бас­тық. Төменге бір көз тастап едім, маң­­дайдағы шамға шағылысып, түп жақ­тан көл жылт етті. Беті буланып жатыр. Біз жеткен ең төменгі горизонт – осы. Су толып кетіпті. Бұдан соң тағы бір дәліз бар екен. Жер астын үңгіп жол салу – адамның шеберлігі ме, құдіреті ме?! Несі болса да ғажап-ақ! Мұнда көп аялдаған жоқпыз. Демалысымыз ауырлап бара жат­қан соң кері қайттық. Асып алған сөм­ке жоғары көтерілгенде көп-көрім жүк. Иықтан басады. Дмитрийдің «спелеология – спорт» дегені де рас екен. Бағанағы дауыс шыққан горизонтқа шыққан соң, Николаевич жолды кері бағытқа бастады.

– Осы горизонттың бас жағы да шах­та­ның ауызы. Егер мұз алып қалмаса, екі ша­қырымнан соң шығамыз, – деп қуант­ты.

Көңіл жайланып сала бергені сол, алдымызда ғана құлаған үйінді тастарды көріп, жинақтала қалдық. Шыға беріске жақындаған сайын салқындай бастады. Әр-әр тұстан сойдиып шығып тұрған сүңгі мұздар кездесті. Кристалл сияқты. Жан-жағынан жата қалып, суретке түсір­дік. Ондай әдемілікті көргенде қауіптің барын бір сәт естен шығарып алар едің.

Үңгірдің шыға берісіне жақындаған сайын жел ысқырып соқты. Бет қарат­пайды. Николаевичтің айтқанындай, үңгір­дің ауызын мұз жауып барады екен. Таңертеңгідей бауырлап, өтіп кету­ге болатын сияқты. Бірақ орта жол­да кеп­теліп қалсаң не болды? Кері қайта­тын бол­сақ, таң атады.

758

– Арамызда қарындылар жоқ. Өтіп көрейік, – деп әзілдеген «командиріміз» әдет­тегідей өзі бастады, біз ілестік. «Тәуе­­кел түбі – жел қайық...» Арқадағы жол­дор­­баны жетекке алғандай, сүйретіп отыр­дық. Жон арқамыз тырналып келеді. Кас­камызбен төбені тақыр-тұқыр сүзіп келеміз. Бас көтеріп, алдымызға қарауға да ыңғайсыз. Аяқ асты мұз ісініп кетпесе игі. Сөйтіп, келе жатқанда шамның бір сымы үзіліп кетті ме, маңдайдағы жарық жалп етіп, өшті де қалды. Қап-қараңғы. Тоқ­тағам жоқ. Сүйретіліп, бауырлай бер­дім. Әне-міне дегенде тас дәліздің бас жағынан көгеріп, Ақтаудың аспаны көрін­ді. Мың да бір шүкір дедім. Аман-есен шыққанымызға тәубә! Таудың анау ба­сынан кіріп, бүйірін тесіп шығу – оңай емес еді. 

Көксайдың күншығыс жағындағы қираған ауылға қайта беттедік. Жүзден астам тұрғыны болса да, Қазақстанның бір пұшпағына ие болып отырған аза­мат­тар. Солардың еңсесін тіктесе шір­кін. Қараусыз қалған шахталарды кәде­ге жаратудың амалы қарастырылса аб­­зал болар еді. Жергілікті тұрғындар нә­па­қа табатындай жағдай жасалып, тау­лы өлкенің табиғатына сай тірлікті жан­дан­дыруға да болар еді. Иен жатқан тау беткейлеріне шаңғы базасын салып тас­­таса, бос қалған қаланы аралауға бағыт­­талған индустриялық туризмді дамытса, мүмкіндік жоқ емес, бар. Ниет керек. Кейбір ел жоқ жерден кәсіп ашып, қар­жы көзін тапқан. Біз ше, барымызды пайдалана келе алмай жатқан жоқпыз ба?!

Сонау замандағы жұмыстан қайтқан кеншілердей ауылдың көшесімен тарп-тарп басып, кері басып келеміз. Аянышты күйде қалған ауылға шынайы жанымыз ашып келеді. Қыбыр еткен тіршілігі жоқ үнсіз үңгір артымызда қала берді...

557786

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы